«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

СҮТ ФЕРМАЛАРЫН САЛУДАН АЛДАМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізі және халықтың әл-ауқатын жақсартатын ең маңызды сала. Агроөнеркәсіптік кешеннің басым міндеттерінің бірі – озық жобаларды іске асыру, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу, сапалы тамақ өнімін шығару болып табылады. Соның ішінде сүт өндірісін дамыту көп қаржымен қатар тынымсыз еңбекті қажет етеді және де мал азығының мықты базасы болуы шарт. Сонда ғана серпіліс болары анық. Малсақ қауым “сиырдың сүті – тілінде” екенін жақсы біледі. Соңғы жылдары облыста сүт өнеркәсібіне инновациялық технологияларды кеңінен қолдана отырып, тасымал шығынын, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге басымдық берілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа келген сапарында жаңа жобаларды мейлінше көбейту міндетін қойған болатын. “Еңбек өнімділігін екі жарым есе арттыру – жүзеге асыруға болатын жоспар. Тек істі дұрыс қолға алу қажет. Алға қойған міндеттерді орындай алмасақ, экономикамыз тұрақты алға баса алмайды”, – деді Президент.

Соңғы үш жылда қуаты 36 мың тонна сүт өндіруге жететін 12 заманауи ферма және 3 мал бордақылау алаңы салынды. 2020 жылы 4 млрд. теңгеге 10 жоба қаржыландырылды. Осының арқасында өңір тауарлы-сүт фермаларын салудан республикада көшбасы болып отыр. Былтыр бұл қарқын еселене түсті. Жалпы бұл салада 48 млрд. теңгеден астам қаражатқа 34 жоба іске асырылса, соның ішінде 9 мың басқа арналған 16 сүт фермасы бой көтерді. Осылайша өндірістік қуаттылық қосымша 45 мың тоннаға көбейтілді. Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Полудинское” ЖШС сауын сиыр санын 420 бастан 1200-ге дейін жеткізді. Еуропа елдерінен (Австрия, Венгрия, Чехия) симменталь және голштейн тұқымдас 241 қашар әкелді. Кешенде шетелдік “Вестфалия” фирмасының 40 басқа шақталған “әткеншек” түріндегі сауу құрылғысы орнатылған. Бұл – облыстың сүт фермаларында орнатылған осындай төртінші жабдық, оның басты артықшылығы – сауу процесінде уақыт көп үнемделеді, ең бастысы, сүттің сапасына толық кепілдік беріледі.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Привольное ауылында 640 басқа лайықталған екі сүт сауу цехы салынып, шетелдік жабдықтар орнатылды. Германиядан 466 бас симментал тұқымды ірі қара әкелінді. “Ебжанов және К” ЖШС Есіл ауданының Амангелді ауылында 400 басқа арнап сауын кешенін тұрғызды. Ресейдің “Синергия” фирмасының екі сауу қондырғысы орнатылды. “Әдемі-Астық” ЖШС Айыртау ауданында 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын іске қосты. “Дейри мастер” фирмасының (Ирландия) сауу қондырғысы қойылды. Қызылжар ауданында “Петерфельд” ЖШС-да екінші тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Табын Германиядан сатып алынған 600 бас симменталь тұқымды қашармен толықты. “Рич Номад Норд” (Қызылжар ауданы), “Колос” ШҚ (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан), “Ишим-Агро” ЖШС (Тимирязев ауданы) жобаларды аяқтауға жақын.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан “Возвышенка СК” ЖШС абердин-ангус тұқымды ірі қара өсірумен 2012 жылдан бері айналысады. Енді сүт өндірудің тиімді екенін ескеріп, 1800 басқа арналған сүт кешенін салуды қолға алды. Бұл – облыстағы ең ірі жобалардың бірі. Мұнда сауу жабдықтарын орнату үш жыл ішінде кезең-кезеңмен атқарылады. “Қызылжар МТС Агро”, “УК Әділ”, “Жа групп”, “Борисфен”, “Гагарино”, “Алисарай”, “Норд Строй” шаруашылықтары 200-600 басқа шақталған фермалар құрылысын бастады. Жамбыл және Шал ақын аудандарында алғашқы сүт кешендері пайда болады.

Осы заманғы диагностикалық аппараттар арқылы мал ауруын анықтаудың және емдеудің технологиялық картасы әзірленген. Құнарлы мал азығымен азықтандырудың толық түзілімі жасалған. Осыған орай ветеринарлық қызмет те жақсара түскен. Мұның бәрі тұтынушылардың аққа деген сұранысын қанағаттандырып, жергілікті азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мал басын өз төлі есебінен асылдандыруға айтарлықтай септігін тигізіп отыр.

Соңғы кездері өрісте негізінен асылтұқымды ірі қара көбейе бастады. Украинадан голштейн тұқымды төлдер әкелінді. Мамандардың айтуынша, голштейн – таза сүтті бағыттағы сиыр. Өнімділігі өте жоғары. 4 жыл ішінде алыс және жақын шетелдерден асылтұқымды 12 мыңнан астам асылтұқымды ірі қара малы әкелінді.

Бүгінде өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермаларын іске қосу есебінен сүт өндіру көлемі ұлғайып, сүт зауыттарының қуаттылығы артты, импортқа тәуелділік азайды. 2017 жылы 546 мың тонна, 2021 жылы 635 мың тонна өндірілді. Яғни, өсім 6,2 пайызды құрады. 2017 жылы шаруашылықтар бойынша өндірілетін сүттің үлесі 29 пайыз болса, былтыр 36 пайызға жетті. Сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 5 пайызға ұлғайып, күрделі жөндеу және жаңа желілерді іске қосу есебінен қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаты 255 мың тоннадан 348 мың тоннаға дейін немесе 36 пайызға артты. Озық жобаларды игеру 900-ге жуық жұмыс орнын құруға, сүт өндірісін 45 мың тоннаға ұлғайтуға, шығарылатын дайын өнім түрлерін көбейтуге, экспортты, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бір сиырға шаққанда орташа көрсеткіш 5404 литрден айналады. Еліміз бойынша бұл өнімнің оннан бірін біздің облыс береді. Жиналатын сүттің мөлшері молайған сайын оны өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың да жүктемесі еселенеді. Соған сәйкес май – 28, үнтақталған сүт – 26, ірімшік пен сүзбе 14,8 пайызға көбірек шығарылды. 6 млрд. теңгеге жүргізілген жаңғыртулардың нәтижесінде “Маслодел” және “Молочный союз” кәсіпорындары жылына 247 мың тонна дайын өнім өндіре алады.

Қазіргі таңда өңірде сүт өндірумен 90-нан астам шаруашылық белсенді түрде шұғылданады, соның ішінде 29 заманауи сүт кешені жұмыс істейді, 22-сі соңғы үш жылда тұрғызылған. Сүт өндірудің цифрлық бағдарламалары қабылданып, 11 кешеннің құрылысы жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 5600 бас сауын сиырға лайықталған 8 ферманы пайдалануға беру жоспары бар. Олар толық қуатына көшкен кезде қосымша 28 мың тонна өнім өндіріледі. Бұл фермалар ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға айтарлықтай ықпал етеді.

Биыл 675 мың тонна сүт өндіру жоспарланған. “Солтүстік” ӘКК арқылы мал шаруашылығындағы жобалар қаржыландырылады. Қаржы 8 жыл мерзімге жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. 10 жылға дейінгі 6 пайыздық жеңілдікпен берілетіні де бар. Техникалар мен жабдықтар сатып алу, құрылыс-монтаж жұмыстарына кеткен инвестициялық салымдар 25 пайызға өтеледі. Фермалардың қуаттылығына байланысты сүт өндіру шығындарын арзандату мақсатымен өнімнің әр литріне 10-35 теңге көлемінде субсидия төленеді. Асыл тұқымды мал сатып алу да субсидияланады. Оның бағасы – 200-400 мың теңге аралығында.

Ауыл шаруашылығы – негізгі ресурсымыз, оның әлеуетін толық пайдаланудың ішкі мүмкіндіктері мол. Мемлекет те фермерлерге өз өнімдерін ұқсатуға, сыртқа шығарып сатуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізаттан бас тарта отырып, өнім өңдейтін кәсіпорындардың әлеуетін барынша пайдалану – маңызды міндетердің бірі. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары экономиканың өсу қарқынын және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. 4 бағыттан және 87 іс-шарадан тұратын бағдарламаларды жүзеге асыруға 1,8 трлн. теңге, соның ішінде 1,3 трлн. теңге инвестиция қарастырылған. Кешенді жоспар аясында 29,8 мың бас малға арналған 52 тауарлы-сүт фермасы, 3 бордақылау алаңы, 2 құс фабрикасы, құрамажем зауыты, жылыжай салынады. Агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігі 2,5 есе артып, 1,6 мың жұмыс орындары құрылады. 2025 жылға таман сүт өндірісінің мөлшері 1 млн. тоннаға дейін жеткізілмек.

Мейрам МЕҢДІБАЕВ,

облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp