Біздің қоғамның аутизм туралы ақпараттану деңгейі төмен. Мұндай жағдайдағы баламен жұмысты барынша ерте бастаған жөн. Дер кезінде емделген балалардың басым бөлігі толыққанды әрі тәуелсіз өмір сүруге мүмкіндік алады.
Әлемде шамамен әрбір 59-шы баланың ағзасында аутистік спектрлі кемшіліктер байқалады. Аутизм немесе аутизм спектірінің бұзылуы ауру болып табылмайды. Неліктен дейсіздер ме? Өйткені аутизм спектірінің бұзылулары (АСБ) психика мен ми қызметінің ерекшелігі және ол өмір бойы солай қалады, алайда тұқым қумауы да мүмкін. Ерте диагностикалау және уақтылы көрсетілген көмек АСБ бар адамның қоғамда өмір сүруге бейімделуіне, өзін-өзі күтуіне, білім алуына, кәсіппен айналысуына мүмкіндік береді. Аутизмнің алғашқы белгісін 3 жасқа дейінгі мерзімде байқауға болады.
Егер ата-анасы баланың мынадай қылықтарын байқаса:
– оның атын атап шақырғанда жауап қатпаса;
– адамның көзіне қарамаса;
– бір қозғалысты жиі қайталай берсе;
– ойыншықтарға қызықпаса немесе жалғыз ойыншықпен ойнай берсе;
– жиі әрі орынсыз ашуланса.
Біздің өңірде аутизмге шалдыққан балалары бар отбасыларға тегін көмек көрсететін “Асыл Мирас” аутизм орталығы жұмыс істеді. Ол облыстық әкімдік, белсенді ата-аналар және Б.Өтемұратов қайырымдылық қорының қолдауымен 2019 жылдың 3 қазан күні ашылған болатын. Қазіргі таңда “Асыл Мирас” аутизм орталығында алты түзету бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіледі. Олар: “Ерте жаста қолдау”, “Өмірлік дағдыларды дамыту”, “Әлеуметтік дағдылар”, “JASPER”, “Оқу дағдыларын дамыту”, “Қарқынды курс”. Ең алдымен, аутизм спектрі бұзылған баланы диагностикадан өткізу керек, содан кейін ғана керекті бағдарламаға барып, үш айлық (қарқынды курс 10 күн) түзету сабақтарын өтеді. Бүгінгі күні ерте диагностикалаудың бірнеше жолдары бар, соның біріншісі – “ADOS-2” диагностика әдісі. Осы диагностика әдісі қазіргі күнде ең сенімді әдіс саналатындықтан бізде қолданылады.
“Асыл Мирас” орталығы мінез-құлықты талдаудың АВА әдістемесімен де жұмыс істейді. Бұл әдіс аутизмі бар балалардағы өзіне-өзі зиян келтіретін мінез-құлықты және ашушаңдықты тоқтатуға немесе азайтуға арналған. Сонымен қатар арнайы кезеңдер арқылы баланың әлеуметтік, оқу, қарым-қатынас және мінез-құлық дағдыларын жақсарту үшін қолданылатын терапия әдісі бар. Оның негізі – ризашылық белгісі (мотивационный стимул) болып табылады. Мысалы, тамақтың алдында қолын жуса немесе берген тапсырманы орындаған кезде ризашылық білдіру. Осылайша бала қандай іс-әрекетіне сыйақы алатындығын біледі. Бала сыйақы алуды жалғастыру үшін осы әрекеттерді қайталаса ғана берілетінін үйренеді. Бұл әдіс “Оқу дағдыларын дамыту” бағдарламасындағы сабақтар барысында іске асады. “Ерте жаста қолдау” бағдарламасында мамандарымыз денверлік модельді қолданып, балалардың сенсорлық және қозғалыс, қарым-қатынасты жақсарту, ақпаратты ұғыну дағдыларын дамытады. Сөйлеу дағдыларын дамыту, балаға өтініш білдіруге, назарын дамытуға көмектесетін бағдарлама “JASPER” деп аталады.
Аутизмі бар балалардың кіммен болса да қарым-қатынасқа түсуі қиынға соғады, сондықтан біздің орталығымызда “Әлеуметтік дағдылар” бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама аясында балалар басқа адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау, тыңдау және айналасындағылардың эмоциясын түсінуді үйренеді. “Өмірлік дағдыларды дамыту” бағдарламасы балаларға өзін-өзі күтуге және өзіне қамқорлық көрсетуге қажетті ептілікті меңгеруге көмектеседі. “Қарқынды курс” – алыс аудандардан келген ата-аналарға баланың дағдыларын үйде дамытуға арналған қысқаша жеке бағдарлама. Біздің мамандарымыз “Marcus Сrisis Prevention Program” (кризистік жағдайдың алдын алу) әдісін де меңгерген.
“Асыл Мирас” орталығында сабақтар АҚШ-ғы Калифорния университеті және Атлантадағы “Marcus Autism Center” әзірлеген американдық технологиялар бойынша өткізіледі. Бұл технологиялар тиімділігін дәлелдеді. Біздің орталықтың мамандары әрдайым өз тәжірбелері мен білімдерін шыңдап отырады.
Орталық мамандары аутизмге ұшыраған балалары бар ата-аналарды оқытуға баса назар аударады. Өйткені ата-ананың өзі баланың машықтарын дамыту үшін не істеу керек екенін, сонымен қатар сын сағаттарда қалай әрекет ету қажеттігін дұрыс түсінетін болса, баланың да, өзінің де қобалжу (стресс) деңгейі төмендейтіні іс жүзінде дәлелденген. Біздің сабақтарымызға балалардың әкесі немесе шешесі міндетті түрде қатысады. Олар үрдісті әрдайым қадағалап отырады және өз баласымен тіл табысуды да қоса үйренеді. Орта есеппен алғанда интервенция бағдарламасын өткен соң балалардың дағдылары екі есе жақсарады.
“Асыл Мирас” орталығы ашылғаннан бастап 587 бала интервенция бағдарламасынан өтті, ал 89 бала өз кезектерін күтуде. Бізге кезекке тұру үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациядан өту қажет. Өйткені ата-ана өз баласының дамуында қандай да бір ауытқуды байқаған кезде алдымен сонда барады. Егер аутистік спектордың ауытқуларын сол жердің мамандары байқаса, бізге жолдама жазып береді.
Біздің орталығымызда 13 педагог жұмыс істейді. Барлығы – аутизмі бар балалармен жұмыс істеу әдістерін жақсы меңгерген мамандар. Жеті дефектолог пен алты психолог маман балаларға керекті қарапайым дағдыларды үйретеді.
Құралай САҚТАҒАНОВА,
“Асыл Мирас” аутизмі бар балаларды қолдау орталығының маманы.