«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жеткіншектердің жаны жадырады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні. Осы­ған орай облыс орталығында ерекше балаларға арналған концерт өтті. Шараны “Менің балам” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Расул Әлішев – 12 жаста. Осыдан 7 жыл бұрын жеткіншекке “аутизм” диагнозы қойылған. Бірақ бұл ауру балғынның мүмкіндіктерін шектеме­ді. Ол өз ерекшелігімен өмір сүруді, да­мып, жақындарын жетістіктерімен қуантуды үйренді. Расул аптасына 3 мәрте жүзуге барады, қолөнермен ай­налысады. Ермексаздан түрлі жа­нуарлар мен мультфильм кейіпкер­лерін жасайды.

– Расул – “Менің балам” қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Ұйым Расул екеумізге үлкен үміт пен жігер сый­лады. Мен мұнда өзім сияқты дерті бар сәби тәрбиелеп отырған ата-ана­лармен әңгімелесемін. Мықты дә­рігерлер мен оңалту орталықтары­ның деректерімен бөлісеміз. Бірігіп шаралар ұйымдастырып, ұл-қыздарымыздың дұрыс дамуы үшін қолдан келгенді жасаймыз, – дейді Расул­дың анасы Зарина Әлішева.

“Менің балам” қоғамдық бірлестігі осыдан бес жыл бұрын құрылған. Ұйымға бүгінде облыс бойынша 230-дан аса отбасы мүшелік етеді. Оның ішінде 30 ата-ана белсенділік таны­тып, ерікті ретінде бірлестік жұмысы­на араласады. Бірі балаларға ар­налған үйірмелерге жетекшілік етсе, енді бірі ұйымдастырушылық про­цеске атсалысады.

Жеткіншектердің емдік дене шы­нықтыру, музыка және қолөнермен айналысуға мүмкіндіктері бар. Сон­дай-ақ облыстық спорт басқармасы­ның қолдауымен 4 секция жұмыс іс­тейді. Балғындардың мәнерлеп сыр­ғанау, үстел теннисі, жеңіл атлетика және жүзу бойынша жетістіктері көңіл қуантады.

– Біз қала бойынша түзету сынып­тарының ашылуына қол жеткіздік. Үкі­метке дейін хат жазып, ерекше бала­лардың мәселесін көтердік. Бүгінде 2 арнайы мектептен бөлек, 8 білім оша­ғында түзету сыныптары жұмыс істей­ді. Сондай-ақ “Асыл мирас” қоры шаһарымызда жоспардан тыс аутист балаларға арналған орталық ашты, – дейді “Менің балам” қоғамдық бір­лес­тігінің жетекшісі Татьяна Ковале­ва.

Атқарылған шаруаның жемісін бү­гінде облыс бойынша барлық ерекше балалар көріп отыр. Олар түзету сы­ныптарында оқып, бос уақыттарын­да “Асыл мирас” орталығындағы оңалтудан өтеді. Секцияларға барып, денелерін шынықтырады. Қоғамға бейімделеді.

Эльмира САДВОКАСОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp