Ұландарымыз әлемдік деңгейдегі додаларда атой салса, төбеміз көкке жеткендей қуанамыз. Жамбыл ауданына қарасты Орталық ауылының тумасы, грек-рим күресінің шебері Аманғали Бекболатов қай жарысқа қатыспасын, жанкүйерлерін жерге қаратқан кезі жоқ. Жақында еліміздің үш дүркін чемпионы, бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазымен жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Аманғали Нұрболатұлы, балуандық қазақ баласының қанында бар қасиет қой. Бірақ бойында бұла күші тасып тұрағанымен көбі кәсіби спортқа бара бермейді. Сіз күреске қалай келдіңіз?
– Ауылда туып-өстік. Бала кезімізден жазда көкмайса шөпте, қыста ақұлпа қарда алысып-жұлысып жүріп ержеттік қой. Мен өзім өзге спорттан гөрі күреске жақын болдым. Кіммен белдессем де, шапшаңдығымның арқасында ешкімге алдырмайтынмын. Иә, ауыл балаларының ішінде кішкентай кезінде күреспегені жоқ шығар. Мен де бозкілем төрінде атой салуды армандадым. Әкем де балам балуан болады деп ауылдағы күрес үйірмесіне берді. Күрес әліппесін ауылда үйрендім.
– Алғашқы жарысыңыз есіңізде ме? Ол қандай деңгейдегі бәсеке еді? Нешінші орын алдыңыз?
– Бірінші жарысым – 2010 жылы Мамлют ауданына қарасты Бексейіт ауылында өткен облыс чемпионаты еді. Бұл – үлкен спорттағы ең алғашқы қадамым. Бойымда жеңіске деген жігерден гөрі, қорқыныш пен үрей басымырақ болды. Жұртшылықтың сенімін ақтай алмай қаламын ба деп алаңдадым. Әйтсе де бар білетін әдіс-тәсілімді жасап, күміс жүлдегер атандым. Әрине, алғашқы жүлде әр спортшы үшін ыстық. Осыдан кейін күреске деген құлшынысым артып, тынбай жаттығатын болдым.
– Жасөспірімдер, жастар арасында ұлттық құрамада күрестіңіз. Қазір ересектер арасында еліміздің намысын қорғап жүрсіз. Салмақ ауыстырдыңыз ба?
– Жастар арасындағы жарыстарда 50 килограмм салмақта сан мәрте топ жардым. Осы салмақта өзімді жақсы сезінемін. Сондықтан салмақ ауыстырған жоқпын. Жастар арасында еліміздің үздік балуаны атансам, ересектер арасында қатарынан бірнеше жыл күміс жүлдегер болдым. Аллаға шүкір, биыл ел чемпионатында жеңіске жеттім.
– Күресте оң жамбасыңызға келетін сүйікті әдісіңіз қандай?
– Бозкілемдегі сүйікті әдістерімнің бірі – қарсыластың арт жағына шығып кетіп, құлату, ал партерде ұпай алу үшін түрлі айланы қолданамын. Қарсыластың белінен ұстап оңға немесе солға қарай бірнеше рет айналдыру қажет. Әрине, күресте жылдамдық, шапшаңдық керек. Бір ғана әдісті қолданамын деу қателік. Сондықтан әртүрлі айла-тәсілге баруға тырысамын.
– Сіз күрестің бұл түрімен қанша жыл айналысып келесіз? Қай жарыста алған жүлдеңіз сіз үшін бәрінен құнды?
– Мен грек-рим күресімен 12 жыл бойы айналысып келемін. Осы жылдар ішінде талай додада жүлдегер атандым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Маған, жалпы барлық спортшы үшін әр жарыстан алған медаль қымбат. Десе де, спортшының алғашқы мақсаты – ел абыройын асқақтату. Әлемдік ареналарда қазақ дейтін халық бар екенін таныту. Байрағыңды көкте желбіретіп, әнұраныңды шырқату. Сондықтан мен үшін халықаралық жарыстарда алған медальдарымның орны бөлек. Өйткені байрақты бәсекелерге күллі қазақ жұртының атынан шығасың. Сондықтан барыңды салып күресесің. Жеңімпаз атансаң, спортшы ретінде ел үмітін ақтадым деп қуанасың!
– Жақында Түркиядағы халықаралық жарыста ақтық сында жеңіліп қалдыңыз. Қарсыласыңыз мықты болды ма, әлде төрешілер қысым жасады ма?
– Спортта бір нәрсені білген жөн. Айталық, әлем чемпионаттарында қарсыласыңмен теңдей күресіп жатсаң, жеңісті алаң иелеріне не болмаса төрешілердің көңілі қалаған жаққа бұрып жіберетіні бар. Түркияда болған жарыста да осындай жайт орын алды. Финалда Адем Бурак атты түрік балуанымен жолықтым. Мен оны ұтқан сияқты едім, бірақ төрешілер бұрып жіберді. Менің де қателіктерім болды. Күмән болмауы үшін қарсыласымнан екі бас жоғары тұруым керек еді. Алдағы жарыстарда мықты екенімді сан мәрте дәлелдейтініме кәміл сенімдімін.
– Төрешілер бұра тартып, әділетсіздік орын алатын жағдайда көптеген жас балуандар жасып қалып жатады, тіпті спортқа деген қызығушылығын жоғалтады. Оларға осындай сәттерде қандай ақыл берер едіңіз?
– Спорт – қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнер. Үлкен спорт болған соң, әрине, жеңіс те жеңіліс те болады. Талай оқиғаларды бастан өткересің. Ең бастысы – мойымау керек. Шыдамды адам ғана биік шыңды бағындырады. Қандай қиындық кездессе де, жігеріңді жасытпау керек. Жеңіс – тек қажырлы еңбекпен. Қара терге малшынып, күндіз-түні жаттығу жасамасаң, әлемдік ареналарда жеңіске жете алмайсың. Болашақ чемпиондарға айтарым, жаттығуда тынбай еңбек етіңдер. Сонымен қатар, спортта ұлт намысын қорғау үшін жүргендеріңді ұмытпаңдар! Сонда ғана биік белесті бағындырасыңдар.
– Спорттық мансабыңызды аяқтаған соң бапкер болатын шығарсыз?
– Бапкер болу оңай емес. Бірақ өзім алған белестерден де биік шыңдарды бағындыратын шәкірт тәрбиелеу – менің арманым. Болашақта қазақтың қарадомалақ балаларынан ел намысын биік ұстайтын чемпиондар шығарғым келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.