«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қала әкімі Болат Жұмабеков шаһар тұрғындарымен кездесіп, қызылжарлықтардың көкейлерінде жүрген сұрақта­рына жауап берді. Облыс орталығы басшысының есепті кездесуі офф­лайн және онлайн форматта қатар өтті.

Алдымен шаһар басшысы 2021 жылы атқарылған жұмыстарды сара­лады. Белгілі болғандай, былтыр жер­гілікті бюджетке түскен қаражат 62,9 млрд. теңгені құраған. Салық және басқа да міндетті төлемдер тү­рінде түскен сома – 44,1 млрд. теңге.

– 2022 жылға бекітілген қалалық бюджет 51,9 млрд. теңгені құрады. Статистикалық мәліметтерге қара­сақ, өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 242,2 млрд. теңгеге жетті. Осы­лайша 2020 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш былтыр 21,7 пайызға өсті. Машина жасау кәсіпорын­да­рында шығарылған өнім көлемі 63,5 млрд. теңге болып отыр. Мұнда да өсім байқалады. 2021 жылы салын­ған инвестиция көлемі 123,6 млрд. теңгені құрады. Әрине, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына 2019 жылы ашылған “Qyzyljar” ар­найы экономикалық аймағы өз сеп­тігін тигізді. Облыс орталығында “Пет­ропавл электротехникалық за­уыты” жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігі трансформаторлар құрас­ты­ра бастады. Оның жылдық қуаты – 13 мың дана. Сондай-ақ “CLAAS” компаниясының ауыл шаруашылы­ғы техникаларын құрастыратын зауыты ашылды. Былтыр 92 комбайн шығарып үлгерді. Биыл тағы 253-і ша­руалардың қолына тимек. “Солтүстік фанера комбинаты” серіктестігі де ламинатталған фанера жасау ісін қолға алып, 160 жаңа жұмыс орнын ашты, – деді Болат Серікұлы.

Қала әкімі Петропавлдағы құры­лыс­тың жайына да тоқталды. Өткен жылдың өзінде шаһардың үш ша­ғынауданында 51 учаскеде құрылыс жүрді, 16 нысан халық игілігіне бе­ріліп үлгерді. Көпқабатты үйлердің 29-ы бюджет қаржысына, 22-сі жеке инвесторлардың ақшасына тұрғызы­луда. Биыл бұл қарқыннан таймай, пәтер кезегінде тұрғындарға арнал­ған 21, коммерциялық 14 баспана са­лынып бітеді. Сонымен қатар жер­гілікті қазына есебінен тағы да 10 көп­пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарланып отыр. 9-ы қа­зіргі Копай шағынауданында салы­нады. Жалпы бұл шағынаудандағы 44,6 гектар алқапты алып жатқан аумақта 27 көппәтерлі тұрғын үй салу жос­парда бар.

Болат Серікұлы өткен жылы қала аулаларын абаттандыру жұмыста­рына қомақты қаражат бөлінгенін атап өтті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолда­ры және жолаушылар тасымалы бө­лі­мінің мәліметінше, былтыр 139,1 шаршы метр аумақты алатын 71 ау­лаға асфальт төселді. Биыл әкімдік­тегі кезек бойынша 77 көпқабатты үй­дің маңында тиісті жұмыстар атқары­лады. Бұдан бөлек, тегін автотұрақ­тар салу да осы жылы жалғасын та­ба­ды. Былтыр көліктерге арналған 76 орын жабдықталса, биыл 26-сын салу жоспарланып отыр. Баспана­лар­дың жанында балаларға арнал­ған ойын алаңқайларын тұрғызу да тоқтамайды. 2021 жылы 60 ойын алаңы жаңартылса, осы жылы 87-сі жөнделеді.

Қала әкімінің есептік кездесуінің екінші бөлігі сұрақ-жауап түрінде жал­ғасты. Тұрғындар көкейлерінде жүр­ген сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды. Мәселен, “Береке” шағынау­да­нының тұрғындары әлі күнге дейін саламатты өмір салтын ұстанатын­дар үшін спортпен айналысуға жағ­дай жасалмағанына шағымданды. – Дәл қазір “Берекеде” спорттық кешен тұрғызу жоспарда жоқ. Дегенмен На­зарбаев зияткерлік мектебі жанында бос алаң бар. Сол жерде спорттық нысан салу жобасы да әзірленген. Қаржы табылған кезде осы істі қолға аламыз, – деді қала әкімі.

Кездесуде қалалықтар жолдар­дың сапасына қатысты шағымдарын білдіріп жатты. Әсіресе “Орман” ша­ғынауданында Нұрлы жол көшесі бо­йымен көлік түгіл жаяу өтудің өзі қиын. Тұрғындар амалсыздан “темір тұлпарларын” “Аққайың” балабақ­шасының жанында қалдырып, әрі қа­рай жаяу кетуге мәжбүр.

– Жол – өзекті мәселенің бірі, бұл түйткілді шешуді жоспарға енгіздік. Қажетті қаражатты қарастырып жа­тыр­мыз, осы сұрақтың шешімін таба­мыз, – деп сендірді шаһар басшысы. “Орман” шағынауданында жолдан да басқа мәселелер жетіп артылады екен. Біріншісі – мектептің жоқтығы, екіншісі – қоқыс жәшіктерінің қойыл­мауы. Бұл екі мәселе де көп жылдар бойы “баяғы жартас, сол жартас” күйінде келеді.

– Мектеп салу туралы қазір еште­ңе айта алмаймын. Ал қоқыс жәшік­терін орнату үшін тұрғындармен кез­десу өткізіп, коммуналдық кәсіп­орынмен келісімшарт жасасуға сеп­те­семін, – деді қала әкімі.

Облыс орталығындағы Астана мен Интернационал көшелерінің қиы­лысындағы көтерме сауда базары басқа жерге көшірілгені белгілі. Қазір саудагерлер Зауыт көшесінде шо­ғырланған. Жергілікті кәсіпкерлер ба­зар жаққа қоғамдық көлік аз қаты­найтынына шағымданды. Олардың айтуынша, көлік болмаған соң тұты­ну­шылар қатары да сиреген.

– Базарға 24, 6, 2-ші бағыттағы автобустармен қатар 101 нөмірлі ав­тобус тоқтаса, жақсы болар еді. Қала тұрғындарына да ыңғайлы, біздің де тұтынушыларымыз көбейер еді, – деді саудагерлер. Шаһар басшысы бұл мәселені шешу үшін қоғамдық кө­лік иелерімен кездесу керек екеніне назар аударып, мүмкіндігінше көмектесетінін жеткізді.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp