«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЛІК БОЙЫ БАҚЫЛАУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде “Өңірлерде су тасқыны кезеңінің өтуі мен ауа райының нашарлануына байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы” брифинг өтті. Оған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қатысты. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы Рамиль Камалов баспасөз конференциясына онлайн қосылып, өңірдегі жағдай туралы баяндады.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин су тасқыны кезеңіне белсенді дайындық басталып, “Қазгидромет”-пен ақпарат алмасып, жылдам жұмыс режіміне көшкендерін айтты. Жалпы қазір еліміздің 47 пайыз аумағы қар астында жатыр. Су тасқыны қаупі бар аймақтар қатарында Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Өйткені биыл Есіл өзені қар жамылғысының нормасы әдеттегіден жоғары.

– Мұз кептелісін тудырмау үшін бұл аумақтардағы өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда 50 өзенде бұл жұмыс атқарылды. 17000 килограмнан астам жарылғыш зат қолданылды. Бұл жұмыс қалыптасып отырған жағдайға байланысты мониторинг нәтижесін ескере отырып жалғасады, – деді министр өз сөзінде.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 85 елді мекен тасқын судан зардап шегуі мүмкін. Бұл ауылдарда 6 мың тұрғын бар. Тасқын судың зардабын азайту мақсатында өзен-көлдерде мұз жару жұмыстары атқарылып жатыр.

– Жалпы өзендерде мұз жару жұмыстарын жүргізу бойынша 8 бағыт бар. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тұратын жедел әрекет ету тобы құрылды. Оған 475 адам топтасқан және 134 техника бөлінді. Облысымыздың солтүстік-батыс өңірінде жауын-шашын болуы мүмкін. Бұл Петропавл қаласы және онымен шекаралас 4 аудан. Соған байланысты жедел штаб құрылды, – деді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов.

Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері министірге тұрғындарды мазалаған бірқатар сұрақтар қойды. Соның ішінде Есіл өзені бойында салынуы тиіс Бұзылық су қоймасы мен өңірдегі 2017 жылғы болған су тасқыны оқиғасының қайталану мүмкіндігі жайлы сауал жолданды. Аталған сауалдарға министр былай деп жауап берді:

– 2017 жылғы жағдай қайталанбайды деп ойлаймын. Себебі республикалық бюджет есебінен Петропавл қаласының бірқатар аудандарында су басуды болдырмау мақсатында қаржы бөлінді. Салынған бөгеттердің жағдайы жақсы. 5 жылдан астам уақыт тұрады. Бұзылық су қоймасына келетін болсақ, қазір техникалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бірақ нақты қашан салынатыны белгісіз. Алдағы уақытта міндетті түрде айтамыз, – деді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

24 наурыздан бастап облыстық төтенше жағдайлар департаменті базасында су тасқынына қарсы штаб құрылған болатын. Осыған байланысты облыс пен аудандардың азаматтық қорғау қызметтерін тәулік бойы жұмыс істеу режіміне көшіру туралы шешім қабылданды.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp