Облыстық кәсіпкерлер палатасының аймақтың кеңесі өткізген отырыста жергілікті тауар жеткізушілер шешілмей жүрген мәселелерін көтерді. Олардың басым бөлігі “Magnum” сауда желісінің жұмыс істемеуіне қатысты болды.
– “Magnum” дүкендеріндегі сөрелерде негізінен импорт тауарларды кездестіруге болады. Сауда желісінде отандық өнім көлемі аз. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлердің көтерген сұрағы орынды екенін атап өткен жөн, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.
Отырысқа қатысқан “Казмясопродукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Татьяна Куликова өздері шығаратын ет өнімдері “Magnum” сауда желісінде аз көлемде саудаланатынына назар аударды.
– Бұрындары бұл дүкендерде өнімдеріміздің 50 түрі саудаланатын. Қазіргі уақытта көп дегенде 17 түрі ғана сөрелерге қойылады. “Magnum” сауда желісінің өкілдері жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға құлықсыз. Не себептен екені біз үшін белгісіз болып отыр, – деді Татьяна Куликова.
“Magnum” сауда желісінің аймақтық директоры Семен Тишковец бұл мәселе жөнінде түсініктеме берді. Оның айтуынша, қазіргі күні компания қағазбастылықтан арылу үшін құжаттама жүргізу ісін электрондық форматқа көшіруде. Осы жұмысты тиянақтап алған соң, жергілікті тауар өндірушілердің өнім түрлерін көбейтуді қолға алатынын айтты. Ол жиын барысында ғана солтүстікқазақстандық шұжықтардың сапасы белоруссиялық және ресейлік баламасынан қаншалықты жоғары екенін сұрап білді.
– Көрші елдердің шұжықтары сиыр етінен емес, тауық етінен жасалады. Сондықтан олардың бір килограмының бағасы 1200 теңге, ал біздің өнім сиыр етінен болған соң 1800-2200 теңгеге саудаланады. Біздің өнім сапасы жағынан жоғары екені даусыз, – деді “Казмясопродукт” ЖШС-ның өкілі.
Семен Тишковецтің айтуынша, “Magnum” дүкендері отандық өнімдерді қолдайтынын жеткізді. Сондықтан жақын арада бұл мәселе шешіліп, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері сөрелерге көптеп қойылатыны жөнінде уәде берді.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.