«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Айбынды әскер — ел қорғаны

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толады. Осы мерейлі дата қарсаңында өңірімізге Бас штабтың ақпараттық-түсіндіру тобы келіп, қорғаныс ведомствосы өкілдерімен кездесіп, Петропавл қаласындағы оқу орындарының студенттері мен оқушыларға ерлік сабақтарын өткізді. Бұл шараларға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысты.

1992 жылы 9 мамырда еліміздің армиясын құру және алғашқы Қорғаныс министрі етіп армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті тағайындау туралы Жарлықтарға қол қойылған болатын. Содан бері нормативтік-құқықтық базасы жетілдіріліп, әскеріміз заман талабына сай дамып келеді. 2000 жылы екінші Әскери доктрина қабылданып, реформалаудың басым бағыттары жүйеленді. Мемлекет қауіпсіздігінің кепілі саналатын Қазақстанның Қарулы Күштері әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердің түрлерін, арнайы әскерлерді, тыл, әскери оқу орындары мен ғылыми мекемелерді қамтитын іргелі құрылым болып табылады. Бейбіт кезеңде ол Әскери доктринаға және Қарулы Күштерді қолдану жоспарына сәйкес қорғаныс саласындағы міндеттерді орындайды. Оған әскери күшті, жауынгерлік даярлықты қамтамасыз ету, ел ішіндегі қақтығыстарды, мемлекеттік шекара немесе аумағының шегінде болған кез келген заңсыз қарулы күш көрсетуді тойтара алатын деңгейде ұстау, әуе кеңістігін, әскери нысандарды күзету, елдің кез келген аймағында жағдайды тұрақтандыру жөніндегі батыл іс-қимылға әзір болу, халықаралық міндеттемелерге орай бітімгершілік және өзге де операцияларға қатысу сияқты функциялар жүктелген.

Бас штабтың ақпараттық-түсіндіру тобы “Күшіміз – бірлікте”, “Айбынды әскер” атты әскери-патриоттық акциялар аясында жас буынның елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін ояту бағытында бірталай игі шаралар өткізді. Алдымен Мәңгілік алауға гүлшоқтарын қойып, қан майданда қаза тапқандарға тағзым етті. Кейін қорғаныс ведомствосы өкілдерімен, студенттермен және оқушылармен жүздесті. Қарулы Күштердің әлеуетін көрсететін көрме де ұйымдастырылды. Бұл шараларды өткізудегі негізгі мақсат – патриотизм негіздерін нығайту, әскери қызметтің беделі мен абыройын арттыру, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламалық құжаттарын түсіндіру, идеологиялық-тәрбиелеу жұмыстарын жандандыру. Шара соңы Қорғаныс министрлігі орталық ансамблі ұжымының патриоттық концертімен түйінделді.

Ақпараттық-түсіндіру тобы өз жұмысын еліміздің өзге өңірлерінде де өткізбек.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp