Әлеуметтік-экономикалық және кәсіби талаптарды қанағаттандыру мақсатында қызметкерлер ереуіл жариялауға құқылы. Алайда бұл үшін татуластыру рәсімдерінің кезеңдерінен өту керек, әйтпесе ереуіл заңсыз деп танылады. Осыған байланысты ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі 2015 жылғы 23 қарашада қабылданған Еңбек кодексімен реттелетінін баса айтқым келеді. Ол бойынша жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде қызметкер қойған талаптарды қарауға және мәселені шешу үшін шаралар қабылдауға міндетті. Олай болмаған жағдайда өз шешімдері мен ұсыныстарын жазбаша түрде қызметкерлерге жеткізуге міндетті (Кодекстің 163-бабы, 2-тармағы.) Бұдан әрі дау тепетеңдік негізде тараптардың бірлескен шешімімен құрылған орган – татуластыру комиссиясында жеті жұмыс күніне дейінгі мерзімде шешілуі тиіс.
Дауды шешу процесінде татуластыру комиссиялары қызметкерлермен, жұмыс берушімен және басқа да адамдармен кеңес жүргізеді. Комиссияның шешімі тараптардың келісімі бойынша қабылданады, хаттамамен ресімделеді және тараптар үшін орындау міндетті болып табылады. Татуластыру комиссиясының мүшелері келіссөздерге қатысқан уақытта жалақысы сақтала отырып, жұмыстан босатылады. Бұл ретте тараптардың ешқайсысы татуластыру рәсімдеріне қатысудан жалтаруға құқылы емес екенін айрықша атап көрсету керек.
Татуластыру комиссиясы келісімге қол жеткізбеген кезде оның жұмысы тоқтатылады, ал тараптар дауды шешу үшін әкімдік өкілдерін (мемлекеттік еңбек инспекторын) тарта отырып, еңбек төрелігін құрады. (Кодекстің 165-бабының 6-тармағы). Еңбек төрелігі мүшелерінің саны, оның құрамы және еңбек дауын қарау тәртібі тепе-теңдік негізде тараптардың келісімімен айқындалады. Еңбек төрелігінде кемінде бес адам болуы тиіс. Татуластыру комиссиясының мүшелері жұмыскерлердің қаралып отырған талаптары бойынша еңбек төрелігінің құрамына кіре алмайды. Еңбек төрелігінің шешімі жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей төрелік мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады және орындау міндетті болып табылады. Еңбек төрелігі реттемеген мәселелер бойынша сотқа жүгіне алады. Бұл орайда жұмыс берушінің немесе прокурордың өтініші бойынша тиісті рәсімдерді сақтамай ереуіл өткізуді тек сот қана заңсыз деп таниды. Сот заңсыз деп шешім шығарған ереуілге қатысуды жалғастыруға мәжбүрлегені және шақырғаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыра отырып, қылмыстық жауаптылыққа тартылады (Кодекстің 157 және 402-баптары).
Азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз ереуілдерге қатыспауға шақырамыз.
Құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтарды болдырмау, сондай-ақ оларға жол бермеу жөнінде заңда көзделген шараларды қабылдайтын болады.
Бағбан Тайымбетов,
Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры.