«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨЛІК ИЕЛЕРІ КЕЗЕКТЕН ҚҰТЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ірі қалаларда шағын кәсіпкерлік нысанының бірі ашылып, екіншісі жабылып жатады ғой. Оған көпшілік аса мән бере бермейді. Ал аудан орталықтары мен ауылдарда кез келген нысанның ашылуы тұрғындар үшін үлкен жаңалық. Мәселен, Мамлют ауданының орталығында осыған дейін жалғыз көлік жуатын орын жұмыс істеп келген. Жауын-шашын күндері жұрт “темір тұлпарларын” жуу үшін сағаттап кезекке тұратын. Жақында З.Космодемьянская көшесінде тағы бір орталық ашылып, жүргізушілер бір қуанып қалды.

Бұл көлік жуу орталығының өзгелерден ерекшелігі – әрбір адам көлігін өзі жуады. Өзіне-өзі қызмет көрсететіндіктен бағасы да арзан. Бұл “темір тұлпар” тізгіндеген аудан тұрғындары мен қонақтары үшін жақсы жаңалық болды. Былтыр іргетасын қалап, көктем шыға қалған жұмыстарын аяқтаған жеке кәсіпкер Руслан Харсиев бұл орталықты ашу үшін 11 миллион теңге шығындапты.

– Қазір екінің бірі көлік мінеді. Аудан орталығына бір көлік жуу орталығы аздық етеді. Біздікінің артықшылығы – бағасы арзандау. Бәрі автоматтандырылған, арнайы аппаратқа қанша ақша салса соншалықты қызмет көрсетеді. Сұйық сабынды әркім өз қажетінше пайдаланады. Мәселен, қалтаңызда 500 теңгеңіз болса, соған келтіріп көлігіңізді жуып кете бересіз. Келіп көлігін жуып кетіп жатқандар ризашылығын білдіруде. Ең ұтымды тұсы – кезек жоқ, бір мезетте екі машинаны қатар жууға мүмкіндік бар, – дейді жеке кәсіпкер.

Көлік жуу орталығы тек қыс мезгілінде ғана жұмысын уақытша тоқтатады. Ал қалған үш маусымда күндіз-түні ашық. Екі жұмысшы кезектесіп орталықтың жұмысын қадағалайды. Пайдаланылған су арнайы қазылған шұңқырға құйылады. Кәсіпкер енді бұл маңнан дүкен және машина жөндеу стансасын ашуды жоспарлап отыр.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp