«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАР АЗ БОЛҒАНЫМЕН, ҚАУІП ЖОҒАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Tıkelei bailanys” айдарының қонағы – облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов тұрғындардың сауалдарына жауап беретінін газетіміздің өткен сандарында хабарлаған болатынбыз. “Soltüstık Qazaqstan” газетінің электронды поштасына және “WHATSAPP” желісіне көктемгі су тасқынының алдын алуға қатысты түскен сұрақтар мен оларға берілген жауаптарды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Нұрлан АЛИМАНОВ,

Петропавл қаласының тұрғы­ны:

– Жыл сайын су тасқынының машақатын көріп жүрген солтүс­тікқазақстандықтардың көктем бас­талғалы көңілдері тағы алаң. Олар­ды жылдағыдай елді мекен­дерді қарғын су шайып кете ме де­ген сұрақ мазалайды. Өңірде тас­қынға қарсы дайындық шаралары қалай жүргізілуде?

– Барлық инженерлік-қорғау іс-шаралары кешенді түрде қолға алынған. Су алуы ықтимал 85 елді мекен тізімі жасалды. Бұл аумақтарда 6068 адам тұрады, үйлердің саны – 1872. Нақ­тылайтын болсақ, өзен суының дең­гейінің көтерілуінен – 30, көлдердің тасуынан – 13, еріген қар суынан 42 ауыл зардап шегуі мүмкін.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов көктемгі су тасқынына әзірлік бары­сы, ықтимал залалдарды барынша азайту жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті. Оның аясында су тасқыны қатерінің алдын алу жұ­мыс­тары нақтыланып, жедел орындауға ерекше назар аударылды. Азаматтық қорғаныс, басқару органдарының күштері мен құралдарының әзірлігі “Көктем-2022” штабтық оқу-жаттығуы барысында тексеріліп, қосымша шаралар белгіленді.

Бүгінге дейін елді мекендер аума­ғынан шамамен 576,4 мың текше метр қар шығарылып, 598 су өткізу құ­рылғылары тазартылды. Сонымен қа­тар жарияланған айлық шеңберінде жұртшылықты су тасқынынан бола­тын қауіп-қатерлерден сақтандыру, толық ақпараттандыру шаралары тұрақты түрде жүргізілді. 20 мыңнан астам адамды қамтитын 258 рейд ұйымдастырылып, тұрғындарға жа­ды­намалар таратылды.

Су тасқыны жағдайын бақылау, бас­қару органдарының іс-қимылын үй­лестіру мақсатымен арнайы құрыл­ған облыстық штаб жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.

Ақылбай ДҮЙСЕН,

Мамлютка ауданының тұрғыны:

– Өрт бола қалса суы таусылып қалатын, боран соқса сынып қала­тын арнайы техникалар тасқынға дайын ба? Қажет болған жағдайда қосымша күштер жұмылдырыла ма?

– Қажет болған жағдайда су тас­қыны қаупін еңсеруге жергілікті ат­қа­рушы органдардан қосымша 475 адам мен 134 техника тартылады. Олардың әзірлігі талапқа сай. Бұдан бөлек, 5 жол талғамайтын көлік, 5 жү­зу құралы, 85 мотопомпа бар. Су тас­қыны қаупі жоғары учаскелерде жер­гілікті атқарушы органдардың 1446 тех­никасы, соның ішінде 392 су сор­ғыш, 109 жүзу құралы дайын тұр. 1520 адам да көмекке келуге әзір.

Бауыржан ЕЛСТАНОВ,

Петро­павл қаласының тұрғы­ны:

– Өңіріміздің бірқатар елді ме­кен­дерінде жолдарды жылда су шайып кетеді. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы Заречный кенті мен Былғары зауыты шағынау­да­нын, олармен іргелес саяжайлар­ды да үнемі су басады. Биыл осы ай­тылған аумақтарда жылдағы жағ­дай қайталануы мүмкін бе?

– Соңғы жылдары өңірде су тасқы­нына қарсы кешенді іс-шаралар жү­зеге асырылды. Соның ішінде 7 ки­лометрден астам қорғаныс бөгеті салынып, автожолдарға 79 су өткізу құбыры орнатылды, 48,5 шақырым дренаж жүйесі жөнделді. Осы атқа­рыл­ған жұмыстардың нәтижесінде 170-тен астам елді мекенді су басу қаупі айтарлықтай сейілді.

Петропавл қаласының аумағын, соның ішінде 24 саяжай қоғамын су басу-баспауы Есіл өзеніндегі су дең­гейінің көтерілуіне байланысты бол­мақ. Дегенмен биыл да жылдағы жағ­дай қайталануы мүмкін деген болжам бар. Шаhар маңындағы саяжай учас­келері Есіл өзенінің дәл жиегінде ор­наласқандықтан, оларды судан қор­ғау бойынша инженерлік іс-шаралар жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Десек те, өзен бойында тұра­тын адамдарға мүліктерін су басудан сақтау, өздерін қауіптен құтқару бойынша жедел шаралар қабылда­нып, тиісті көмек көрсетілетін болады.

Марат ЖАНПЕЙІСОВ,

Аққайың ау­данының тұрғыны:

– Негізгі қауіп өзен-көлдердегі мұз­дың күрт еріп, судың ернеуінен асуынан болатыны белгілі. 2017 жылы тасқынның қарқыны қатты болғаны есімізде. Биыл да жағдай қайталанады деген қауесет бар. Сол рас па?

– Тұрғындарға ресми бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тараты­латын ақпаратқа құлақ асқан жөн еке­нін ескертемін. Су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру барысын­да қар көп түскен, су айдындарының жанында орын тепкен 92 елді мекен бақылауға алынған. Бұл ауылдарда он мыңға жуық адам тұрады. Атап айтар болсақ, Ақжар ауданында Шат өзенінің бойында орналасқан Тал­шық пен Ленинград ауылдары, сон­дай-ақ Ақсары, Ащыкөл, Қулыкөл және Ақжарқын елді мекендеріне қарғын су жетуі мүмкін.

Шағалалы өзені арнасынан асқан жағдайда Тайынша ауданындағы он ауыл, Айыртау мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар арқылы ағатын өзендерді жағалай орын тепкен елді мекендерге су кіруі ықтимал. Есіл ау­да­нындағы Үлкен Тораңғұл көлі де алаң­даушылық тудырып отыр. Жыл са­йын осы көлде судың деңгейі көте­ріліп, жақын маңдағы үйлерге үлкен қатер төндіріп жүр. Қазіргі таңда көлде судың деңгейін төмендету мақсатында шаралар атқарылуда.

Бұдан бөлек, алқаптарға қардың қалың түсуіне байланысты Аққайың, Жамбыл, Мамлют, Мағжан Жұмабаев аудандарында облыстық маңыздағы автожолдарды су шаю қаупі бар. Есіл өзенінің бойындағы 19 елді мекен, Петропавл қаласының Копай, Бе­реке, Ойқала шағынаудандарында, Былғары зауыты және Заречный кент­теріндегі жер үйлер тұрақты ба­қылауға алынған.

Негізінен Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендері мен ірі көлдер­ден қауіп көп. Уәлиханов ауданының аумағында еріген сулардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін Сілеті өзе­нінде мұз жару жұмыстары жүргізілді.

Нұркен СИСЕНБАЕВ,

Қызылжар ауданының тұрғы­ны:

– Есіл өзенінің бойында орна­ласқ­ан Тепличное, Соколовка, Дол­матово ауылдарын жыл сайын су басады. Қалаға жақын орналасқан Прибрежное ауылындағы жолды да алып қалады да, қалаға қатынау қиындайды. Тасқынның алдын алуға болмай ма?

– Тепличное, Соколовка, Долма­то­во ауылдарында, Заречный кентінде облыстық төтенше жағдайлар жөнін­дегі департаменттің мамандарынан және жергілікті атқарушы органдар­дың өкілдерінен жедел топтар құрыл­ды. Олар тәулік бойы кезекшілік ат­қарады. Су тасқыны туындай қалған жағдайда арнайы топтар сақтық ша­раларын қолға алады. Су басуы мүм­кін аймақтардың қатарында Бәйтерек ауылы да бар. Төтенше жағдайды бол­дырмау үшін қар шығару жұмыс­тары ұйымдастырылды.

Су басу қаупі бар елді мекендерде инертті материалдар мен азық-түлік қоры жабдықталған. Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімімен бірлесіп, Қы­зылжар ауданының аумағындағы Теп­личное, Бескөл, Бәйтерек ауылдары аумағында “Көктем 2022” оқу-жаттығуы өткізіліп, әзірлік тексе­рілді. Бәрі ойдағыдай.

Қанат МУСИН,

Шал ақын ауда­нының тұрғыны:

– Осыдан төрт жыл бұрын Сер­геев және Петропавл су қойма­ла­рына жөндеу жұмыстары жүргізіл­ген еді. Облыс бойынша тасқын қаупі бар жерлерге қосымша су өт­кізу құбырлары салынып, бөгет­тер жөнделді. Мұндай қауырт жұ­мыс­тар биыл атқарылды ма?

– 2022 жылғы су тасқынына дайын­дық барысында жазғы-күзгі кезеңдегі инженерлік жұмыстар жоспарлы түр­де іске асырылып, 27 елді мекен қор­ғауға алынды. Мұның өзі тасқын сал­дарын барынша азайтуға септігін тигізіп отыр.

Аудан әкімдіктері 42 шараны іске асырды. Оның ішінде елді мекен­дерге қорғау біліктерін орнату және нығайту, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары­ның су өткізу құбырларын тазалау әрі кеңейту, арықтарды қалпына келтіру, жөндеу, су деңгейін төмендету үшін өзен арналарын тазарту жұмыстары жүргізілді.

Данияр НҰРТАЗИН,

Уәлиханов ауданының тұр­ғыны:

– Өткен жылдардағы су тасқы­ны көптеген адамды әуре-сар­саң­ға салғанын ұмыта қойған жоқпыз. Әсіресе Уәлиханов ауданының Қулыкөл, Қаратал ауылдары қат­ты зардап шекті. Биылғы сақтық шаралары қандай деңгейде?

– Ақмола облысының Сілеті су қой­масынан жіберілген су Қулыкөл мен Қаратал елді мекендерінің тұрғын­дарын жыл сайын тығырыққа тірейтіні рас. Қулыкөл округінен 150 шақырым қашықтықта орналасқан Ақмола облысына қарайтын қоймадан артық суды ағызған кезде Сілеті өзені арна­сынан асып кетеді. Осының салда­рынан 2014, 2015 және 2019 жылда­ры Қулыкөл мен Қаратал ауылдарын су басып қалған болатын.

Былтырғы қыркүйек айынан бас­тап, департаменттің жұмыс тобы Сі­ле­ті өзенінің арнасына және су қой­масына тексеріс жүргізіп, гидротех­никалық нысандардың әзірлігіне баса назар аударды. Мүдделі органдар өкілдерінің қатысуымен Сілеті су қоймасына зерттеу жұмыстары жүр­гізілді. Уәлиханов ауданының аумағы арқылы судың кедергісіз өтуін қам­тамасыз ету үшін 4 учаскеде мұз жару шаралары ұйымдастырылды.

Фатима ТАСТАНБЕКҚЫЗЫ,

Есіл ауданының тұрғыны:

– Есіл ауданында Үлкен және Кі­ші Тораңғұл көлдері жылда арна­сынан асып, жұртты әбігерге сала­ды. Осы аумақта төтенше жағдай­дың алдын алу қалай атқарылуда?

– Елді мекендерге қауіп төндіретін барлық су айдындары департамент­тің жіті назарында. Мамандарымыз аудан әкімдіктерімен бірлесіп, елді ме­кендерде топырақ үю, арықтар қазу, оларды тереңдету, су ағатын құбыр­лар орнату, сондай-ақ облыс аума­ғындағы өзен-көлдердегі судың дең­гейін төмендету жұмыстарын атқар­ды. Үлкен Тораңғұл және Кіші Тораң­ғұл көлдері арнасынан асса, Алқа және Новопокровка ауылдарын су алып қалуы мүмкін екені ескеріліп, көл­дердің деңгейін төмендету мақса­тында су ағатын арналар тазарты­лып, тереңдетілді.

Бүгінгі таңда көлдің деңгейі 306 сантиметрді құрайды. 347 сантиметр деңгейіне жетсе, Камышловский ау­ма­ғында су тасқыны болады. “2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөнін­дегі шаралар кешені” жол картасын іске асыру шеңберінде облыстық маңызы бар Покровка – Корнеевка – Горное автомобиль жолының 29-шы шақырымына су өткізетін темірбетон тюбингтер орнатылды.

Нариман ЖОЛДЫБАЕВ,

Қызыл­жар ауданының тұрғы­ны:

– Бетін аулақ қылсын, бірақ жағ­дай ушыға қалса, зардап шеккен адамдарды эвакуациялау қалай ұйымдастырылады?

– Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовтің төрағалығымен облыс­тық эвакуациялық комиссияның оты­рысы өтті. Онда жоспарлы іс-шаралар негізінде 104 эвакуациялық пункт дайындалды. Қоғамдық мал үшін орындар анықталды. Бұл іске 316 техника, соның ішінде 133 автобус, 183 жүк көлігі тартылады. Қызылжар ауданында «Көктем-2022» респуб­ликалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының бірінші кезеңі өтті. Оған 200 құтқарушы мен 40 арнайы тех­ника қатысты. Инженерлік техника­ның апаттарға дайындығы күшейтіл­ді. Жаттығу барысында ауылдардың ішінен және іргелес егін алқаптары­нан қар шығарылды. Су өткізу құ­бырлары мен каналдар тазартылды. Егер облыс аумағында су тасқыны орын алып жатса, мамандарымыз жедел әрекет етуге тас-түйін әзір.

Биыл қар әдеттегіден көп түсе қой­ған жоқ. Десе де, сақтықта қорлық жоқ демекші, облыс аумағында көктемгі су тасқыны жылдық орташа көрсет­кіштен жоғары болады деген болжам жа­салуда. Облыстық төтенше жағ­дайлар жөніндегі департамент ма­мандары тасқынның алдын алып, зар­дабын азайту мақсатындағы шара­ларды жыл бойы жүзеге асырады. Кешенді жоспарға сәйкес қыстың алғашқы айынан бастап әзірлік шаралары қолға алынды.

Көктемгі су тасқынының алдын алу және оның зардаптарын жою жұмыс­та­рын жоспарлаған уақытта ауа ра­йын бақылайтын “Қазгидромет” рес­публикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы мамандарының болжамдарына да арқа сүйейміз.

Жаман айтпай, жақсы жоқ, тасқын бола қалса, 2 мыңнан астам адам, шамамен 1300 техника және 108 жүзу құралы көмекке келеді. 198 тонна жанар-жағармай, 30 мың тонна инертті материал және 36 мың құм салынған қап дайындалды.

Дайындаған

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp