«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОСТАНДЫҚТЫҢ “БАҒЫ” ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың “Әкімдердің халықпен кездесу­лерін өткізу туралы” Жарлығына сәй­кес Мамлют ауданының әкімі Вла­дислав Лукин Бостандық ауылында есеп берді. Жас әкім сағаттап баян­дама жасаған жоқ, тұрғындармен “сұ­рақ-жауап” форматында еркін сұх­баттасып, шетін мәселелердің түп-та­мырына бойлауға тырысты.

Аудан аумағында автомобиль жол­дарының желісі 467 шақырымды, кен­тішілік жолдар оның жартысына жуы­ғын құрайды. Өңірді дамыту бойынша кешенді жоспар қолға алынғаннан бері 185 шақырым жол қалпына келті­рілген. Әлі 25 шақырымы жөндеуді қажет етеді. 38 ауылдың 25-і орталық­тандырылған магистральды су құбы­рына қосылған. Былтыр Новодубров­ное, Михайловка, Қызыләскер, Раздоль­ное, Степное, Бике елді мекендеріне ауызсу жеткізілген. Становое­де модульдік мұнара орнатылған. Бе­лоеге дейін тартылатын 14 шақырым­дық су құбырының жобасы екі жылға жос­парланған.

4 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. “Әй­теке би” және “Қызыләскер” серіктес­тіктері тауарлы-сүт фермасын, “Бе­лое Агро” шаруашылығы жартылай фабрикаттар әзірлейтін цех, “Ахитов­ка” жеке кәсіпкерлігі шағын сүт өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. “Биз­нестің жол картасы – 2025” мем­лекеттік бағдарламасы кәсіпкерлікті өркендетудің тиімді тетігіне айналған. Ша­ғын кәсіпкерлікті қолдауға 482,4 млн. теңге бағытталып, “Мирончик”, “Са­биров”, “Al Zere Mramor” жеке кә­сіпкерліктері қайтарымсыз грантқа ие болған. “Мәулен” жеке кәсіпкерлігі эт­ноауыл жасау жобасын ұсынып, ту­ристер үшін қызмет көрсетпек.

Әрине, ауданда барлық мәселе ше­шімін тапты деп айтуға ерте. Мам­лют­ка қаласында орнатылған қазандық­тар былтыр қайта-қайта істен шығып, апаттық режімде жұмыс істегенін, ны­санды сенімді басқаруға беру үшін бір­неше рет байқау жарияланса да, нә­ти­же шықпағанын, оның ақыры мер­дігермен соттасуға дейін ұласқанын, “Тарлан” жабық хоккей корты бір жыл бойы жарықсыз қалғанын, жер телімі дұрыс рәсімделмегендіктен, құзырлы органдар ғимаратты қабылдап алу­дан бас тартқанын көпшілік ұмыта қой­ған жоқ. Әкім алдағы уақытта мұндай қателіктерге жол бермеуді ойластыр­ған болу керек, жүзеге асырылатын жұмыстарды орындалу мерзіміне дейін нақпа-нақ баяндап, сөзінің арасына: “2020-2021 оқу жылында Бос­тандық орта мектебінің түлектері арасынан 2 “Алтын белгі” және бір­неше үздік аттестат иегерлерінің бо­луы – мақтан тұтарлық жаңалық. Биыл ауылдың 90 жылдық мерей­тойын өз деңгейінде атап өтеміз. Клуб үйін қайта жаңғыртуды аяқтаймыз”, – де­ген жан жадыратар лебіздерін қо­сып отырды.

Меңгесер, Афонькино, Андреевка­дағы Мәдениет үйлерін күрделі жөн­деуден өткізуге жобалық-сметалық құ­жаттар әзірленіпті. Аудан орталығын­да дене шынықтыру-сауықтыру кеше­ні құрылысын бастау жоспарланған. Жобаның құны – жарты миллиард тең­ге. Новомихайловка, Краснознамен­ное, Андреевка ауылдарында тұрғын үймен біріктірілген тірек пункттері, ағаш-жаңқа жиhаздарын қалдықсыз өңдейтін цех тұрғызылып, 80 жұмыс орны пайда болады. Тауар өндіруші­лермен 22 меморандум жасалып, жа­лақы көбейтіліп, тұрақты жұмыс орын­дары құрылмақ.

– Былтыр Бикеге су тартылды, Мең­гесер мен Белоеге жарық шамдары орнатылды. Қызыләскер, Краснозна­менное, Михайловка бағыттарын­дағы жол учаскелері, Леденово, Анд­реевка, Афонькинода мектептер жөн­делді, – деді Владислав Геннадьевич.

Әңгіме тақырыбы Бостандық ауы­лы­на қарай ойысқанда Андреев ауылдық округінің әкімі Берік Жұқы­шевтың қысқаша есебі тыңдалды. Ок­ругте тұратын тұрғындардың саны – 840. 10427 гектар алқапқа астық егі­леді, сондай-ақ мал өсірумен айна­лысады. Биыл “Аделя” дүкені жа­ны­нан наубайхана бой көтереді. Арнайы жоспарға енгізілген фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғызу да – осы жыл­дың еншісінде. Бостандық шағын ауыл санатына жататынына қарамас­тан, орта мектеп жұмыс істеп тұр. Оқу­шылардың саны – 59. “Әттеген-айы” – ауыл тұрғындарының өз балалары­ның саны 15 қана, қалғандары “уақыт­ша баспана” жобасына қатысушы ма­ңайдағы елді мекен оқушылары. Білім ошағының былтырғы түлектері 100 пайыз грант жеңіп алып, жоғары оқу орындарына түскен. Ұжым үш жас ма­манмен толыққан. 10-сынып оқушысы Садыржан Ақжол “Абай” және “Мағ­жан оқулары” байқауларының жеңім­пазы атанса, оның жетекшісі Гүлжай­на Пірімбетова Білім және ғылым ми­нистрі тарапынан марапат алған. Бал­ғын спортшылар – ұлттық спорт түр­ле­рінен облыста мақтаулылар қата­рында.

Есептік кездесуге қатысқан осы ауылдың тумалары – Солтүстік Қа­зақстан облысының құрметті азаматы Болат Сағындықов пен ардагер-жур­налист Нұрсайын Шәріп округ ау­ма­ғында жұмыс істейтін шаруашы­лық­тар тарапынан жан-жақты қамқорлық жа­сала бермейтінін сынға алды. Олар көпбейінді өндірістік коопера­тивтер, қаржылық шығынды анағұр­лым аз қажет ететін жылыжайлар құру, профилакторий, ағаш өңдейтін цех салу, жақын орналасқан мәдени нысандарды бір орталықтан жылыту идеясын алға тартты. 130 үйдің 60-қа дейін қысқарғанын, бұл үрдіс жалғаса берсе, мектепке жабылып қалу қаупі төнетінін ашына айтты. Оңтүстіктен көшіп келген ағайындардың балала­ры мектепті толтырып отырғаны кө­ңілге демеу саналғанымен, былтыр бар-жоғы 8 сәбидің дүниеге келуін, 3 адамның қайтыс болғанын ескерсек, табиғи өсім 5 адамды ғана құрайтыны ойландырмай қоймайды. “Оңтүстік­тен – Солтүстікке” мемлекеттік бағ­дарламасы арқылы биыл екі отбасы қоныстанса, осында 3-4 жыл бұрын көшіп келген 10 дүнген отбасының жар­тысына жуығы басқа жаққа кетіп қалған. Негізгі себеп – жұмыссыздық.

Бұрындары Бостандық тұрғында­ры бау-бақшамен айналысуға судың жоқтығын сылтау ететін. Қазір әр үйге су тартылып, дәретхана, душ кабина­сы­на дейін қойылған. Алайда қо­салқы шаруашылықпен шұғылдану­шы­лар қатары әлі де селдір. Маңдай тер­лерін шүмектете төгіп, жерде ең­бек етіп, экологиялық таза өнімді дас­тарқанға қоюдың орнына дүкеннен са­тып алғанды тәуір көреді. Тұрғын­дарда 890 бас Зеңгі баба, 1560 бас Шо­пан ата, 470 бас Қамбар ата түлігі бар. Тұрғындар малдың аздығын жайы­лым тапшылығына әкеліп тірегені­мен, жоқтан бар жасап, қосалқы ша­руашылық арқылы табысын дөңгеле­тіп отырған іскер отбасыларды көр­генде Президент Қасым-Жомарт То­қаев Жолдауында айтқан: “Қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеу­мет­тік масылдық үрдісі белең алуда. Осындай жағдайлар “мемлекеттен ала берсем” деген көзқарас қалып­тастырды. Мұндай жағымсыз өмір сал­ты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзін­де кері әсер ете бастады”, – деген сөз­дер еріксіз ойға оралады. Қуаныш Қаб­дырахымов осыдан екі жыл бұрын жер жәннаты – Жетісудан көшіп кел­ген. Отбасында, анасын қосқанда, 7 жан бар. 4 баласы мектеп жасында. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде берілген үйге қоныстанған. Әр отбасы мүшесіне берілген бірреттік жәрдема­қыға екі баспана сатып алған. Оның біреуін Отан алдындағы борышын өтеп жатқан шаңырақтың үлкеніне дайындап қойған. Екінші ұлы да ер­жетіп келеді. Қаз өсіргенді қолайлы кө­ріпті. Кәсібі бардың нәсібі бар деген осы. Былтыр құс санын жарты мыңға дейін жеткізіпті.

Ауылдағы клуб ғимаратына қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынға­нымен, тендерді Шығыс Қазақстан об­лысынан ұтып алған мердігер қара­жаттың жетіспеушілігін сылтау етіп, істі аяқтамай тастап кеткен. Бүгінде ғи­марат жабық. Оның ішінде орналас­қан кітапхана қорын сақтап қалу қиын болып тұрған көрінеді. Кездесуде ту­ған жерінің жанашыры, сырттан кел­ген ағайындарға баспана тұрғызып берумен айналысып жүрген Ерлік Мұ­хамеджановтың аталмыш құрылыс мекемесінің есебін аудандық қоғам­дық кеңесте қарау туралы ұсынысын жиналғандар қолдады.

Владислав Лукин айтылған барлық ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмайты­нын айта келіп, “Зенченко және К” ком­мандиттік серіктестігі интернет жыл­дамдығын арттыру үшін мұнара тұр­ғызып беретінін жеткізді. Бұл шаруа­шылықпен жасалған меморандумда көрсетілген. Әкім өзімен бірге ере кел­ген бөлім жетекшілеріне нақты тап­сырмалар беріп, бірқатары қолма-қол шешімін тапты. Есепті кездесуден кейін әкім жергілікті атқарушы орган­дардың өкілдерін қатыстыра отырып, ауыл тұрғындарын жеке қабылдады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp