«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жастар неге кітап оқымайды?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі жастар кітап бетін ашудан қалып бара жатыр. Оқығанның өзінде көркем шығармалардан гөрі мотивациялық, психологиялық әдебиеттерге немесе жұлдыздардың өмірі жайлы мемуарларға әуес. Әлемдік классика, одан қалды, қазақ әдебиетінің жауһарларына жатырқай қарайтын сыңайлы. Кітап оқымағаннан ойын толық жеткізе алмайтын тілі шорқақ оқушылар пайда болуда. Жастардың оқуға деген қызығушылығы неліктен төмендеп кеткенін сұрастырып көрген едік.

Әділет ӘУЕЛБЕК,

№23 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

– Оқушы мен кітап арасында ажырамас байланыс болу үшін ата-ана мен ұстаздың атқаратын қызметі зор. “Балам басқадан кем болмасын” деп әке-шешесі қолына қымбат смартфон ұстатып қойса, кітап оқитын бала қайдан шықсын? Қазіргі кезде кітап оқымаудың басты себебі – телефон.

Ұстаз шәкіртіне көркем шығармаларды көп насихаттаса, баланың қызығушылығы оянары анық. Рухани білімнің қайнар көзімен сусындаған шәкірттің болашағы жарқын болатынын естен шығармауға тиіспіз. Кітаппен дос болған әр адам саналы әрі ой-өрісі кең, жан-жақты болып өседі. “Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік”, – деген екен кезінде Ғабит Мүсірепов. Рухани құлдырау – бүкіл ұлтты күретамырымен құртып жіберуге әкеліп соғатын үрдіс. Ғылым мен білім жарыстыратын заманда жастардың телефонға телміріп отырғандары жараспайды. Олар виртуалды әлемнен шыға алмай жатыр. Бүгінгі ұрпақ – ел ертеңі екенін ұғынса игі.

Қарлығаш ҚАНАҒАТ,

студент.

– Менімен қатарлас достарым көбінесе қазіргі орыс жазушыларының кітаптарын оқығанды жақсы көреді. Олар нақты әрі қысқа жазады, оқуға жеңіл. Ал біздің кеңестік дәуір жазушыларының кітаптары күрделі әрі ұзақ. Мысалы, дастарқан басындағы бір оқиғаны 5-6 бет қылып суреттейді. Достарымның айтқан ойымен мен де келісемін. Бірақ маған қазақ жазушыларының кітаптары қызық. Бір кітапты ары кетсе екі аптада бітіремін.

Соңғы оқыған кітабым Шыңғыс Айтматовтың “Жан пидасы”. Бұл шығарманы оқу барысында көп ой түйдім. Адамдардың қасқырларға жасаған қиянаты немесе ақбөкендерді ақша үшін аяусыз атуы тағы сол секілді ақша үшін адамдардың не нәрсеге болмасын баратынына көзім жетті. Салыстырып көрейін деп орыс жазушыларының кітабын да сатып алдым. Бірақ мені қызықтырмады. Кітап оқыған сайын адамның өмірге деген көзқарасы өзгеріп, қызығушылығы артады. Ой-өрісі дамып, көкірек көзі кеңейе түседі. Және адам жан-жақты бола бастайды. Сөздік қоры да толығады. Сондықтан достарыма айтарым, өзіңіздің бөлмеңізді қызықты кітаптармен толтыруға тырысыңыз.

“Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана”, – деп Әбіш Кекілбаев ағамыз айтпақшы, кітап – жан сарайыңды байытар жалғыз қазына.

Нұрислам НҰРЛЫҰЛЫ,

оқушы.

– Көбінесе кітапты оқушылар мен студенттер оқиды деп ойлаймын. Бірақ сатып алайын десең, бағасы қолжетімді емес. Сондықтан интернеттен алып оқимын. Мысалы, “Қазақстанның ашық кітапханасы”, “Әдебиет порталы” сияқты көптеген интернет кітапханалар бар. Өзіме онлайн кітап оқыған ұнайды. Кітапханаға барып, уақытыңды жоғалтқанша немесе кітап сатып алып ақшанды құртқанша осы дұрыс. Қалаған кітабыңды жүктеп алып, смартфон арқылы оқи бересің.

Электронды құрылғылардың басты жетістігі – көптеген құжатты сақтай алуында. Дәл сол секілді бір телефонға мыңдаған кітап сияды. Тіпті оны аудио түрінде де тыңдай аласыз. Басты ерекшелі – үнемі қолыңызда жүреді, артық орын алмайды, кез келген уақытта, қалаған орында оқи беруге болады. Зейінімді арттырып, білімімді шыңдаймын деген адамға қазір барлық мүмкіндік бар. Әрине, әркім қажетіне қарай таңдау жасайды ғой. Келешекте электронды оқулықтар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналатыны сөзсіз.

Сауалнаманы жүргізген

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp