Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында Халықаралық театр күніне орай итальяндық драматург Карло Гальдонидің “Венециялық егіздер” атты комедиясы қойылып, театрішілік “Алтын сақа – 2022” атты марапаттау кеші өтті.
Қойылым екі бөлек отбасында тәрбие алған, мінездері бір-біріне қарама-қайшы егіздер – Дзанэтто мен Тониноның тағдыры жайында өрбіді. Венецияға қалыңдық іздей келген екеуін шатастырған өзге жұрттың іс-әрекеттері еріксіз күлкі тудырады. Махаббаттың машақаты қала тұрғындарын әбігерге салып, оқиға одан әрі шиеленісе түседі.
Қойылым комедия жанрында болғандықтан, мазмұнында импровизация, ирония элементтері жиі кездеседі. Себебі театр әртістері көрермендермен тығыз қарым-қатынаста болды. Қызыққа толы Венециялық егіздердің тағдыры не болатынын тамашалаған көрермендердің көңілі көтеріліп, театрдан ерекше әсермен шықты.
– Шиеленіске толы қызықты спектакль болды. Стилі де ерекше. Жанды дауыста оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған әндер, қойылым барысындағы қонақтармен байланыс театрдың керемет атмосферасын тудырды, – дейді қала тұрғыны Сәуле Жексенай.
Қойылым аяқталған соң облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өнер ордасы жарық беру цехының меңгерушісі Балғабай Ниязовты, театр актерлері Әділжан Каримовты, Асылхан Разиевті, Айбол Қасымды өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамотасымен марапаттады. Облыс әкімінің Алғыс хаттары драма актерлері Нұрбол Асқаров, Гүлдана Асқарова, Жанар Насырова, Құртқа Мусина және жарық беру цехының меңгерушісі Нұрхан Кожакинге табысталды. Сонымен қатар театрға 500 мың теңгенің ақшалай сертификаты берілді.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірейісовтің атынан Алғыс хатпен директордың негізгі қызметі жөніндегі орынбасары Гүлмира Қабдусова, театр жүргізушісі Зарап Қожахметов, көркемдеу цехының меңгерушісі Әлия Умекенова марапатталды.
Содан кейін Халықаралық театр күніне орай өткізілетін дәстүрлі “Алтын сақа – 2022” театрішілік марапаттау кешінде үздіктер анықталды. “Үздік ер бейнесі” аталымы – Эланар Кенжебековке, “Үздік әйел бейнесі” – Құртқа Мусинаға, “Үздік эпизодтық рөлі үшін” – Нұрсұлтан Тюлюбаевқа, “Үздік екінші пландағы рөл” – Жанар Насыроваға, “Театр жанашыры” – Айдар Зикирияновқа, “Үздік қызметкер” – Сержан Емелевке, “Театрға қосқан үлесі үшін” – Думан Адыкеновке бұйырды. Оған қоса театрдың тұрақты көрермендері “Отбасы банкі” облыстық филиалының ұжымы актер Сүндет Асанға ынталандыру сертификатын сыйлады.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.