«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының қабырғасынан талай дарынды жас шыңдалып шықты. Ашылғаннан бергі аз уақытта қалың көрермен бірнеше буын актерлердің өнерін тамашалап үлгерді. Соңғы уақытта театр құрамы талантты жастармен толығып, олар қазірдің өзінде басты рөльдерді сәтті сомдауда. Солардың бірі – жас әртіс Нұрсұлтан Төлебаев. Өнерпаз жақында халықаралық театр күніне орай өткен “Алтын сақа – 2022” байқауында “Үздік эпизодтық рөлі үшін” аталымын иеленді.

Нұрсұлтан өнерге мектеп жасынан қызыға бастағанын айтады. Мектепішілік түрлі сахналық қойылымдарға қатысып, концерттердің жүргізушісі ретінде де өзін жан-жақты көрсете білген. Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте 9-сыныпты аяқтаған ол өнер саласын таңдап, Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжіне актер мамандығына түседі. Ұстаздары Баатырбек Шамбетов, Аида Супатаева және Асылхан Разиевтің көмегімен актерлік өнердің қыр-сырын меңгеріп, білім ордасын жақсы бағамен тамамдайды. 2020 жылдан бастап Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында қызмет етеді. Жақында Мәскеуде біліктілік арттыру курсынан өтіп келді.

– 2018-2019 жылдары Баатырбек Шамбетовтің жетекшілігімен Александр Островскидың “Пайдалы орын” спектаклінде ойнадым. “Массовкада” болсам да, мұны менің дебютім деуге болады. Қойылымда байлыққа құныққан, бәрі ақшамен өлшенетін ортада ар-намыс пен адамгершілікті жоғалтпай, алға қойған мақсаттарына тек адал жолмен жетуді көздеген жас жігіт жайлы суреттеледі. Қойылым арқылы қазіргі кездегі жемқорлық, ашкөздік билеген қоғам өкілдерін адалдыққа шақыруды мақсат еттік, – дейді Нұрсұлтан Сәбитұлы.

– Үстіміздегі жылы театрымыздың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров “Сылаң қыз” спектаклін қойды. Онда Нұрмаш деген жігітті сомдадым. Жасы шамамен 20-да. Қалада оқып жүреді. Ауылдағы сыныптасы Бәтимаға ғашық. Оған апта сайын келсе де, “мен сені сүйемін” деп айтуға батылы бармайды. Сезімін өлеңмен жеткізгенді жөн көреді. Образдарымның барлығы қызықты деуге болады. Менің басты мақсатым – өзім сомдайтын әр кейіпкерді көрерменнің көзайымына айналдыру. Кейде далада оқушылар танып, “аға сіз мына спектакльде ойнап едіңіз ғой” деп жаныма келгенде бір марқайып, қуанып қаламын, – дейді жас актер.Алға қойған мақсатына жету үшін нық қадамдар жасап келе жатқан жас актер болашақта сахнаның майталманы болуды армандайды.

– Театр – рухани азық алатын жер. Сол бір азықты бойыма сіңіремін десеңіздер, қойылымдардан қалмаңыздар. Театрдың әр спектаклі – үлкен бір кітап. Өзіңді елітіп әкететін қызық кітапты аяғына дейін бітіруге асығатының сияқты театрдың да әр қойылымына солай асығу керек. Ал сол қызықты сіздерге жеткізетін, режиссерлердің қиялымен жазылған туындыларға жан бітіретін актерлер қауымы шөлдеп келген көрермендерін құшақ жая қарсы алатынын ұмытпаңыздар, – дейді талантты жас.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazastan”.

СУРЕТТЕ: (оң жақта) театр әртісі Нұрсұлтан Төлебай.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp