Газетіміздің өткен нөмірінде өңірімізге жұмыс сапарымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің келгені жайлы жазған болатынбыз. Министр алдымен Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығында, “Радуга” және “Солтүстік фанер комбинаты” серіктестіктерінде болып, кейін Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада облыстың экологиялық мәселелеріне арналған шараға қатысты. Жиынды облыс әкімі Құмар Ақсақалов ашып, жүргізіп отырды.
Кездесуде еліміздің экологиясын негізгі ластаушы кәсіпорындар туралы айтылды. Олардың қатарына металлургиялық кешендер, жылу энергетикасы, мұнай-газ секторы және тау-кен өнеркәсібіне тиесілі кәсіпорындар кіреді. Белгілі болғандай, бүгіндері Қазақстанның 10 өңірінде экологиялық ластану индексі жоғарылаған. Қуанышымызға орай, біздің облыс бұл тізімде жоқ. Әйтсе де, қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп отырған кәсіпорындар бар. Солардың негізгісі – “Севказэнерго” акционерлік қоғамы.
– Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша “Севказэнерго” акционерлік қоғамының №2 жылу-электр орталығының 2017-2020 жылдар аралығында бөлген зиянды заттарының мөлшері біршама өскен. Шамамен 40 мың тоннаға дейін жетті. Ал былтыр оң динамика тіркеліп, 25 мың тоннаны құрады. Бұған негізгі себеп – “Севказэнерго” акционерлік қоғамының экологияға зиян келтірмеу мақсатында бірқатар жобаларды қолға алуы. Дегенмен әлі де зиянды заттарды азайту шараларын жүзеге асыру қажет, – деген Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов улы газды тазартудың жаңа жүйесін енгізуді ұсынды.
Алайда министрлік өкілінің ұсынысымен “Севказэнерго” АҚ-ның бас директоры Михаил Косачев келіспейтінін білдірді. Оның айтуынша, жаңа жүйеге көшу үшін қомақты қаражат керек. Ал бүгінгі күні кәсіпорынның табысынан гөрі шығыны көп болып отыр. Сол себепті озық технологияны қолдану матриалдық тұрғыдан мүмкін емес.
– Жылу-электр орталығына жаңа құрал-жабдықтар орнату үшін қосымша инвестиция қажет. Кәсіпорын тарифі де өскен жоқ. Сондықтан табыс та артпауда, – деді Михаил Косачев.
Жиында жылу-электр орталығынан шыққан күл-қоқысты жол құрылысына және цемент өндірісіне пайдалануға болатыны туралы да айтылды. Бүгіндері бұл тәжірибені Қарағанды облысының кәсіпорындары қолдануда. Акционерлік қоғамға тиесілі көмір қалдықтарын сақтау орны 2026 жылы толады. Сондықтан “Севказэнерго” компаниясы қазірдің өзінде облыстық және қалалық әкімдіктермен бірлесе отырып, тағы екі жер учаскесін таңдап қойған. Онда күл үйіндісіне қажетті нысан салу үшін 14 млрд. теңгеге жуық қаражат қажет. Жобаны жүзеге асыру үшін жылу мен электр қуатына төленетін тарифті көтеру керек болады. Сондықтан кәсіпорынның бас директоры Михаил Косачев қазіргі қолданыстағы учаскені кеңейтуді ұсынды.
Министр Серікқали Брекешев кәсіпорынға күл-қоқысты кәдеге жарату жөнінде бұған дейін ұсыныс айтылғанын еске салды. Алайда “Севказэнерго” АҚ бұл бағытта жұмыс істеуге құлшыныс танытпай отыр. – Егер күл жол құрылысы және цемент өндірісіне жұмсалса, жаңа жер учаскесін іздеу керек болмас еді деп ойлаймын. Ал компания тарифті өсіруге ұмтылып жатыр. Тіпті тұрғындар жылусыз қалады деп қорқытып жатырсыздар. Бұл қате ұстаным. Кез келген тығырықтан шығатын жол бар екенін ұмытпаған жөн, – деді Серікқали Брекешев. “Севказэнерго” компаниясы бас директоры күл үйінділерін сақтайтын қойма жергілікті әкімдіктің қарамағында екенін айтып ақталды.
Жиында “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өңір экологиясына тигізер кері әсері туралы да сөз қозғалды. Соның бірі – облыс орталығында күн жылынысымен ауаға таралатын жағымсыз иіс. Бұл мәселені шешу үшін хлорелланы қолдану қанатқақты жобасы қолға алынған.
– Хлорелланы пайдалануды құптаймын. Егер биыл қанатқақты жоба өз нәтижесін берсе, аталмыш технологияны әрі қарай еліміздің өзге өңірлерінде қолдану туралы кеңес беретін боламыз Себебі мұндай экологиялық мәселе басқа облыстарда да кездеседі, – деді Серікқали Аманғалиұлы.
Қала көшелерінде қоқыс жәшіктерінің аздығы да айтылды. Өкінішке қарай, жәшіктер болмағандықтан тұрғындар қоқысты отырған жерлерінде қалдырып кетуге мәжбүр. Бұл қаланың эстетикалық келбетін бұзып қана қоймай, экологияға да тікелей әсер етеді. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті белсенділер бірыңғай стандарт жасап, қоқыс жәшіктерінің санын көбейтуді ұсынды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі екі күндік жұмыс сапары аясында “Нұра” топтық су құбыры” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының “Есіл су” филиалына қарайтын Соколовка топтық су құбырына барды. Бұл стратегиялық маңызды нысан Қызылжар ауданын таза ауызсумен қамтып отырғанын атап өткен жөн. Кейін министр Бескөлдегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Бұл спорттық нысан экологиялық таза биоотынның көмегімен жылытылады.
Министр қорашаған ортаға зиянсыз биоотын шығаратын “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігіне де барды. Өткен жылы Сермұхамет Оралұлы басқаратын шағын зауытта 1200 тонна отын әзірленді. Бүгіндері бұл өнім түрі Петропавлдан бөлек, Павлодар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларына жөнелтілуде. Кәсіпорын жұмысымен танысқан Серікқали Брекешев оң бағасын берді.
Майгүл СЕЙІЛБЕК,
журналист.