Қала әкімі Болат Жұмабеков шаһар тұрғындарымен кездесіп, қызылжарлықтардың көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Облыс орталығы басшысының есепті кездесуі оффлайн және онлайн форматта қатар өтті.
Алдымен шаһар басшысы 2021 жылы атқарылған жұмыстарды саралады. Белгілі болғандай, былтыр жергілікті бюджетке түскен қаражат 62,9 млрд. теңгені құраған. Салық және басқа да міндетті төлемдер түрінде түскен сома – 44,1 млрд. теңге.
– 2022 жылға бекітілген қалалық бюджет 51,9 млрд. теңгені құрады. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 242,2 млрд. теңгеге жетті. Осылайша 2020 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш былтыр 21,7 пайызға өсті. Машина жасау кәсіпорындарында шығарылған өнім көлемі 63,5 млрд. теңге болып отыр. Мұнда да өсім байқалады. 2021 жылы салынған инвестиция көлемі 123,6 млрд. теңгені құрады. Әрине, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына 2019 жылы ашылған “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы өз септігін тигізді. Облыс орталығында “Петропавл электротехникалық зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі трансформаторлар құрастыра бастады. Оның жылдық қуаты – 13 мың дана. Сондай-ақ “CLAAS” компаниясының ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауыты ашылды. Былтыр 92 комбайн шығарып үлгерді. Биыл тағы 253-і шаруалардың қолына тимек. “Солтүстік фанера комбинаты” серіктестігі де ламинатталған фанера жасау ісін қолға алып, 160 жаңа жұмыс орнын ашты, – деді Болат Серікұлы.
Қала әкімі Петропавлдағы құрылыстың жайына да тоқталды. Өткен жылдың өзінде шаһардың үш шағынауданында 51 учаскеде құрылыс жүрді, 16 нысан халық игілігіне беріліп үлгерді. Көпқабатты үйлердің 29-ы бюджет қаржысына, 22-сі жеке инвесторлардың ақшасына тұрғызылуда. Биыл бұл қарқыннан таймай, пәтер кезегінде тұрғындарға арналған 21, коммерциялық 14 баспана салынып бітеді. Сонымен қатар жергілікті қазына есебінен тағы да 10 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарланып отыр. 9-ы қазіргі Копай шағынауданында салынады. Жалпы бұл шағынаудандағы 44,6 гектар алқапты алып жатқан аумақта 27 көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарда бар.
Болат Серікұлы өткен жылы қала аулаларын абаттандыру жұмыстарына қомақты қаражат бөлінгенін атап өтті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің мәліметінше, былтыр 139,1 шаршы метр аумақты алатын 71 аулаға асфальт төселді. Биыл әкімдіктегі кезек бойынша 77 көпқабатты үйдің маңында тиісті жұмыстар атқарылады. Бұдан бөлек, тегін автотұрақтар салу да осы жылы жалғасын табады. Былтыр көліктерге арналған 76 орын жабдықталса, биыл 26-сын салу жоспарланып отыр. Баспаналардың жанында балаларға арналған ойын алаңқайларын тұрғызу да тоқтамайды. 2021 жылы 60 ойын алаңы жаңартылса, осы жылы 87-сі жөнделеді.
Қала әкімінің есептік кездесуінің екінші бөлігі сұрақ-жауап түрінде жалғасты. Тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды. Мәселен, “Береке” шағынауданының тұрғындары әлі күнге дейін саламатты өмір салтын ұстанатындар үшін спортпен айналысуға жағдай жасалмағанына шағымданды. – Дәл қазір “Берекеде” спорттық кешен тұрғызу жоспарда жоқ. Дегенмен Назарбаев зияткерлік мектебі жанында бос алаң бар. Сол жерде спорттық нысан салу жобасы да әзірленген. Қаржы табылған кезде осы істі қолға аламыз, – деді қала әкімі.
Кездесуде қалалықтар жолдардың сапасына қатысты шағымдарын білдіріп жатты. Әсіресе “Орман” шағынауданында Нұрлы жол көшесі бойымен көлік түгіл жаяу өтудің өзі қиын. Тұрғындар амалсыздан “темір тұлпарларын” “Аққайың” балабақшасының жанында қалдырып, әрі қарай жаяу кетуге мәжбүр.
– Жол – өзекті мәселенің бірі, бұл түйткілді шешуді жоспарға енгіздік. Қажетті қаражатты қарастырып жатырмыз, осы сұрақтың шешімін табамыз, – деп сендірді шаһар басшысы. “Орман” шағынауданында жолдан да басқа мәселелер жетіп артылады екен. Біріншісі – мектептің жоқтығы, екіншісі – қоқыс жәшіктерінің қойылмауы. Бұл екі мәселе де көп жылдар бойы “баяғы жартас, сол жартас” күйінде келеді.
– Мектеп салу туралы қазір ештеңе айта алмаймын. Ал қоқыс жәшіктерін орнату үшін тұрғындармен кездесу өткізіп, коммуналдық кәсіпорынмен келісімшарт жасасуға септесемін, – деді қала әкімі.
Облыс орталығындағы Астана мен Интернационал көшелерінің қиылысындағы көтерме сауда базары басқа жерге көшірілгені белгілі. Қазір саудагерлер Зауыт көшесінде шоғырланған. Жергілікті кәсіпкерлер базар жаққа қоғамдық көлік аз қатынайтынына шағымданды. Олардың айтуынша, көлік болмаған соң тұтынушылар қатары да сиреген.
– Базарға 24, 6, 2-ші бағыттағы автобустармен қатар 101 нөмірлі автобус тоқтаса, жақсы болар еді. Қала тұрғындарына да ыңғайлы, біздің де тұтынушыларымыз көбейер еді, – деді саудагерлер. Шаһар басшысы бұл мәселені шешу үшін қоғамдық көлік иелерімен кездесу керек екеніне назар аударып, мүмкіндігінше көмектесетінін жеткізді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.