Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында облысымызда орталығы Ақсуат ауылы атанған Целинный ауданы ашылған болатын. Өңіріміздің әр жерінен келген 30 жас шамасындағы қазақ жігіттері ауданда жаңадан ашылған мекемелердің басшылық қызметтеріне тағайындалып еді. Бәріміз тетелес болғандықтан бір-бірімізбен тез тіл табысып, достасып кеттік. Олардың қатарында елім, жерім үшін қызмет етемін деген үш бірдей жалынды жастың ғұмырсапарларының ерте тамамдалуы менің жанымды бүгінге дейін қаңтардағы қатты аяздай қариды.
Былтыр асыл достарым Дулат Сагденовтің өмірден озғанына – 30, Қайранас Сейдахметовтің келместің кемесіне мінгеніне – 20, ал биылғы 30 наурызда Сәбит Күрлеутовтің дүние салғанына 25 жыл болады. “Уақыт – емші” деген тәмсіл бар ғой. Кейде ол өткен өміріңнің жарқын парақтары мен қиын сәттерін санаңнан өшіргісі келеді. Арада жылжып жылдар, зулап күндер өтсе де, мен қамшының сабындай ғана ғұмыр кешіп, арттарына ізгілік дәнін сеуіп кеткен достарымның есімдерін, жарқын бейнелерін жадымнан өшірген емеспін. Үшеуі де өнегелі отбасын құрып, қайда жүрсе де халықтың мүддесін көксеген жандар еді.
Достарымның қайтпас сапарға аттанғандары есіме түскенде “жезкиік” ақын Кәкімбек Салықов жырлағандай, “мен мына кең далама сыймай кететіндей” күйге түсетінім жалған емес. Бір тілім нанды бөліп жеген достарымның бірі – Сәбит жаны таза, бауырмал, әділ азамат еді. Бізден 5-6 жасқа кішілігі бар ол дүниетану қабілетімен, ұшқыр ойларымен, парасаттылығымен оқ бойы озық тұратын. Содан болар оны “Сәбе” деп құрметтей білдік. Сәбең өзінің әдемі, әсерлі әңгімелерімен, ойын-қалжыңы аралас әзілімен, әр сөзін тұспалдап жеткізетін көрегендігімен бәріміздің көңілімізді тауып, отырысымызды жандандырып жіберуші еді. Оның мына бір айтқан әңгімесі есімнен шыққан емес:
“Менің Боранбай деген бір ағайыным Ұлы Отан соғысы басталар алдында шекара күзетінде Отан алдындағы борышын өтеп жүріпті. Қырғи-қабақ ұрыс басталған соң Күлпаш жеңгеміз жұбайынан үш ай бойы хабар ала алмай отырғанда бір күні ағамыздан хат келіп, оны бүкіл ел болып оқып, қуанған екен. Сөйтсе, ағамыз “Жаным, Күлпаш, менің жағдайым жаман емес, Құдай Гитлер “пайғамбарымызға” күш-қуат берсе, біз де осы қарқынымызбен артқа шегіне беретін болсақ, жуық арада елге де жетіп қалатын шығармыз”, – деп жазып жіберіпті. Сәбеңнің жан-тәнімен беріліп айтқан әңгімесіне не сенерімізді, не сенбесімізді білмей, күлкіге қарық болатынбыз.
1983 немесе 1984 жылдың жаз айында Сәбең біздің әрқайсысымызға қоңырау шалып: “Жігіттер, Есіл жағасындағы өзіміз бас қосатын жерге жиналыңдар, менің бір қуанышты хабарым бар”, – деді. Бесеуміздің басымыз қосылған соң Сәбең саспастан бір әңгімесін бастап кетті.
“Кеше мен қалада әкемнің адал досы болған, асқар тауым дүниеден озған соң менің қолдаушыма, ұстазыма айналған Ұлы Отан соғысының ардагері Сапар Дүйсеновпен жолығып, қуанышты хабардың куәсі болдым. Сендерді осында шақыруымның бір себебі де осы. Жағымды жайтқа ортақтассаңыздар деген ниетім бар. Менің Жамбыл ауданындағы Орталық ауылының тумасы екенімді жақсы білесіңдер. Мен жас кезімнен аузы дуалы ақсақалдардан қазақта біздің бабамыз Қожаберген батырдан асқан қолбасшы болмағанын тыңдап өстім. Аталарымыз “Қожаберген жырау ширек ғасыр әз-Тәуке ханның қолбасшысы болғанда қазақ жерін жоңғардың тұлпарының тұяғы басқан емес”, – деп айтып отыратын. Жамбыл ауданының бірінші хатшысы Шаймұрат Смағұлов деген азаматтың бастауымен Қожаберген бабамыздың қазақ еліне сіңірген орасан зор еңбегін зерттейтін комиссия құрылыпты дегенді естіп, менің қуанышым қойныма симай отыр. Айтар жаңалығым осы, – деп бір марқайып қалып еді.
Шыны керек, бұл бесеуміз үшін де күтпеген оқиға болды. Өйткені Кеңес өкіметі кезінде қазақтың тегіне, ұлтжанды тұлғаларына қатысты бір жұмысты қолға алу былай тұрсын, есімдерінің өзін атауға жүрексінгенімізді несіне бүгіп қалайын? Қаһарынан қан сауғалаған заманның сарқыншағы санамыздан сығалаған кезде осындай батыл бастама көтергендер қазақтың нағыз ұлтжандылары еді ғой. Біз ол кезде Қожаберген жырау түгілі, оның атақты “Елім-ай” дастанынан да хабарсыз болатынбыз. Сол кездегі солақай саясат “Елім-айдың” авторын халықтық сипатқа айналдырып жібермеді ме?
Сәбең ұлтқа, қазаққа қатысты мәселелерде үнемі алға озды. Оның жанының да, қанының да қазақ екені осындай сәттерде аңғарылып қалатын. Қарапайымдылығы, бауырмалдығы, жанашырлығы Сәбеңнің азаматтығын айшықтап тұрды. Ол жалған сөйлейтін, іші тар, көре алмайтын қызғаншақ, жағымсыз адамдардан бойын аулақ салды.
Сәбең көзі тірісінде марқұм Сапар Дүйсенов ақсақалды үлгі тұтты. Қызылжарлықтар ол кісінің кезінде Сәбең сияқты облыс прокурорының бірінші орынбасары болып қызмет атқарғандығынан хабардар. Сапар Дүйсенов Сәбиттің болашағынан үлкен үміт күтіп: “Қазақ баласы үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиеленген: ұят болады, обал болады, жаман болады”, – деп ақылын айтқан көрінеді. Содан болар, Сәбең адам тағдырына қатысты шешімдер қабылдар шақта асқан жауапкершілік танытып, ойланып-толғанып, неше алуан заңның баптарын зерттеп барып қана өз шешімін шығаратын.
Сәбең достыққа адал болды. Жақын достарын сыйлай да, қорғай да білді. Оның достыққа адалдығының бір көрінісін мына бір мысалмен баяндағанды жөн көріп отырмын. 1984 жылы жақын досымыз Октябрь кеңшарының бастығы қызметіне тағайындалды. Оны жергілікті тұрғындарға таныстыру үшін кеңшарға бардық, қонақүйде берілген асқа қатыстық. Октябрь кеңшарында ширек ғасыр Алексей Гапоненко деген кісі бас есепші болып қызмет атқарған. Ол кісіні кеңшардың халқы “Папа” дейтінін бүкіл аудан білетін. Сөз Сәбеңе берілгенде ол: “Қымбатты Алексей Иванович, мен сізді өте қатты сыйлаймын, бірақ бүгіннен бастап осы елдің “папасы да, мамасы да” менің досым – Дулат Қарабайұлы болады. Ал сіз орныңызды біліңіз”, – деді.
“Жақсылық жолда,
Жамандық етпес жолдасың.
Бақ қонса саған,
Күндестік етпес, жолдасың.
Тоқшылық кезде,
Пайымды болар жолдасың.
Жоқшылық кезде,
Жайыңды білер жолдасың.
Қасірет шапса,
Қасыңда болар жолдасың.
Ауыра қалсаң,
Басыңда болар жолдасың.
Өз барын пұлдап,
Асқақтық етпес жолдасың.
Жарым да жолда,
Тастап та кетпес жолдасың”. Ақынның осы бір өлең шумақтары менің досым Сәбеңе арналғандай әсерге бөлейді. Оқимын да толқимын, көңілімнің көкжиегінен ардақты азаматқа, асыл досқа деген сағыныш сезімі сығалайды.
Сәбең облыстың прокуроры қызметіне тағайындалу туралы бұйрықты алып келуге Алматыға бара жатқанда жол апатына ұшырап, көз жұмды. Асыл достың орны ойсырап қалды. Ол оңайлықпен толмайтыны хақ. Сәбеңнің көзі кетсе де еліне сіңірген еңбегі ұмытылмайтынына біз сенеміз. Сәбеңнің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ уақыт сақталады.
Жолы болып, тасы өрге домалап тұратын ер жігіттің артында қамқоршысы, тірегі бола алатын инабатты, ақылды адал жары тұратыны бесенеден белгілі. Сәбеңнің Құдай қосқан қосағы – Жұпар ширек ғасыр өтсе де шаңырағын шайқалтпай, балапандарын құтты орындарына қондырды, Сәбеңнің азаматтығына, аманатына адал болды.
“Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі” дегендей, Сәбең көзі тірі болғанда қазақтың бақытты болашағы жолында талай игі істерді атқарар еді. Амал нешік, оның өмірдариясы тым келте болды. Мәңгілік мекенің жұмақ болсын, адал дос!
Абылай БАЛТАБАЕВ,
зейнеткер.