Өңірімізде адал еңбегімен ауыл шаруашылығын өркендетіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырған іскер азаматтар жетерлік. Солардың бірі – Жамбыл ауданы Троицкий ауылдық округіндегі “Фирма М.А.К.” серіктестігінің басшысы Ғали Құсайынов.
Еңбек жолын Тимирязев ауданына қарасты Дмитриевка орта мектебінде бастаған Ғали Мінайдарұлы алғашқы әскери дайындық сабағын жүргізді. Кейін қызметі жоғарылап, алдымен Дмитриевка, кейін Троицк мектептеріне басшылық етті. 1996 жылы жеке шаруашылықпен айналысу туралы ой келеді. “Дина” шаруа қожалығын құрып, 127 гектар жерге егін егуге кіріседі. Жұмысы алға басқан соң 2004 жылы “Тотаман” фермерлік қожалығын, төрт жылдан кейін “Фирма М.А.К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрады.
Бүгінгі таңда жер көлемі 7 мың гектарға жетті. Серіктестік бидай, арпа және майлы дақылдар өсірумен қатар мал шаруашылығын да қолға алған. Әсіресе қой бағуға ден қойған. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде жылқыны – 15, қойды 300 бастан асырған. Серіктестік басшысы жұмысшылардың жағдайын да назардан тыс қалдырған емес. Ерінбей еңбек еткендерге сыйақы тағайындау, шипажайға жолдама беру жағы да қарастырылған.
“Үлкен шаруашылық үшін техниканың орны бөлек. Ол болмаса жұмыс ақсайтыны анық. Жылына 100 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынады. Астық тазалау кешенін қалпына келтірдік. Қажетті жабдықтар жеткізілді. Бір “КамАЗ” жүк көлігі, екі “Акрос” және бір “МакДон” комбайнын алдық. Биыл дән сепкіш және тырмаға тапсырыс беріп отырмыз. Ауыл шаруашылығын тиімді дамытудың басты түйіні – тынымсыз еңбек пен жерге күтім жасау. Жерден тек ала беруді ғана мақсат тұтпай, оны қалпына келтіру жағын да ойлау керек. Егістік алқапқа дер кезінде тыңайтқыштар сіңіру, күзгі жырту, көктемгі ылғал жабу және тырмалаудың маңызы зор. Жыл сайын 120 тонна минералды тыңайтқыш қолданамыз. Басты назар – сапалы өнім. Өйткені біз өсірген астық нан болып тұтынушының дастарқанына түседі, – дейді серіктестік басшысы. Шаруашылықта өткен жылы бидайдың орташа өнімділігі әр гектарынан 15-20 центнерден айналса, ал майлы дақылдың шығымы 10 центнердің айналасында болған.
Қазір шаруашылықта 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, көктемгі егіс және күзгі орақ науқанында тағы 5 адам уақытша жұмысқа тартылады. Ғали Мінайдарұлы ұлдарын да еңбексүйгіштікке тәрбиелеуде. Үлкені шаруашылықта инженер болса, екіншісі – бас агроном. Оларға еңбекпен тапқан нанның қашанда тәтті болатынын түсіндірумен келеді. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде бірақ жетістікке жеткен серіктестік басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталғанын айта кеткен жөн.
Игілік РАХМЕТ.
Жамбыл ауданы.