«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗУ ЖИІЛЕГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыстық департаментінің басшысы Ләзім Мияшева мен “Солтүстік Қазақстан тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Надежда Дубовая тұтынушылардың құқықтарын қорғаудағы өзекті мәселелер жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді.

Ләзім Ысмағұлқызы атқарған кешенді шараларға қарамастан тұтынушылардың құқықтары көп бұзылатынын алға тартты. Уәкілетті органдар мен оның аумақтық бөлімшелері шағымдарға дер кезінде назар аударып, тиісті шешім табуына барынша ықпал етіп келеді. 2020 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне азаматтар мен заңды тұлғалардан 216 ауызша және жазбаша өтініш келіп түскен. Өкінішке қарай, былтыр бұл көрсеткіш 3 есеге артып, арыз-шағымдар саны 641-ге жеткен. Жүргізілген мониторингтік талдауларға сәйкес өңір тұрғындарының құқықтары көбіне сауда орындарында жиі бұзылатын көрінеді. Тиісті органдарға жүгінген адамдардың 74,6 пайызы бөлшек және электрондық саудаға көңілдері толмайтындарын білдірген.

“Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Заңда белгіленген міндеттер тиісті түрде орындалмайтыны, сапасыз қызметтер көрсетілетіні рейдтер барысында да расталған. Сатушылар тұтынушылардың талаптарын қанағаттандыруға міндетті екендіктерін біле тұра, орындаудан бас тартқан бірнеше жағдай кездескен.

Тұтынушылар да өздерінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғай бермейді. Оған бір жағынан заң нормаларын жете білмеуі себеп. “Солтүстік Қазақстан тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Надежда Дубовая осы салада қызмет еткен 30 жылдық тәжірибесімен бөлісті.

– Тұтынушылар құқығын қорғау оңай емес. Түрлі заң бұзушылықтар заңды терең білмеуден, құқықтық сауатсыздықтан туындап жатады. Сондықтан құқықтық түсіндіру жұмыстарын ширату керек. Соңғы екі жылда бізге 320 шағым түсіп, 110-ы қанағаттандырылды. Бұдан сауда орындары өздерінің міндеттеріне жүрдім-бардым қарайтынын көреміз. Кейде түрлі акциялармен қызықтыра отырып, келісімшартқа қол қойдыртып алады. Кейін ешқандай жеңілдіктер жасалмаған болып шығады, – деді өз сөзінде Надежда Владимировна.

Алтынай ҚАЗИҚАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp