«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК АСА МАҢЫЗДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздігіміздің 31 жылдығына аяқ басып отырған кезде жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” Жолдауында еліміздің саяси-экономикалық жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасы ұсынылып, алдағы уақытта дәйектілікпен жүзеге асырылатын қоғамдағы реформалар жайлы айтылды. 

Біріншіден, саяси және экономикалық қадамдар қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді. Екіншіден, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді. Бұл ел ішінде болып жатқан іргелі саяси өзгерістер мен шиеленісе түскен геосаяси тартыс кезінде айрықша маңызды. Мемлекет басшысының біз үшін көздеген мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің тұтастығын, жалпыұлттық бірлігі мен тілектестігін сақтаудың өмірлік маңызы бар деуінен қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заманның келмеске кеткенін, халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керектігін түсінгендейміз. Өйткені реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқтығын билікке де, қарапайым жұртқа да анық ұқтыратын, миға тоқып, жүрекке қондыратын тетіктер мен механизмдер сан алуан болса, солардың ішінде ең соқталысы да, беделдісі де бәріміз “төртінші билік” деп ерекше әспеттейтін бұқаралық ақпарат құралдары екені даусыз. Қасым-Жомарт Кемелұлының БАҚ-тың бәсекеге қабілетті және еркін болуы мәселесін күн тәртібіне шығаруы демократиялық даму жолын таңдап алған Қазақстан үшін орны бөлек. Әлем бойынша болып жатқан бүгінгідей алмағайып кезеңде ақпараттық қауіпсіздік және идеологиялық дербестік орнатудың биік өлшемі, қуатты құралы ретінде отандық ақпарат құралдарының өз көзқарасы, өз үні болуы шарт.

Журналистер қауымы егемендігіміздің елең-алаң шағынан бастап мемлекетіміздің қалыптасуына, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқаны әмбеге аян. Тіпті ұлттық баспасөзімізді тәуелсіздігіміздің бөлінбес, ажырамас бір бөлшегіндей, еркіндіктің символындай санаймыз. Осы саланың ардагері, қазақ журналистикасының теориялық, практикалық мәселелері бойынша мол тәжірибе жинақтаған оқытушығалым ретінде айтарым, БАҚ-тың саяси-әлеуметтік, әдеби-қоғамдық бағыттары әртүрлі болғанымен, бір ғана ұстанымды көздеді. Ол – аяғын тәй-тәй басып, қаз-қаз жүруге жарап қалған жас мемлекет игілігіне қалтқысыз қызмет ету, идеологиялық жағынан күшті насихатшылық рөл атқару, саяси ықпалдылығын орнықтыру.

Аға буын қалам иелері кеңес үкіметі тұсында цензураның темірдей қатты болғанын жақсы біледі. “Жабық” тақырыптарға еркін көсілуге мүмкіндік бермеді. Қазір жағдай мүлем басқаша. Президенттің ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударуы сондықтан. Бұқаралық ақпарат құралдарына билік пен халықтың арасында тиімді байланыс орната отырып, елдегі, өңірлердегі, жергілікті жерлердегі қордаланған мәселелерді жоғары азаматтық жауапкершілікпен көтеру міндеті жүктелді.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін Қызылжар өңіріндегі журналистердің ұстаханасы деп айту себепсіз емес. Мен өңірдегі еңселі оқу орнына арнайы шақырылып, 2001 жылы қазақ тілінде журналистер даярлайтын бөлім ашуға ұйытқы болғанымды әркез мақтаныш етемін. Алғашында филология кафедрасының құрамында болып келген журналистер 2016 жылы өз алдына енші алып, жеке кафедра құрды. Бакалавр және магистр мамандарын даярлаймыз. 2017 жылдан бастап дуалдық білім беру жүйесіне көштік. Бұл – теория мен практиканы ұштастыру арқылы тереңдетіп оқыту әдісі. Содан бергі аралықта университет қабырғасынан жүз елуге жуық жас маман қанаттанып ұшып, бүгінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында, еліміздің өзге де өңірлерінде жемісті қызмет етіп жүр.

Бір кездері өңірлердегі жоғары оқу орындарындағы журналистика бөлімдерін жабу керек деген ұсыныстар айтылып, талас-тартыстың куәсі болғанымыз бар. Ұшқары айтылған пікірлер қоғам тарапынан қатты сынға ұшырады. Ойлап қараңыздар, телеарна мен радионы, ақпарат агенттігін, желілік басылымды есептемегенде Қазақстанда 3 мыңға жуық газет-журнал жұмыс істейді екен. Уақыт өткен сайын білікті журналистерге деген сұраныс артып келеді. Сондықтан өнбес дауды өршіткенше, журналистика мамандығы бойынша бөлінетін гранттар санын көбейткен дұрыс. Бүгінде барлық аудандарда қазақ газеттері жарық көргенімен, қызметкерлері – егде тартқандар болмаса, басқа мамандық иелері. Әлеуметтік жағдай жасалмағандықтан, жас мамандар аудандарға барғылары келмейді, көбіне қаланы жағалайды. Сондықтан аудандық басылымдарға жұмысқа орналасуға барғысы келетін жас журналистерді “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына қосса, құба-құп болар еді.

Президент мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарауға тапсырма берді. 1991 жылы 28 маусымда қабылданып, кейін бірқатар түзетулер енгізілген “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заңда объективтілік, заңдылық, анықтық, адамның және азаматтың жеке өмірін, ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпау БАҚ қызметінің негізгі қағидаттары саналады. Алдағы уақытта журналистің құқықтары кеңейе түседі деген сенімдемін. Қазіргі заңда мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар сұратылып отырған ақпаратты өтініш түскен күннен бастап үш күннен кешіктірмей беруге не беру мерзімін немесе бас тарту себебін көрсете отырып, жауабын беруге міндетті делінсе де, түрлі сылтаулармен ұзаққа созылып кететін жайттар аз кездеспейді. Сондықтан қарсы тараптардың жауапкершілігі барынша қатаңдатылғаны жөн. Осы заңда журналист азаматтармен сұхбат жүргізген кезде дыбыс немесе бейнежазбаны пайдалануға келісім алуға міндетті делінуі тым ұшқарылық сияқты. Теріске шығару құқығына қатысты және шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату үшін жауапкершіліктен босатылатын баптар да жетілдіруді, нақтылауды қажет етеді.

БАҚ-та жұмыс істейтін мамандарды даярлау ісіне шұғыл бетбұрыс жасау өте өзекті. Өйткені қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысатын мысалдар да аз емес. Оның үстіне еліміздің баспасөз нарығында жарнаманың жартысына жуығын ресейліктер иемденіп отырғанын, медиа-бизнеске бейімделген мамандардың жеткіліксіздігін ескерсек, ұлттық журналистиканың кәсіби, сапалық деңгейін жақсарту келелі міндеттердің бірі болмақ. Атақты қолбасшы Наполеонның: “Журналистер – күңкілдек, сыншы әрі кеңесші. Олар басшыларды да өз ықпалында ұстайды және халыққа да бағыт-бағдар көрсетеді. Мың жау әскерінен гөрі жат-пиғылды төрт газеттен көбірек қорқу керек”, – деген сөзінің жаны бар.

Журналист қауымына қойылатын талап әркез жоғары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бағытымызды бағамдап, даңғыл жолымызды айқындап берді. “Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден-бекер “төртінші билік” атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн”, – деп қадап айтты. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екенін уақыттың өзі аңғартып отыр.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp