«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРҒА ДЕГЕН СЕНІМ ЗОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанның егемендік алғаннан бергі даму жолына көз жүгіртсек, табыс кілті тиімді мемлекеттік басқарумен тығыз сабақтас екенін көреміз. Уақыт алға жылжыған сайын жаңа сын-тегеуріндер алдан шығатыны анық. Соған сай мемлекеттік қызметті түрлендірудің негізгі шарты – жоғары стандарттарға сәйкес келетін құзырет пен кадр әлеуетіне келіп тіреледі. Ата заңымызда барлық азаматтарға мемлекеттік қызметке тең қолжетімділікке кепілдік берілген.

Бүгінгі таңда облыста 29 жасқа дейінгі жастардың 14 пайызы мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Осы саланың абырой-беделін арттыру мақсатында түрлі имидждік іс-шаралар өткізіледі, оң жетістіктер насихатталады, шығармашылық байқаулар ұйымдастырылады. Биыл “Мемлекеттік қызмет мектебі” жобасының 7-ші маусымы жүзеге асырылды. Бұл жобаны 2018 жылдан бері мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалымен бірлесіп өткізіп келеді. Ондағы мақсат – мемлекеттік қызметке орналасу үшін әлеуетті үміткерлерді даярлау, жастарды патриоттыққа, отаншылдыққа тәрбиелеу. Студенттер тарапынан да мемлекеттік қызметке деген қызығушылық артып келеді. Жобаға М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқып жатқан 16 студент қатысып, өздерін жақсы қырынан таныта білді. Оларға білімдерін растайтын сертификаттар табысталды.

Жобаның бірінші кезеңінде академия филиалының оқытушылар құрамы мен мемлекеттік қызметшілер онлайн форматта оқу орны түлектерімен сабақтар өткізді. Тыңдаушыларды заңнама негіздерімен таныстырып, жеке тұлғалық қасиеттерін ашып көрсетудің түрлі амал-тәсілдері қолданылды. Теориялық бөлім аяқталғаннан кейін студенттерге аймақтың мемлекеттік органдарда оқу практикасымен қоса тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді. Одан үздік шыққандары мемлекеттік қызметке орналасу үшін тестілеуден өтті. Осылайша қабілетті үміткерлер әлеуетті кандидаттар ретінде таңдап алынды.

Солардың бірі Диана Жанғазина №43 қалалық орта мектепті бітіріп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “құқықтану” мамандығын алып шыққан. 2021 жылы конкурстық іріктеуден іркілмей өтіп, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне бас маман лауазымына жұмысқа орналасты. Жас қызметші тұрғын үй қорын басқару, газбен жабдықтау саласындағы бақылау және мониторинг, сондай-ақ бөлімнің құзыретіне жататын басқа да мәселелерді үлкен жауапкершілікпен орындап жүр. Алғашқы жұмыс күнінен бастап өзін білікті қызметкер ретінде көрсете білді. Осындай талапты жастар арамызда аз емес. Мемлекеттік қызметке кіру кезінде олардың кәсіби қызметті тиімді орындау үшін қажетті білім мен дағдыларын жетік меңгеріп алғаны қуантады. Алға ұмтылыс пен игі тілек үйлесім тапқан жерде жарқын жол әркез ашық. Диана өзін-өзі дамытуға үлкен көңіл бөледі. Бойжеткен кезінде “Лаула” вокалдық тобының солисі болған, түрлі концерттік іс-шараларға қатысқан.

Мемлекеттік қызметті таңдаған жас мамандардың қай-қайсысымен сөйлесе қалсаңыз, болашаққа құрған жоспарлары өте ауқымды, оның ішінде елге қызмет етуді, Жаңа Қазақстанды құруға үлес қосуды өмірлік мақсат тұтады. Біз де мемлекеттік қызметшілердің қатары өз әлеуетін іске асыруға ұмтылатын елгезек, бастамашыл жастармен толығып жатқанына қуанамыз. Жастар мемлекеттік қызметші мәртебесін алу – тек жұмыс пен өзін маман ретінде қалыптастыру деп қарамай, сонымен бірге өз тағдырын сеніп тапсыратын және мемлекеттік басқару өкілдерінің құзыреттілігі мен кәсібилігіне сенетін адамдарға қызмет ету екенін мақтан етеді.

Гүлмира ҚАСИЕНОВА,

облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp