«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Өзгерісті әркім өзінен бастауы керек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Баянды бірлігіміздің арқасында Тәуелсіздігіміз нығайып, өзгелермен иық теңестіретін белді мемлекетке айналдық. Ендігі міндет – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту арқылы дамудың жаңа кезеңіне ұмтылу. Оған тек жүйелі реформалар жүргізу арқылы ғана жете алатынымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы” Жолдауында тағы бір дәйектеді. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін өзгертпей, экономикалық ілгерілеуге қол жеткізу мүмкін емес екенін тәжірибе айқын байқатты. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы, айналып келгенде, билік пен қоғам арасында тығыз байланыс орнату дегенге саяды. Көпшілікті толғандыратын мәселелер шешілмесе, олардың мұң-мұқтаждарына көңіл аударылмаса, заңды құқықтарын толық пайдалана алмаса, халықпен кері қарым-қатынас орнатудың ашықтық, мөлдірлік принциптері сақталмаса, Жаңа Қазақстан құру идесы бос сөз, көпірме уәде болып шығады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде “түрлі көзқарас, бірақ тұтас ұлт” қағидатын ұстануға, диалог пен мәміленің жоғары мәдениетін азаматтық ынтымақты арттыратын басты факторға айналдыруға айрықша назар аударып, бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтыруға шақырды. Кез келген сын-қатерді еңсеру – өз қолымызда. Бабалар аманатына адалдықты сақтап, оны ұрпаққа табыстау – киелі парыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы бәзбіреулердің жауапсыздығы мен бейбастақ әрекеттері заңды сыйлайтын азаматтарымыз үшін тым қымбатқа түскенін, осы себепті биліктегі адамдарға да, қоғам белсенділеріне де заң ортақ екендігін ескертті. Кешегі қаңтар оқиғаларына еліміздегі тоқыраудың салдары белгілі бір деңгейде әсер еткенін ашық айтты. “Мен соңғы екі айдың ішінде әлеуметтік-экономикалық салада, ұлттық және қоғамдық қауіпсіздік ісінде жүзеге асыру қажет болатын міндеттерді айқындап бердім. Біз алған бетімізден қайтпаймыз. Керісінше, қоғамның барлық саласында жасалып жатқан жүйелі өзгерістердің қарқынын үдете түсеміз”, – дей келіп, саяси жүйені жаңғыртудың кешенді бағдарламасын ұсынды. Осылайша көпшіліктің көңілінде жүрген түйткілді сұрақтарға жауап беріп, жүрекке шемен болып қатқан күдікті сейілтті. Тарихи құжатта болашаққа терең талдау жасалып, даму жолымыздың басты ұстанымдары алға тартылды.

Менің түсінігімде, әр Жолдаудың арқалайтын өз жүгі болады, ол бірер жылмен шектелмейді. Мән-мазмұны, алға қойған мақсат-мүддесі жағынан бір-бірімен үндесіп, толықтырып жатады. 2019 жылғы “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында саяси жүйенің формуласы тұрақтылыққа негізделіп, соған орай азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану, саяси реформаларды “асығыстыққа салынбай”, кезең-кезеңмен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыру айтылса, “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында алдағы саяси реформалардың барлығын халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағыттау міндеті қойылды. “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауында саяси жаңғыру қадамдары мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекелестікті одан әрі арттыру мәселелері қозғалды. Осыдан-ақ түбегейлі өзгерістер барысындағы жалғастық пен сабақтастықты айқын аңғаруға болады.

Жасыратыны жоқ, кеңес заманында жариялылық, қайта құру саясаты басталып, ол егемендікке ұласты. Алайда жіберілген қателіктер көп үмітімізді ақтамады. Мемлекеттік органдар жұмысының олқылығы салдарынан күрделі жағдай қалыптасып, адамдардан айтарлықтай алшақтық байқалды. Теңсіздік мәселесі ушыға түсті. Халықтың табысы қағаз жүзінде өсіп жатқанымен, өзгермеген күйінде қалды. Күрделі мәселелер шешілмеді. Экономикалық өсімнен қаржылық және олигархиялық топтар еселеп пайда тауып отырды. Мұның өзі экономикадағы олигополияны күшейтіп, бизнестегі бәсекелестікті тұншықтырды. Бюрократизм кең етек жайды.

Адам баласына ең қажеті – адами құндылықтар мен теңдік сақталған, заң үстемдігі орнаған әділетті қоғамда өмір сүру. Оны баянды етудің бірден-бір жолы – саяси өзгерістерді азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін қамту. Президент атап өткендей, саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ “ойын ережесін” қалыптастыруды көздейді. Өкінішке қарай, осы ниет пен жұмыс қарқыны жұрттың бәріне ұнай бермейтіні анық. Енді бәрін бармақ басты, көз қыстымен шешіп үйренген адамдар аяқтарын аңдап басатын болады. Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында басшылықта жүргенімде іргелі бас қосулардың бірінде кәсібін жаңа бастаған фермерлер мен кооперативтерге субсидия бермес бұрын ауыл шаруашылығы әліппесі мен ақша санауды үйрету жөнінде мәселе көтеріп, аграрлық секторға арнайы білімі жоқ мамандардың жиі келетінін сынаған болатынмын. Қазір не болып жатқанын көріп отырмыз, бөлінген жеңілдікті қаражаттар мақсатсыз жұмсалып, саланы үлкен шығынға ұшыратты. Жұмыртқадан жүн қырыққан пысықайлар субсидияны қалтасына басып, байлыққа белшесінен батты. Фермер жұмысының маңызды көрсеткіші – рентабельділік мүлдем есепке алынбады. Кірістердің есебі жүргізілмеді. Сондықтан Президент Үкіметке субсидияны тұрақты беруге, тәсілдерін қайта қарауға, қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты тапсырмалар жүктеді.

Мемлекет басшысы мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты екеніне айрықша тоқталды. “Қуатты өңірлер – қуатты ел” қағидасы өзектілігін әлі жоғалтқан жоқ, бұл басты ұстаным болып қала береді. Қазақстан картасында жаңа 3 облыстың пайда болып, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселенің шешілуі – өте құптарлық жайт. Олардың атаулары да құлаққа жағымды, көңілге қонымды. Семей – Алаш арыстарының басын қосқан орда. Сарыарқаның төсінде орналасқан Ұлытау – ұлылар қонған жер. Жер жаннаты – Жетісудің орны бөлек. Мұндай әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін, барыс-келісті жеңілдетіп, сонымен бірге іргелі міндеттер де жүктейді. Республика халқының жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұратыны да ескерілген сияқты. Кез келген ел алдымен халқының тұрмыс жағдайын оңалтуды басты мақсат етеді. Торғай неге қалпына келтірілмеді, Петропавл неге Қызылжар деп аталмады деген сөздерді де естіп қаламыз. Меніңше, асығыстыққа жол беруге болмайды, бұйырса, ол күнге де жетерміз. Кез келген мәселеде байыптылық, салқынқандылық керек.

Менің замандастарым еліміз егемендік алғаннан кейін талай сайлауды бастан өткерді. Шыны керек, 30 жылдың ішінде көптеген жағымсыз тұстарын, мәселен, әділетсіз өткенін көріп-сезсек те, іштен тындық. Шындық деп шырылдағандарға құлақ асатын жан табылмады. Қабылданған заңдар аяқ-қолды одан әрі шідерлеп тастағандай болды. Атап айтқанда, партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілетті органдарға да сайлана алмай, конституциялық құқықтары шектелді. Соның салдарынан жұртшылықтың сайлауға деген қызығушылығы төмендеп, дауыс “ұрланатын” деңгейге дейін жеттік. Бұрын депуттатар елге, ауыл-аймаққа сыйлы болатын, қазір абырой-бедел қалмады. Қаламаған адам халық қалаулысы атанды. Енді аралас сайлау жүйесінің енгізілетіні сөнген үмітімізді оятып, бойға күш бергендей. Бұл тәсіл сайлаушылардың белсенділігін арттырудың бір жолы болмақ. Партия адамдарды саяси-идеялық жағынан ортақ мақсатқа топтастырып, күш-жігерлерін бір арнаға жұмылдыратын ұйым десек, өз жұмысын адал, еркін бәсекеде ұйымдастыра білгендердің аты озады.

Саяси реформалар қадамдарын нақты белгілеп берген осындай жауапты кезеңде қалай әрекет ету керек дегенде хакім Абайдың: “Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол”, – деген өлең шумағы еске түседі. Халқымызға керек нәрсені бір ауыз сөзбен ұқтырған ғой. Әрине, түпкі мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз. “Мен еліме не бере аламын” деген көзқарас қалыптаспай, масылдық пиғылдан арылмай, сананы өзгерту қиын. Сонда ғана тұтас қоғам жаңарады, өзгеше тіршілік арнасына көшеді. Жас ұрпақ “қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға” талпынғандары жөн. Ол – сапалы білім, таңдаған мамандық, кәсіби біліктілік. Мен ауыл шаруашылығы ғылымы мен білімі саласының қызметкері, ғалым ретінде жастар аудиториясына жиі барамын. Сонда кейбір “әттегенайларды” кездестіріп, ішім удай ашиды. Теориялық даярлықтарын практикалық дағдылармен ұштастыру жағы кемшін. Өзін-өзі өмір бойы жетілдіру принипін ұстана бермейді. Қанша алға ұмтылғанмен, жалаң теориялық білім жеткіліксіз. Әлемде фермерлердің балалар мектебі кеңінен таралған. Осы жүйені Қазақстанға да қолданған жөн.

Жолдаудағы “Өзгерісті әрқайсысымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы керек” деген пайымдарға толық қосыламын.

Әйіп ЫСҚАҚОВ,

биология ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp