«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ЖЕҢІС – ТӨККЕН ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұландарымыз әлемдік деңгейдегі додаларда атой салса, төбеміз көкке жеткендей қуанамыз. Жамбыл ауданына қарасты Орталық ауылының тумасы, грек-рим күресінің шебері Аманғали Бекболатов қай жарысқа қатыспасын, жанкүйерлерін жерге қаратқан кезі жоқ. Жақында еліміздің үш дүркін чемпионы, бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазымен жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Аманғали Нұрболатұлы, балуандық қазақ баласының қанында бар қасиет қой. Бірақ бойында бұла күші тасып тұрағанымен көбі кәсіби спортқа бара бермейді. Сіз күреске қалай келдіңіз?

– Ауылда туып-өстік. Бала кезімізден жазда көкмайса шөпте, қыста ақұлпа қарда алысып-жұлысып жүріп ержеттік қой. Мен өзім өзге спорттан гөрі күреске жақын болдым. Кіммен белдессем де, шапшаңдығымның ар­қасында ешкімге алдырмайтынмын. Иә, ауыл балаларының ішінде кіш­кен­тай кезінде күреспегені жоқ шы­ғар. Мен де бозкілем төрінде атой са­луды армандадым. Әкем де балам ба­луан болады деп ауылдағы күрес үйірмесіне берді. Күрес әліппесін ауылда үйрендім.

– Алғашқы жарысыңыз есіңізде ме? Ол қандай деңгейдегі бәсеке еді? Нешінші орын алдыңыз?

– Бірінші жарысым – 2010 жылы Мамлют ауданына қарасты Бексейіт ауылында өткен облыс чемпионаты еді. Бұл – үлкен спорттағы ең ал­ғашқы қадамым. Бойымда жеңіске де­ген жігерден гөрі, қорқыныш пен үрей басымырақ болды. Жұртшылықтың сенімін ақтай алмай қаламын ба деп алаңдадым. Әйтсе де бар білетін әдіс-тәсілімді жасап, күміс жүлдегер атандым. Әрине, алғашқы жүлде әр спортшы үшін ыстық. Осыдан кейін күреске деген құлшынысым артып, тынбай жаттығатын болдым.

– Жасөспірімдер, жастар арасында ұлттық құрамада күрестіңіз. Қазір ересектер арасында еліміз­дің намысын қорғап жүрсіз. Сал­мақ ауыстырдыңыз ба?

– Жастар арасындағы жарыстарда 50 килограмм салмақта сан мәрте топ жардым. Осы салмақта өзімді жақ­сы сезінемін. Сондықтан салмақ ауыстырған жоқпын. Жастар арасында еліміздің үздік балуаны атансам, ересектер арасында қатарынан бір­неше жыл күміс жүлдегер болдым. Аллаға шүкір, биыл ел чемпиона­тында жеңіске жеттім.

– Күресте оң жамбасыңызға ке­ле­тін сүйікті әдісіңіз қандай?

– Бозкілемдегі сүйікті әдістерімнің бірі – қарсыластың арт жағына шы­ғып кетіп, құлату, ал партерде ұпай алу үшін түрлі айланы қолданамын. Қарсыластың белінен ұстап оңға не­месе солға қарай бірнеше рет айналдыру қажет. Әрине, күресте жылдам­дық, шапшаңдық керек. Бір ғана әдіс­ті қолданамын деу қателік. Сондықтан әртүрлі айла-тәсілге баруға ты­рысамын.

– Сіз күрестің бұл түрімен қанша жыл айналысып келесіз? Қай жа­рыста алған жүлдеңіз сіз үшін бә­рінен құнды?

– Мен грек-рим күресімен 12 жыл бойы айналысып келемін. Осы жыл­дар ішінде талай додада жүлдегер атандым. Бұл – мен үшін үлкен же­тістік. Маған, жалпы барлық спортшы үшін әр жарыстан алған медаль қымбат. Десе де, спортшының ал­ғашқы мақсаты – ел абыройын ас­қақтату. Әлемдік ареналарда қазақ дей­тін халық бар екенін таныту. Бай­рағыңды көкте желбіретіп, әнұра­ныңды шырқату. Сондықтан мен үшін халықаралық жарыстарда алған ме­дальдарымның орны бөлек. Өйткені байрақты бәсекелерге күллі қазақ жұртының атынан шығасың. Сондық­тан барыңды салып күресесің. Же­ңім­паз атансаң, спортшы ретінде ел үмітін ақтадым деп қуанасың!

– Жақында Түркиядағы халық­аралық жарыста ақтық сында же­ңіліп қалдыңыз. Қарсыласыңыз мық­ты болды ма, әлде төрешілер қысым жасады ма?

– Спортта бір нәрсені білген жөн. Айталық, әлем чемпионаттарында қар­сыласыңмен теңдей күресіп жат­саң, жеңісті алаң иелеріне не бол­маса төрешілердің көңілі қалаған жақ­қа бұрып жіберетіні бар. Түркияда бол­ған жарыста да осындай жайт орын алды. Финалда Адем Бурак атты түрік балуанымен жолықтым. Мен оны ұтқан сияқты едім, бірақ тө­решілер бұрып жіберді. Менің де қа­теліктерім болды. Күмән болмауы үшін қарсыласымнан екі бас жоғары тұруым керек еді. Алдағы жарыстарда мықты екенімді сан мәрте дә­лелдейтініме кәміл сенімдімін.

– Төрешілер бұра тартып, әді­летсіздік орын алатын жағдайда көптеген жас балуандар жасып қа­лып жатады, тіпті спортқа деген қызығушылығын жоғалтады. Оларға осындай сәттерде қандай ақыл берер едіңіз?

– Спорт – қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнер. Үлкен спорт бол­ған соң, әрине, жеңіс те жеңіліс те бо­лады. Талай оқиғаларды бастан өт­кересің. Ең бастысы – мойымау ке­рек. Шыдамды адам ғана биік шыңды бағындырады. Қандай қиындық кез­дессе де, жігеріңді жасытпау керек. Жеңіс – тек қажырлы еңбекпен. Қара терге малшынып, күндіз-түні жаттығу жасамасаң, әлемдік ареналарда же­ңіске жете алмайсың. Болашақ чем­пиондарға айтарым, жаттығуда тын­бай еңбек етіңдер. Сонымен қатар, спортта ұлт намысын қорғау үшін жүр­гендеріңді ұмытпаңдар! Сонда ғана биік белесті бағындырасыңдар.

– Спорттық мансабыңызды аяқ­таған соң бапкер болатын шығар­сыз?

– Бапкер болу оңай емес. Бірақ өзім алған белестерден де биік шың­дарды бағындыратын шәкірт тәрбие­леу – менің арманым. Болашақта қазақтың қарадомалақ балаларынан ел намысын биік ұстайтын чемпиондар шығарғым келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp