“Tıkelei bailanys” айдарының қонағы – облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов тұрғындардың сауалдарына жауап беретінін газетіміздің өткен сандарында хабарлаған болатынбыз. “Soltüstık Qazaqstan” газетінің электронды поштасына және “WHATSAPP” желісіне көктемгі су тасқынының алдын алуға қатысты түскен сұрақтар мен оларға берілген жауаптарды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Нұрлан АЛИМАНОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Жыл сайын су тасқынының машақатын көріп жүрген солтүстікқазақстандықтардың көктем басталғалы көңілдері тағы алаң. Оларды жылдағыдай елді мекендерді қарғын су шайып кете ме деген сұрақ мазалайды. Өңірде тасқынға қарсы дайындық шаралары қалай жүргізілуде?
– Барлық инженерлік-қорғау іс-шаралары кешенді түрде қолға алынған. Су алуы ықтимал 85 елді мекен тізімі жасалды. Бұл аумақтарда 6068 адам тұрады, үйлердің саны – 1872. Нақтылайтын болсақ, өзен суының деңгейінің көтерілуінен – 30, көлдердің тасуынан – 13, еріген қар суынан 42 ауыл зардап шегуі мүмкін.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов көктемгі су тасқынына әзірлік барысы, ықтимал залалдарды барынша азайту жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті. Оның аясында су тасқыны қатерінің алдын алу жұмыстары нақтыланып, жедел орындауға ерекше назар аударылды. Азаматтық қорғаныс, басқару органдарының күштері мен құралдарының әзірлігі “Көктем-2022” штабтық оқу-жаттығуы барысында тексеріліп, қосымша шаралар белгіленді.
Бүгінге дейін елді мекендер аумағынан шамамен 576,4 мың текше метр қар шығарылып, 598 су өткізу құрылғылары тазартылды. Сонымен қатар жарияланған айлық шеңберінде жұртшылықты су тасқынынан болатын қауіп-қатерлерден сақтандыру, толық ақпараттандыру шаралары тұрақты түрде жүргізілді. 20 мыңнан астам адамды қамтитын 258 рейд ұйымдастырылып, тұрғындарға жадынамалар таратылды.
Су тасқыны жағдайын бақылау, басқару органдарының іс-қимылын үйлестіру мақсатымен арнайы құрылған облыстық штаб жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.
Ақылбай ДҮЙСЕН,
Мамлютка ауданының тұрғыны:
– Өрт бола қалса суы таусылып қалатын, боран соқса сынып қалатын арнайы техникалар тасқынға дайын ба? Қажет болған жағдайда қосымша күштер жұмылдырыла ма?
– Қажет болған жағдайда су тасқыны қаупін еңсеруге жергілікті атқарушы органдардан қосымша 475 адам мен 134 техника тартылады. Олардың әзірлігі талапқа сай. Бұдан бөлек, 5 жол талғамайтын көлік, 5 жүзу құралы, 85 мотопомпа бар. Су тасқыны қаупі жоғары учаскелерде жергілікті атқарушы органдардың 1446 техникасы, соның ішінде 392 су сорғыш, 109 жүзу құралы дайын тұр. 1520 адам да көмекке келуге әзір.
Бауыржан ЕЛСТАНОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Өңіріміздің бірқатар елді мекендерінде жолдарды жылда су шайып кетеді. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы Заречный кенті мен Былғары зауыты шағынауданын, олармен іргелес саяжайларды да үнемі су басады. Биыл осы айтылған аумақтарда жылдағы жағдай қайталануы мүмкін бе?
– Соңғы жылдары өңірде су тасқынына қарсы кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Соның ішінде 7 километрден астам қорғаныс бөгеті салынып, автожолдарға 79 су өткізу құбыры орнатылды, 48,5 шақырым дренаж жүйесі жөнделді. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 170-тен астам елді мекенді су басу қаупі айтарлықтай сейілді.
Петропавл қаласының аумағын, соның ішінде 24 саяжай қоғамын су басу-баспауы Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты болмақ. Дегенмен биыл да жылдағы жағдай қайталануы мүмкін деген болжам бар. Шаhар маңындағы саяжай учаскелері Есіл өзенінің дәл жиегінде орналасқандықтан, оларды судан қорғау бойынша инженерлік іс-шаралар жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Десек те, өзен бойында тұратын адамдарға мүліктерін су басудан сақтау, өздерін қауіптен құтқару бойынша жедел шаралар қабылданып, тиісті көмек көрсетілетін болады.
Марат ЖАНПЕЙІСОВ,
Аққайың ауданының тұрғыны:
– Негізгі қауіп өзен-көлдердегі мұздың күрт еріп, судың ернеуінен асуынан болатыны белгілі. 2017 жылы тасқынның қарқыны қатты болғаны есімізде. Биыл да жағдай қайталанады деген қауесет бар. Сол рас па?
– Тұрғындарға ресми бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылатын ақпаратқа құлақ асқан жөн екенін ескертемін. Су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру барысында қар көп түскен, су айдындарының жанында орын тепкен 92 елді мекен бақылауға алынған. Бұл ауылдарда он мыңға жуық адам тұрады. Атап айтар болсақ, Ақжар ауданында Шат өзенінің бойында орналасқан Талшық пен Ленинград ауылдары, сондай-ақ Ақсары, Ащыкөл, Қулыкөл және Ақжарқын елді мекендеріне қарғын су жетуі мүмкін.
Шағалалы өзені арнасынан асқан жағдайда Тайынша ауданындағы он ауыл, Айыртау мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар арқылы ағатын өзендерді жағалай орын тепкен елді мекендерге су кіруі ықтимал. Есіл ауданындағы Үлкен Тораңғұл көлі де алаңдаушылық тудырып отыр. Жыл сайын осы көлде судың деңгейі көтеріліп, жақын маңдағы үйлерге үлкен қатер төндіріп жүр. Қазіргі таңда көлде судың деңгейін төмендету мақсатында шаралар атқарылуда.
Бұдан бөлек, алқаптарға қардың қалың түсуіне байланысты Аққайың, Жамбыл, Мамлют, Мағжан Жұмабаев аудандарында облыстық маңыздағы автожолдарды су шаю қаупі бар. Есіл өзенінің бойындағы 19 елді мекен, Петропавл қаласының Копай, Береке, Ойқала шағынаудандарында, Былғары зауыты және Заречный кенттеріндегі жер үйлер тұрақты бақылауға алынған.
Негізінен Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендері мен ірі көлдерден қауіп көп. Уәлиханов ауданының аумағында еріген сулардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін Сілеті өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Нұркен СИСЕНБАЕВ,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Есіл өзенінің бойында орналасқан Тепличное, Соколовка, Долматово ауылдарын жыл сайын су басады. Қалаға жақын орналасқан Прибрежное ауылындағы жолды да алып қалады да, қалаға қатынау қиындайды. Тасқынның алдын алуға болмай ма?
– Тепличное, Соколовка, Долматово ауылдарында, Заречный кентінде облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандарынан және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен жедел топтар құрылды. Олар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Су тасқыны туындай қалған жағдайда арнайы топтар сақтық шараларын қолға алады. Су басуы мүмкін аймақтардың қатарында Бәйтерек ауылы да бар. Төтенше жағдайды болдырмау үшін қар шығару жұмыстары ұйымдастырылды.
Су басу қаупі бар елді мекендерде инертті материалдар мен азық-түлік қоры жабдықталған. Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімімен бірлесіп, Қызылжар ауданының аумағындағы Тепличное, Бескөл, Бәйтерек ауылдары аумағында “Көктем 2022” оқу-жаттығуы өткізіліп, әзірлік тексерілді. Бәрі ойдағыдай.
Қанат МУСИН,
Шал ақын ауданының тұрғыны:
– Осыдан төрт жыл бұрын Сергеев және Петропавл су қоймаларына жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Облыс бойынша тасқын қаупі бар жерлерге қосымша су өткізу құбырлары салынып, бөгеттер жөнделді. Мұндай қауырт жұмыстар биыл атқарылды ма?
– 2022 жылғы су тасқынына дайындық барысында жазғы-күзгі кезеңдегі инженерлік жұмыстар жоспарлы түрде іске асырылып, 27 елді мекен қорғауға алынды. Мұның өзі тасқын салдарын барынша азайтуға септігін тигізіп отыр.
Аудан әкімдіктері 42 шараны іске асырды. Оның ішінде елді мекендерге қорғау біліктерін орнату және нығайту, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының су өткізу құбырларын тазалау әрі кеңейту, арықтарды қалпына келтіру, жөндеу, су деңгейін төмендету үшін өзен арналарын тазарту жұмыстары жүргізілді.
Данияр НҰРТАЗИН,
Уәлиханов ауданының тұрғыны:
– Өткен жылдардағы су тасқыны көптеген адамды әуре-сарсаңға салғанын ұмыта қойған жоқпыз. Әсіресе Уәлиханов ауданының Қулыкөл, Қаратал ауылдары қатты зардап шекті. Биылғы сақтық шаралары қандай деңгейде?
– Ақмола облысының Сілеті су қоймасынан жіберілген су Қулыкөл мен Қаратал елді мекендерінің тұрғындарын жыл сайын тығырыққа тірейтіні рас. Қулыкөл округінен 150 шақырым қашықтықта орналасқан Ақмола облысына қарайтын қоймадан артық суды ағызған кезде Сілеті өзені арнасынан асып кетеді. Осының салдарынан 2014, 2015 және 2019 жылдары Қулыкөл мен Қаратал ауылдарын су басып қалған болатын.
Былтырғы қыркүйек айынан бастап, департаменттің жұмыс тобы Сілеті өзенінің арнасына және су қоймасына тексеріс жүргізіп, гидротехникалық нысандардың әзірлігіне баса назар аударды. Мүдделі органдар өкілдерінің қатысуымен Сілеті су қоймасына зерттеу жұмыстары жүргізілді. Уәлиханов ауданының аумағы арқылы судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін 4 учаскеде мұз жару шаралары ұйымдастырылды.
Фатима ТАСТАНБЕКҚЫЗЫ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Есіл ауданында Үлкен және Кіші Тораңғұл көлдері жылда арнасынан асып, жұртты әбігерге салады. Осы аумақта төтенше жағдайдың алдын алу қалай атқарылуда?
– Елді мекендерге қауіп төндіретін барлық су айдындары департаменттің жіті назарында. Мамандарымыз аудан әкімдіктерімен бірлесіп, елді мекендерде топырақ үю, арықтар қазу, оларды тереңдету, су ағатын құбырлар орнату, сондай-ақ облыс аумағындағы өзен-көлдердегі судың деңгейін төмендету жұмыстарын атқарды. Үлкен Тораңғұл және Кіші Тораңғұл көлдері арнасынан асса, Алқа және Новопокровка ауылдарын су алып қалуы мүмкін екені ескеріліп, көлдердің деңгейін төмендету мақсатында су ағатын арналар тазартылып, тереңдетілді.
Бүгінгі таңда көлдің деңгейі 306 сантиметрді құрайды. 347 сантиметр деңгейіне жетсе, Камышловский аумағында су тасқыны болады. “2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені” жол картасын іске асыру шеңберінде облыстық маңызы бар Покровка – Корнеевка – Горное автомобиль жолының 29-шы шақырымына су өткізетін темірбетон тюбингтер орнатылды.
Нариман ЖОЛДЫБАЕВ,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Бетін аулақ қылсын, бірақ жағдай ушыға қалса, зардап шеккен адамдарды эвакуациялау қалай ұйымдастырылады?
– Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовтің төрағалығымен облыстық эвакуациялық комиссияның отырысы өтті. Онда жоспарлы іс-шаралар негізінде 104 эвакуациялық пункт дайындалды. Қоғамдық мал үшін орындар анықталды. Бұл іске 316 техника, соның ішінде 133 автобус, 183 жүк көлігі тартылады. Қызылжар ауданында «Көктем-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының бірінші кезеңі өтті. Оған 200 құтқарушы мен 40 арнайы техника қатысты. Инженерлік техниканың апаттарға дайындығы күшейтілді. Жаттығу барысында ауылдардың ішінен және іргелес егін алқаптарынан қар шығарылды. Су өткізу құбырлары мен каналдар тазартылды. Егер облыс аумағында су тасқыны орын алып жатса, мамандарымыз жедел әрекет етуге тас-түйін әзір.
Биыл қар әдеттегіден көп түсе қойған жоқ. Десе де, сақтықта қорлық жоқ демекші, облыс аумағында көктемгі су тасқыны жылдық орташа көрсеткіштен жоғары болады деген болжам жасалуда. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары тасқынның алдын алып, зардабын азайту мақсатындағы шараларды жыл бойы жүзеге асырады. Кешенді жоспарға сәйкес қыстың алғашқы айынан бастап әзірлік шаралары қолға алынды.
Көктемгі су тасқынының алдын алу және оның зардаптарын жою жұмыстарын жоспарлаған уақытта ауа райын бақылайтын “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы мамандарының болжамдарына да арқа сүйейміз.
Жаман айтпай, жақсы жоқ, тасқын бола қалса, 2 мыңнан астам адам, шамамен 1300 техника және 108 жүзу құралы көмекке келеді. 198 тонна жанар-жағармай, 30 мың тонна инертті материал және 36 мың құм салынған қап дайындалды.
Дайындаған
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.