«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУТИЗМ ЕРТЕ АНЫҚТАЛСА, бала қоғамда өмір сүруге тез бейімделеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің қоғамның аутизм туралы ақпараттану деңгейі төмен. Мұндай жағдайдағы баламен жұмысты барынша ерте бастаған жөн. Дер кезінде емделген балалардың басым бөлігі толыққанды әрі тәуелсіз өмір сүруге мүмкіндік алады.

Әлемде шамамен әрбір 59-шы баланың ағзасында аутистік спектр­лі кемшіліктер байқалады. Аутизм не­месе аутизм спектірінің бұзылуы ауру болып табылмайды. Неліктен дейсіздер ме? Өйткені аутизм спек­тірінің бұзылулары (АСБ) психика мен ми қызметінің ерекшелігі және ол өмір бойы солай қалады, алайда тұқым қумауы да мүмкін. Ерте диаг­ностикалау және уақтылы көр­се­тілген көмек АСБ бар адамның қо­ғамда өмір сүруге бейімделуіне, өзін-өзі күтуіне, білім алуына, кә­сіп­пен айналысуына мүмкіндік береді. Аутизмнің алғашқы белгісін 3 жасқа дейінгі мерзімде байқауға болады.

Егер ата-анасы баланың мына­дай қылықтарын байқаса:

– оның атын атап шақырғанда жауап қатпаса;

– адамның көзіне қарамаса;

– бір қозғалысты жиі қайталай берсе;

– ойыншықтарға қызықпаса неме­се жалғыз ойыншықпен ойнай бер­се;

– жиі әрі орынсыз ашуланса.

Біздің өңірде аутизмге шалдыққан балалары бар отбасыларға тегін кө­мек көрсететін “Асыл Мирас” аутизм орталығы жұмыс істеді. Ол облыстық әкімдік, белсенді ата-аналар және Б.Өтемұратов қайырымдылық қорының қолдауымен 2019 жылдың 3 қазан күні ашылған болатын. Қазіргі таңда “Асыл Мирас” аутизм орталығында алты түзету бағдарла­масы бойынша жұмыс жүргізіледі. Олар: “Ерте жаста қолдау”, “Өмірлік дағдыларды дамыту”, “Әлеуметтік дағдылар”, “JASPER”, “Оқу дағды­ла­рын дамыту”, “Қарқынды курс”. Ең алдымен, аутизм спектрі бұзылған баланы диагностикадан өткізу ке­рек, содан кейін ғана керекті бағдар­ламаға барып, үш айлық (қарқынды курс 10 күн) түзету сабақтарын өте­ді. Бүгінгі күні ерте диагностика­лаудың бірнеше жолдары бар, соның біріншісі – “ADOS-2” диагнос­тика әдісі. Осы диагностика әдісі қа­зіргі күнде ең сенімді әдіс сана­латындықтан бізде қолданылады.

“Асыл Мирас” орталығы мінез-құлықты талдаудың АВА әдістеме­сімен де жұмыс істейді. Бұл әдіс ау­тизмі бар балалардағы өзіне-өзі зиян келтіретін мінез-құлықты және ашушаңдықты тоқтатуға немесе азайтуға арналған. Сонымен қатар арнайы кезеңдер арқылы баланың әлеуметтік, оқу, қарым-қатынас және мінез-құлық дағдыларын жақ­сарту үшін қолданылатын терапия әдісі бар. Оның негізі – ризашылық белгісі (мотивационный стимул) бо­лып табылады. Мысалы, тамақтың алдында қолын жуса немесе берген тапсырманы орындаған кезде риза­шылық білдіру. Осылайша бала қан­дай іс-әрекетіне сыйақы алатынды­ғын біледі. Бала сыйақы алуды жал­ғастыру үшін осы әрекеттерді қай­таласа ғана берілетінін үйренеді. Бұл әдіс “Оқу дағдыларын дамыту” бағдарламасындағы сабақтар ба­ры­сында іске асады. “Ерте жаста қолдау” бағдарламасында маман­да­рымыз денверлік модельді қолда­нып, балалардың сенсорлық және қозғалыс, қарым-қатынасты жақ­сарту, ақпаратты ұғыну дағдыларын дамытады. Сөйлеу дағдыларын да­мыту, балаға өтініш білдіруге, наза­рын дамытуға көмектесетін бағдарлама “JASPER” деп аталады.

Аутизмі бар балалардың кіммен болса да қарым-қатынасқа түсуі қиынға соғады, сондықтан біздің ор­талығымызда “Әлеуметтік дағды­лар” бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама аясында балалар басқа адамдармен дұрыс қарым-қа­тынас жасау, тыңдау және айна­ла­сындағылардың эмоциясын түсі­нуді үйренеді. “Өмірлік дағдыларды да­мыту” бағдарламасы балаларға өзін-өзі күтуге және өзіне қамқорлық көрсетуге қажетті ептілікті меңгеруге көмектеседі. “Қарқынды курс” – алыс аудандардан келген ата-ана­ларға баланың дағдыларын үйде дамытуға арналған қысқаша жеке бағдарлама. Біздің мамандарымыз “Marcus Сrisis Prevention Program” (кри­зистік жағдайдың алдын алу) әдісін де меңгерген.

“Асыл Мирас” орталығында са­бақтар АҚШ-ғы Калифорния универ­ситеті және Атлантадағы “Marcus Autism Center” әзірлеген американ­дық технологиялар бойынша өткізі­леді. Бұл технологиялар тиімділігін дәлелдеді. Біздің орталықтың маман­дары әрдайым өз тәжірбелері мен білімдерін шыңдап отырады.

Орталық мамандары аутизмге ұшыраған балалары бар ата-аналарды оқытуға баса назар аудара­ды. Өйткені ата-ананың өзі баланың машықтарын дамыту үшін не істеу керек екенін, сонымен қатар сын са­ғаттарда қалай әрекет ету қажеттігін дұрыс түсінетін болса, баланың да, өзінің де қобалжу (стресс) деңгейі тө­мендейтіні іс жүзінде дәлелденген. Біздің сабақтарымызға балалардың әкесі немесе шешесі міндетті түрде қа­тысады. Олар үрдісті әрдайым қа­дағалап отырады және өз баласы­мен тіл табысуды да қоса үйренеді. Орта есеппен алғанда интервенция бағдарламасын өткен соң балалар­дың дағдылары екі есе жақсарады.

“Асыл Мирас” орталығы ашыл­ған­нан бастап 587 бала интервен­ция бағдарламасынан өтті, ал 89 бала өз кезектерін күтуде. Бізге ке­зекке тұру үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық кон­сультациядан өту қажет. Өйткені ата-ана өз баласының дамуында қандай да бір ауытқуды байқаған кезде алдымен сонда барады. Егер аутистік спектордың ауытқуларын сол жердің мамандары байқаса, бізге жолдама жазып береді.

Біздің орталығымызда 13 педагог жұмыс істейді. Барлығы – аутизмі бар балалармен жұмыс істеу әдіс­терін жақсы меңгерген мамандар. Жеті дефектолог пен алты психолог маман балаларға керекті қара­па­йым дағдыларды үйретеді.

Құралай САҚТАҒАНОВА,

“Асыл Мирас” аутизмі бар балаларды қолдау орталығының маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp