«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЙЛАУШЫЛАР ТІЛЕГІ – БАСТЫ БАҒДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында атап көрсеткендей, жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз қалайды. Бұны халық қалаулылары жақсы түсінеді. Депутаттар өз округіндегі сайлаушыларымен, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары және ұйымдар қызметкерлерімен кездесулер мен жиналыстар өткізуге, мәслихаттың құзыретіне енетін мәселелер бойынша есептер тыңдауға, әкімдік отырыстарының жұмысына қатысуға, мәслихат шешімдерінің орындалуын бақылап отыруға, азаматтарды жеке қабылдауды жүйелі жүргізуге міндетті.

Президент өз сөзінде мәслихаттар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отырғанын айта келіп, өкілеттігін нақты белгілеу, сондай-ақ меншік базасын едеуір кеңейту қажеттігіне тоқталды. Расында да, осындай елеулі ресурстар иеленсе, жергілікті ахуалға ықпал ету өрісі кеңейері шүбәсіз. Мәслихаттың беделі мен танымалдылығы тұрақты комиссияларға да көп байланысты. Олар өз өкілеттігі мен қызметі шеңберінде кез келген мәселе аясында мәслихатқа, мәслихат сессиясының төрағасына, мәслихат хатшысына ұсыныстар енгізуге, қорытындылар беруге, жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін тыңдауға құқылы. Әкімдік, орталық мемлекеттік органдардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аумақтық бөлімшелерінің, атқарушы органдардың лауазымды қызметкерлері, ұйымдар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қажетті ақпараттар беруге міндетті. Бұдан бөлек, өз бастамаларымен қоғамдық маңызы бар мәселелерге арнап көпшілік тыңдаулар өткізе алады. Наурыз айында тұрақты комиссия мүшелері ауданның елді мекендерінің көшелеріне атаулар беру және қайта атау мәселесі бойынша екі отырыс ұйымдастырды.

Депутаттық қызмет аудандық мәслихат сессияларының жұмысына қатысумен қоса ауқымды мәселелерді шешуді көздейді. Сайлаушылармен кездесу барысында депутаттарға айтылған 94 өтініш-тілектің 24-і орындалды, 23-не түсініктеме берілді, 4-еуі бақылауда тұр. Көшпелі қоғамдық қабылдау кезінде түскен 69 өтініштің 19-ы шешілді, 17-не түсіндірме ақпарат берілді. Нақты істерге тоқталар болсақ, депутаттардың тікелей араласуымен Н.Урманова Бірлік ауылындағы Мәдениет үйіне кітапханашылыққа қабылданды. Тоқсан би ауылында тұратын А.Демидоваға зейнетақы алуға көмек көрсетілді. Тұрғындардың өтінішімен Новосел ауылдық округінде – 40, Привольный ауылында 20 бұралқы иттің көзі жойылды. Ақан-Бұрлық өзенінің суының ластануына байланысты Чистополь ауылынан көң мен қоқыс шығарылып, суағарлар толық тазартылды. Чистополь ауылы оқырмандарының “Новости Приишимья” газетінің уақтылы жеткізілмейтіні туралы шағымына байланысты хат тасушымен еңбек шарты бұзылды. Шөптікөл ауылының фельдшері А.Бадрудинованың сынып тұрған “жедел жәрдем” көлігін жөндеуге көмек беру жөніндегі тілегі орындалды. Чистопольдықтардың өтініші бойынша пошта ғимаратына жылу-электр қазандығы орнатылды. Червонный ауылының кітапханасына интернет тартылып, техникалар алынды. В.С. Сидорованың баласына Нұр-Сұлтан қаласындағы “Ана мен бала орталығына” квота рәсімделді. Литвинов ауылының тұрғыны А. Флор су мұнарасы жарамсыз болып қалғандықтан, тұрғындар ауызсудан тапшылық көріп отырғаны жөнінде өтініш айтқан еді. Құрылыс және тұрғын үй шаруашылығы бөліміне депутаттық сауал жолданып, 2,8 млн. теңгеге жаңа ұңғыма орнатылды.

“Аmanat” партиясының кезектен тыс съезінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын, оның ішінде қалың жұртшылық партияның қандай рөл атқаратынын көрмейтінін, депутаттар, әдетте, бұл мәселелерден шетте қалатынын сынаған болатын. Сондықтан депутаттардың мәслихаттардағы жария рейтингін енгізу маңыздылығы айтылды. Жұртшылық тұрғындардың әл-ауқатын және елдегі өмір сүру сапасын жақсарту үшін халық қалаулыларының не істеп жатқанын көріп, біліп отырулары тиіс. Бүгінде ел дамуының жаңа кезеңі – меритократия, әділдік және ашықтық қағидаттарына негізделген мемлекеттік басқарудың барлық жүйесін жаңарту және қайта құру басталды. Алда келелі міндеттер күтіп тұр. Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракцияның қызметін жандандыру қажет. Сонда ғана депутаттық фракциялар үнқатысу алаңдарын ұйымдастыруды өз мойнына алып, жұмыс қорытындылары бойынша көрнекі нәтижелерге қол жеткізе алады. Оның бір дәлелі – республикалық деңгейдегі мекемелер мен кәсіпорындардың, шаруашылық жүргізуші субъектілердің басшыларына 22 ресми депутаттық сауалдың әзірленуі. Раисов ауылында су өткізу құбырын орнатуға қаражат бөлу туралы менің депутаттық сауалым бойынша ұзындығы 5 шақырым бөген құруға облыстық бюджеттен 22400 мың теңге қаражат бөлінді. Депутаттар сауалдары арасында Казанка ауылына дейінгі ұзындығы 12 шақырым жол учаскесін жөндеу, Салқынкөл, Тахтаброд және Қырымбет ауылдық округтеріне интернет тарту, Ковыльноеге дейін оптикалық-талшықты байланыс жүйесін жүргізу, Тоқсан би ауылы жанындағы автомобиль көпірін қалпына келтіру, тағы басқа мәселелер бар.

“Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заң бойынша мәслихаттың құзыретіне тиісті аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту, әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу, атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау және тиісті органдарға мәслихат шешімдерін орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдарды жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізу, халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу, кедейлікті азайту бағдарламаларын бекіту, тағы басқа міндеттер кіреді. Былтыр 14 сессия өткізіліп, қаралған мәселелер бойынша 109 шешім қабылданды. Олар аудан мен ауылдық округтердің бюджеттерін нақтылау, тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету, жайылымдарды басқаруды жоспарлау, жер салығының мөлшерлемесін түзету, мүмкіндігі шектеулі балалардың үй шығындарын өтеу тәртібі секілді мәселелерге арналды. Сессияның бірінде аудан әкімі Серік Мұхамедиевтің ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есебі тыңдалып, нақты шешімдер алынды. Шілде айында өткен сессияда қоғамдық көлік бағыттарына, орталық ауруханаға жаңа медициналық жабдықтар алуға қатысты мәселе көтеріліп, 3 ұсыныс шешімін тапты. Новоишим – Шұқыркөл, Новоишим – Дружба, станса кенті жолдарын жөндеуге 101 млн. теңге бөлінді. Жаңа ультрадыбыстық зерттеу аппаратын сатып алу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұрау жіберіліп, қосымша жүрек-қан тамырлары ауруларын тест-зерттеу тредмилі, компьютерлік томография аппараты сатып алынды.

Сөз арасында жергілікті атқарушы органдар мен бюджеттік ұйымдардың атқарушылық тәртібіне назар аударғым келеді. Олардың кейбірі мәслихат депутаттарының өз құзыреті шегінде сұратқан ақпараттарын беруге селсоқ, жүрдім-бардым қарайды. “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңға (21-1-баптар) сәйкес депутаттық сауалға жауап бір ай мерзімде берілуі тиіс. Бірақ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен жауаптар өте кеш түсті.

Президент Жолдауда: “Мәслихаттарға халықтың өкілді билікке деген сенімін нығайтуға ерекше назар аудару керек”, – деп атап өтті. Биліктің өкілді органдарына сайланған депутаттар шешімдер қабылдау және оларды сайлаушылардың мүддесіне орайластырып жүзеге асыруда өз құқықтарын толығымен пайдаланады деген сенімдеміз.

Ерлан ӘДІЛБЕКОВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық мәслихаттың хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp