«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ҚАЗАҚ КҮРЕСІ — БАБАДАН ЖЕТКЕН МИРАС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі күні қазақ күресінің қарқынды дамып келе жатқанын көріп, көңілді қуаныш кернейді. Ұлттық күресіміз Біріккен күрес одағының құрамына енгелі бері cпорттың осы түрінен әлемнің әр түкпірінде жарыстар ұйымдастырылып, қазақ күресіне деген қызығушылық артып келеді. Осыдан 4 жыл бұрын Петропавл қаласында қазақ күресінен “Қызылжар арландары” атты клуб құрылып, солтүстікқазақстандық спортсүйер қауымды бір қуантқан болатын. Ашылғанына көп уақыт өте қоймаса да, клубтың балуандары биік белестерді бағындырып үлгерді.

Жанкүйерінің делебесін қоздырып жіберетін спорт түрлерінің бірі – күрес. Сондықтан да болар, кезінде қазақ халқының ас-тойлары балуандар күресінсіз өтпеген. Аттарынан ат үркетін қара күш иелері Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Қажымұқандарды айтпағанда, өз заманында белдескеннің белін үзіп, алысқанның омыртқасын опырып жіберген, есімдері бүгінгі ұрпаққа беймәлім балуандар да аз емес. Қаншама ғасырлар өтсе де, қазақтың күрес өнері ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп жалғасып келеді.

Соңғы кезде қазақ күресінің ережесіне жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес балуандар жасына қарай 3 топқа, салмағына қарай 8 категорияға бөлінеді. Күрес мерзімі ересектер үшін 10 минут, жасөспірімдер үшін 5 минут. Бұл күрестің басты шарты – күшін көрсетіп, әдісін асырып, талассыз жеңу. Кейде жыққан адам жығылған адамның басынан аттап “күш алу” деген байырғы жеңіс белгісін жасайды. Қазақша күрес аудандық, облыстық, республикалық спартакиадалардың бағдарламаларына кіргізілгенін айта кеткен жөн.

Төл спортымыздың майталмандарынан жасақталған жергілікті “Қызылжар арландары” клубы 2018 жылдың наурыз айында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен, сол кездегі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин, қазақ күресінен облыстық федерация президенті Ербол Құмарбекұлы, құрметті президенті Бауыржан Құлжанов және тағы басқа спорт жанашырларының қолдауымен ашылған болатын.

Алғашында балуандарға Семей қаласының тумасы, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ербол Мырзабосынов басшылық етті. Халықаралық жарыстардың бірнеше жеңімпазын тәрбиелеген білікті спорт майталманы өзімен бірге төрт тәжірибелі шәкіртін – әлем біріншілігінің чемпионы Айдос Сейпілұлын, ел біріншілігінің және Азияның чемпионы Мейіржан Берекетовті, әлем чемпионы, “Еуразия барысы” турнирінің жеңімпазы Қуаныш Ысқақовты және “Қазақстан барысы – 2014” турнирінің жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы Мұхит Тұрсыновты әкелген болатын.

Сондай-ақ клубқа жергілікті балуандардың ішінен үздік деп танылған жігіттер іріктеліп, негізгі құрамға алынды. Мәселен, клуб қатарына “Қызылжар барысы” сайысының екі дүркін жеңімпазы Алтынбек Аусағитов, ел көлемінде есімдері белгілі Батырхан Қайырбек, Мейірбек Рахимов, Мерей Абдрасулов, Ернар Бегайдаров және тағы басқа дарынды жастар алынды. Бұл балуандарға клуб есебінен жалақы төленеді.

Қазір клубқа Дамир Бекбосынов басшылық етеді. Ал балуандарды қазақ күресінен облыстың аға бапкері Төлеген Жетпісбаев, Нұрлан Ерғазинов сияқты кәсіби жаттықтырушылар баптайды. Клуб басшылығы ашылған күннен бастап аудандардағы 40-тан астам жаттықтырушымен байланыс орнатып, оқыту семинарларын ұйымдастырды. Яғни, ауылдағы жаттықтырушылармен қоян-қолтық жұмыс істеуге кірісті.

– Қазақ күресі – ешқандай спорт түріне ұқсамайтын дара өнер. Ата-бабамыздан аманат болған қастерлі мұра іспетті. Ол халқымыздың тарихынан тамыр тартқан. Сондықтан да жанымызға жақын. Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады. Балуандар кілем үстінде, арнаулы жазық жерде, тегіс қар үстінде де белдесе береді. Елімізде аталмыш спорт түрі қазір жақсы дамуда. Біздің облыста да көп назар аударылуда. Жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. Бұрын өзге өңірлердің балуандары солтүстіктің жігіттерін менсінбей, мұрын шүйіре қарайтын. Қазір жағдай керісінше. Өйткені бізде де мықты балуандар баршылық. Соның айқын бір дәлелі ретінде “Қызылжар арландары” командасының жетістіктерін айтуға болады. Клубтың мақсаты – өңірде қазақ күресін кеңінен насихаттап, оны өркендетуге атсалысу, – дейді қазақ күресінен облыстың аға бапкері Төлеген Жетпісбаев.

Кәсіпқой клуб ашылғалы облысымызда өткізілетін ірі сайыстардың саны да арта түскен. Мәселен, тек 2018-2019 жылдары Петропавлда қазақ күресінен Ішкі істер министрлігінің чемпионаты, спорттық клубтар арасындағы ел біріншілігі, ересектер арасындағы дода мен кәсіби спорт клубтары арасындағы Қазақстан кубогы өткен болатын. Осындай жарыстарға жерлестеріміз үздіксіз қатысып, мол табысқа кенелуде. Жуырда ғана Қарағанды қаласында өткен “Сарыарқа батырлары” республикалық турнирінде 74 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсететін солтүстікқазақстандық Батырхан Қайырбек жарыстың ең биік тұғырынан көрінсе, атақты балуанымыз Мұхит Тұрсынов 100 килограмм салмақта қарсыластарының бәрінің жауырындарын жер иіскетті.

– Балуандарымыз ел көлеміндегі дүбірлі додаларда топ жарып жүр. Екі мәрте Қазақстан кубогының қола жүлдегері атандық. Сондай-ақ спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының кубогында жеңіске жеттік. Бұл – облыста бұрын-соңды болмаған нәтиже. Сонымен қатар жергілікті балуандарға бюджеттен бөлінетін қаржы мөлшері де артты. Оларға жасалған қолдаудың нәтижесінде төл күресіміз дамудың жаңа деңгейіне көтерілді, – дейді “Қызылжар арландары” клубының директоры Дамир Бекбосынов.

Қазіргі уақытта клуб мүшелері мамыр айында Қостанай қаласында өтетін Қазақстан Республикасының кубогына қызу дайындық үстінде. Бұдан бөлек, жерлестеріміз спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының сайысына, қазақ күресінен спорт клубтары арасында өтетін конфедерация кубогына қатысады.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp