Дүкенге барып зат аларда алдымен оның қайдан, қашан шыққанын білгіміз кеп “Қай жердің өнімі?” немесе “Қайда өндірілген?“ деп сұрап жатамыз. Кімнің өнімінің өтімді, қай жерде сапалы шығарылатынын қанық білетін сатушылар қулыққа басып: “Бұл бәленбай жердікі“, – дей салады. Қытайдың сапасыз дүниесі екенін ешкім ашық айтпайды. Сондықтан олардың сөзіне сенуден қалғанбыз.
Өткенде алма алу үшін көкөніс сататын дүкенге бас сұқтым. Алдымда тұрған кісі сатушыдан: “Бұл қай жердің алмасы?“ – деп сұрады. Сатушы: “Өзіміздің Алматының алмасы, дәмі тіл үйіреді“, – деп мақтап қойды. Әлгі адам біреуін алып иіскеп көрді де: “Жарайды, Қытайдікі болса да ала салайын, қонаққа бара жатыр едім, балалар қолға қарайды ғой“, – деп дорбасына сала бастады. Сатушы үндеген жоқ. Кезегім келген кезде мен де: “Өзіміздің жергілікті алмадан беріңізші“, – дедім. “Мыналардың барлығы жергілікті алмалар“, – деді шімірікпестен…
Тағы бірде киім-кешек сататын дүкенге бардым. Орта жастағы сатушы әйел жылмаң қағады. “Кілең Түркияның киімдері“, – деп мақтауын асырды. Ішінен біреуін ұстағаным сол еді, жаңағы сатушы: “Талғамды екенсің. Мына түс сенің өңіңді ашады. Бұлар – Түркияның жаңадан шыққан сәнді киімдері. Кеше ғана келді. Алғашқы тұтынушысы өзің болайын деп тұрсың“, – деп тақылдап қоймады. Қанша мақтаса да бұл киімдердің Қытайдан келгенін біліп тұрмын ғой. Қазір Қытайдың арзан тауары әлемді жаулап алғаны өтірік емес. Ал этикеткасына сатушы қалаған елді жаздыртып ала алады.
Жолдасым жол-жөнекей машина саймандарын сататын дүкенге тоқтады. Мен де кірдім. Сатушыға “Мерседес“ көлігінің сайманы керек екенін айтты. Сатушы ішкі жаққа кіріп кетіп, аздан кейін: “Міне, Арап Әмірлігінен“ әкелінген деп екі қорапшаны қолына ұстатты. “Жарайды, дұрыс келсе болды, бере бер!“ – деді ол. Содан соң маған бұрылып: “Бәрі Қытайдікі ғой“, – деп жымиды. Бұл сөзді естіп қалған сатушы жігіт: “Аға, олай демеңіз? Әкемдей адамсыз, сізді алдап қайтем“, – деп сөзінің растығын дәлелдеп әлек. Бірақ оған сенген ешкім жоқ.
Сонда деймін-ау, біз неге әр нәрсеге сенімсіздікпен қарайтын болып алдық? Өтірік айтып тұрғанын білсек те үндемейміз, қателігін бетіне баспаймыз. Адамдардың бәрі бірдей емес қой. Бәріне бірдей сенімсіздік таныта берсек не болмақ? Біреуден алданасың, енді біреуден зәбір көресің, күндердің күнінде оның басында да сондай жағдай қайталанбасына кім кепіл? Бойды билеген сенімсіздіктен арылмасақ, жаман пиғыл қара тұмандай иектеп, жақсының жақсылығын бағалай алмай қалуымыз бек мүмкін.
Зүбила РАХЫМЖАНҚЫЗЫ,
Мамлютка қаласының тұрғыны.