«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Монша ашамын деп басы бәлеге қалды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғани Жүсіпбеков отбасымен “Еңбек” бағдарламасы бойынша 2016 жы­лы оңтүстіктен Мамлют ауданына қоныс аударған. Алғашында Бек­сейіт ауылына тұрақтап, “Мәмбетов және К” коммандиттік серік­тес­тігінде жұмыс істейді. Төрт жылдан кейін аудан орталығына көшіп ба­рып, үйінің жанынан монша ашып, нәпақасын айырып отыр. Айтуынша, Бексейіт ауылында да осындай кәсіппен айналыспақшы болыпты.

– Бастапқыда “Мәмбетов және К” серіктестігіне жұмысшы болып кіріп, сонда салынған жаңа үйлердің бірін­де тұрдым. Жалғыз адамның жалақы­сына қарап отырмайық, үйге аздаған табыс болсын деп ауылдағы істемей тұрған моншаны сатып алып, іші-сыр­тын жөндеп, іске қостым. Бұл іс­керлігім бастығыма ұнамай қалған сияқты. Ол жұмыстан шығып, үйді бо­са­туды талап етті. Әйелімнің айы-күні жақындап қалғанына да қарамады. Амалсыздан аудан орталығына көшіп кеттім, әкімдіктен үй сұрадым. Монша ашуға қолайлы жер болса деген өті­нішімді де жасырмадым. Осылайша Жеңіс көшесінің бойындағы үйге қо­лым жетті, – дейді Ғани Алғабекұлы.

Еңбекқор жігіт аудан орталығына келгеннен кейін қарызданып жүріп, монша тұрғызыпты. Құрылыстың ір­ге­тасын қалар алдында жергілікті әкімдік арқылы грант алмақ болған. Алайда әкімдіктегілер құрылыс са­лын­бай құжат қабылдай алмайтын­ды­ғын айтқан. Ереже бойынша тым болмағанда моншаның қаңқасы тұруы керек екен. Осылайша еңбек­қор жігіт 2020 жылдың қарашасында нысан құрылысын бітіріп, тіпті ашылу рәсімін де жасапты. Кейін мемлекет­тік грант беретін мекемеге құжат тап­сырып, қолына 2 миллион 300 мың тең­ге тиген. Айтуынша, бұл қаражат­ты түгелдей моншаға қажетті жабдық­тар сатып алуға жұмсаған. Бірақ кә­сіпкердің қуанышы ұзаққа созылма­ды. Аяқастынан комиссия мүшелері келіп, жоқ жерден шу шығарыпты.

– Олардың маған тағатын бар айы­бы – гранттың 100 мың теңгесін жо­лақыға жұмсаппын. Моншаны салуға 4 млн. теңге кетті. Соңында қаладан қажетті заттарды әкелетін кезде қал­тамда бір тиын да қалмады. Сол се­бепті затты жеткізіп берген көлікке тө­ледім. Ол ешқандай құжат бере ал­мады. Әйтеуір, ақшаны басқа мақсат­қа жұмсамағаным анық. Тағы бір ай­татындары – екі жұмысшы алмаппын. Оның да нақты себебі бар, дәл сол кез­де пандемия басталып кетті де, мон­шаға келушілер азайып, жұмыс жүр­мей қалды. Мұндай жағдайда екі жұмысшыға қалай ақша төлеймін. Ка­рантин кезінде жеңілдіктер болмай­тын ба еді? Енді алған ақшаны толық­т­ай қайтарасың деп қысым көрсету­де. Грант қаржысына алған креслоны үйге кіргізіп қойыпсың дейді. Олай іс­тегенім – моншаға келген кісілер да­лада жаурап қалмасын, үйде жылы жер­де отырсын дедім. Болмаған соң мен келесі жолы барлық заттарды өз орнына қоятынымды ескертіп, түсінік­теме жаздым, оны ешкім ескерген жоқ. Ақшаны қайтар деп мені сотқа берді, – дейді жеке кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, осыған дейін үш мәрте онлайн сот отырысы өтіпті. Үшеуі де орыс тілінде болған. Жә­бірленушінің сот отырысы мемле­кет­тік тілде өтуін, орысша түсінбейтінін айтқан уәжі ескерілмепті.

– Сот талап еткен қаражатты қай­таратын жағдайым жоқ. Қазір монша­ға түсушілер де көп емес. Күніне 2-3 адам келеді, кейде ол да жоқ. Мон­шаға үйдікінен бөлек есептегіш құрал қойғызды. Мәселен, үйде тұтынған судың бір текше метріне 150 теңге төлесем, монша үшін оның бағасы 1080 теңге. Айына 10 мың теңге суға кетеді. Екі ұл, бір қызым бар. Зайы­бым бір жарым жасар қызымды бағып үйде отыр.

Соттың қазақша өтпеуі менің құқы­ғымды бұзу деп білемін. Өздері тіл білмесе, аудармашы алдыртсын. Ол да жоқ. Сондықтан төртінші рет бола­тын сот отырысы мемлекеттік тілде өтпесе, қатыспаймын деп заңды та­лап қойдым, – дейді Ғани Алғабек­ұлы.

Моншадан түсетін табыс аз болға­нына қарамастан, кәсіпкер әлеумет­тік жағынан осал топтағыларды қол­дауды ешқашан ұмытқан емес. Мәсе­лен, көпбалалы аналар, мүгедектер мен зейнет жасындағыларға елу пайыздық жеңілдік жасаған.

Кәсіпкер моншаның жұмысы жүр­ме­се тауық асырауға көшпек. Қазір ау­ласының бір шетінен құсқа арналған қора салып қойған. Жергілікті жұмыс­пен қамту орталығынан қаржылай кө­мек сұраған екен, олар өтінішін қа­на­ғаттандырмаған көрінеді. Жұмыстың ебін білетін іскер жігіт басқа да биз­нес-идеялары бар екенін айтады. Тек қолдау жетіспейді.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp