«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫЛАЙ ТУРАЛЫ АҚИҚАТТАН АҢЫЗ БАСЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі, абылайтанушы Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай биыл 80-нің сеңгіріне аяқ басып отыр. Өмірінің көп бөлігін ғылым мен білімге арнаған еліміздің еңбек сіңірген қайраткері жақында “Qazaqstan tarihy” порталына сұхбат берген екен. Сұхбатта Абылай хан төңірегіндегі аңыз бен ақиқаттың арасы, ғалымның “Абылай хан тарихы” атты үш томдық кітабы жөнінде әңгіме өрбиді. “Қаралы қаңтар” оқиғаларына қатысты да пікірлер айтылған. Оқырманға сол сұхбатты ықшамдап, ұсынып отырмыз.

– Осыған дейін журналистика саласында да, тарихта, абайтану төңірегінде де еңбек еттіңіз. Ар­хивтерді ақтарып, қаншама тың мә­ліметтерді айналымға қостыңыз. Қай салада жұрттан артықтау із қалдырдым деп ойлайсыз?

– Мен өзімді, ең алдымен, журна­лиспін деп санаймын. Жасыратыны жоқ, пенде болған соң кей замандас­тарымыз өзінің журналистігін, мыса­лы, ақындықтан, жазушылықтан, ға­лымдықтан төмен қойып, тіпті “журна­лист” десе, олқысынып қалады. Кә­сіп­тің, мамандықтың, өнердің, ғы­лым­­ның шыңына жеткеннің әрқай­сысы-ақ құрметті. Бірақ мен журна­листиканың шыңына жете алмай келемін, жете де алмайтын шығар­мын. Өйткені сол “шыңның” өзінің өл­шемі қандай екенін білмеймін. Тек қана іздену, талпыну, тағы да іздену, ояң тұстарды толтыру, жетілу, тағы да іздену…

Жалпы ерте заман оқымыстысы айтты дегендей: “Мен ештеңе білмей­тінімді білемін”. Бұл “қараңғымын” де­ген емес шығар, іштей қанағат­тан­ба­ғандық, білсем, жетсем деген “то­йым­сыздық”, танып-білуге құмарлық бол­са керек және мен өзімді бақытты се­зінсем, осы тойымсыздығыма қа­рыз­дармын. Шәкірттеріме де соны ай­та­мын. Адам өмірге не үшін келеді? Көр­сем, білсем, танысам, деп келеді…

Неге журналист дейсіз ғой. Өмірлік азық болғаны, жалақы табудың көзі болғаны үшін ғана емес. Бұл – алды­мен, ақпарат тарату десек, ақпарат­тың ақиқаттығы. Адал ақпарат адам қоғамының қажетін табуға, пайдасы­на ұмтылып, залалынан аулақ болуға бастайды. Таратып айтпасам да, түсінікті.

– “Абылай хан тарихы” деген үш томдық шығарыпсыз. Абылай тұл­ғасын көрсете алдыңыз ба? Әлде бұрыннан келе жатқан “Алпамыс­тың қылышы… алпыс құлаш, Қо­бы­ландының құрығы қырық кез…” емес пе? Аз-кем тоқта­лы­ңыз­шы. Әсіресе жастарға керек мағ­лұмат болса.

– Абылай туралы айтыңыз дейсіз, Абай бабамыздың ескертпесін сәл бұзып айтайын: “Абылай” деп айта са­лу оңай емес. Мұнымды “Абылай ту­ралы” айтып жүргендерге ескерту деп қабылдаңыз. Осынау мықты қазақтың бағасын, мына бізден гөрі артық ең­бе­гін данышпан аталарымыз бұры­ны­рақ беріп қойған. Солардың бір-екеуін қайталайын және сіз үшін ғана емес, жас­тар жағы тағы бір оқып көр­сін, де­ген ниетпен. “Абылай дәуірі – қа­зақ­тың ерлігі мен серілігінің ға­сы­ры”, – дейді Шоқан Уәлиханов, “Абы­лай за­ма­нында сүрген дәуренді қа­зақбай­дың баласы Абылайдан бұрын Адам атаға шейін көрген емес, Абы­лай­дан соң, бұл заманғаша көрген емес”, – деген екен ғұлама Мәшһүр Жү­сіп, “Қа­зақтың дербес ел болуына, әрі-бері­ден соң қазақтың қазақ бо­луы­­на, ба­сы қосылып, бір жеңнен қол, бір жаға­дан бас шығаруына ерен еңбек сіңір­ген Абылайдан артық адам болмас… Өйткені “… сол аласапыран дә­уірде қалың елдің “қайраңдап жан қала ма” деген “Қазықұрттай” үміті жал­ғыз ғана Абылай басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрт­тың тілегін, ту көтеріп бір араға жиған Абылай болатын”, – депті Мұхтар Әуезов.

Демек, Абылайды білуіміз керек. Бүкіл қазақ білуі керек. Менің бұл ба­ғыттағы істегендерім, жоспарым – Абы­лайды таныту. Қазіргі және келер ұр­паққа. “Абылай хан сөйтіпті, бүй­тіп­ті, былай депті” деген ауызша ай­тылған қисса мен аңыздың өзін елең­деп тыңдаймыз. Ал мен сондай бір мың­нан аса басқа тілде сақталған құ­жатты қазақшаға аударып, ұлдары­мыз бен қыздарыма ұсынып отыр­мын. Менен олжалы, менен бақытты жан бар ма?! Өзім осылай деп санай­мын. Сол ол­жамды халқыма үлестіріп отырмын.

– Абылай ханға қатысты пікірі­ңіз­де Абылайдың “Сабалақ” атан­ға­ны, Төле бидің түйесін баққаны туралы аңызды жоққа шығарасыз. Жас Абылай зиялы ортада, хан ор­дасында тәрбие алған деп қарай­сыз. Осы пікірді дәлелді түрде баяндап берсеңіз.

– Ерекше қасиеті бар, ақыл-ойы кемел, көпшіліктен озық жаратылған тұлғалардың бағасын жақсы көрген жақын-жақтастары ғана емес, жау­лары да беретінін ескеріңіз де, осы бір “сабалақ” деген жайсыз естілетін сөздің нені білдіретінін іздеген жан бар ма? Мен іздедім. Жеңілмейтін, ба­тыл қимылдайтын, бой күші де кәміл, жауын жайратып түсіретін батырлығы үшін “сабалақ Абылай”, яғни, сабай­тын, соқса, оңдырмайтын Абылай, мі­не, қарапайым ғана осылай түсіндір­дім, батырлығы үшін жаула­ры, қарсы­ластары тарапынан беріл­ген сипат­тама екенін көрдіңіз. “Саба­лах”, яғни, бұрынғы қалмақ тілінде, қазіргі моң­ғолша, “Сабау” деген түбірден туған сөз. Киімі жыртық, көрбала, қолбала болғаны үшін емес.

Ал жетім қалып, Ораз есімді ата­лықтың тәрбиесінде болуы жөнінде таралған аңыздың да негізі табылды. “Аралдың (халқы өзбектер) Мұса ханы 1712 жылы қаза болғанда оның Сәтемір деген ұлын Оразалы деген аталық (ханның құлы) жасырып, аман сақтап қалыпты” деген жазбаша дерек бар. Ауыз әдебиетіндегі ежелгі ұйқастыра дәріптеу, айтулы тұлғалар төңірегіндегі мифтік әсірелеудің тағы бір мысалы – бұл. “Әбілмансұр” деген есім Абылайға қатысты жазба дерек­терде кездеспейді, бұл да аңыздарға кейін қосылған – арабша “Жеңімпаз” дегенді білдіретін лақап. Шын мәнін­де, толық аты-жөні – “Абылай-Мұ­хам­мед баһадүр сұлтан”. Аңыз демекші, “Абылайдың ақ бурасы” туралы есті­ген шығарсыз. Бұл тіпті ХХ ғасырға таяу шыққан аңыз. Себебі Көкшетау ішіндегі “Қарағайлы” көлінің Бурабай аталуы 1845-50 жылдары көлдің жағасынан салынған шағын ғана елді мекенге орыстар “Выселок Боровое” деп ат қойғаннан ғана басталады. Оған дейін қазақтар да, орыстар да “Қарағайлы” деп атап жүрген, ал осы күні Шебачье деп жүрген көлімізді “Көкшетаудың Шалқары” деп атаған.

– Бұқар жырау, Үмбетей жы­рау­дың айтқандары Абылай ханның өмірбаянымен қалай қабысады?

– Кіші жүз бен Орта жүздің Ресейге бодандық шартына қол қойғаннан кейін, жаңа геосаяси жағдайда, қазақ­тар солтүстік және шығыс өңірлерін қымтай бастауы заңды ғой. Бұрынғы­дай ашық-шашықты жағдай көтер­мей­тін болды. Жерге ие болу, ше­караны бекіту мәселесі тұрды. Тәуке хан тұсында билікті бір орталыққа шоғырландыру жөніндегі бастаманы тиянақтаған Сәмеке хан. Ол 1733 жыл­дан бастап, қазақ даласын би­леу­дің жаңа тәртібін енгізіп, әкімшілік-аймақтық бөліктерге бөліп, оларға сұлтандар тағайындап, тайпа-руларды белгілеуге кіріседі. Мысалы, Абы­лай сұлтанға солтүстіктегі уақ-керей, атығай, қарауыл, Құдайменде сұл­танға батыстағы қыпшақ, Әбілмәмбет сұлтанға қуандық, керей, Барақ сұл­танға шығыстағы найман, Абылай­дың немере ағасы Сұлтанмұхаммет сұлтанға Ертістің Жәміш, Железен бе­кіністеріне қарсы аймақтардағы қып­шақтарды басқартқан. Абылай 1733 жылы Көкшетау өңірін басқаруға та­ғайындалып, немере ағасы Сұл­тан­мұхаммет екеуі отбасымен, нө­кер­ле­рімен келіп, билік қызметіне кіріскен.

Жыраулардың атымен аңыз болып таралып, ел аузында “Абылай 20 жа­сында… танылып, билікке ие болып­ты” деген жорамалдың шығу тегіне үңіл­сек те, осы 1732-33 жылдар еке­ні­не негіз бар. Сақталған құжатта 1731 жылдың қысында “Сәмеке хан жоңғар қоңтайшысына соғыспен бару үшін 6 мың қол жинап отырғаны, оны Барақ сұлтан мен Әбілмәмбет сұлтан және Жәнібек батыр қолдайтыны” осы кі­тап­та айтылған. Жоңғарлар мен қа­зақ­тардың арасында, атап айт­қанда, “…1732 жылдың 16 тамызда қа­зақтар қал­мақтармен соғысып жа­тыр, …қал­мақ қолының саны 7 мыңнан асады. Олар 20-дан аса киіз үй мен біраз жыл­қы-қой әкетіпті”. Тағы бір хабарда, “қоңтайшы қалмақтары 200 түндікті шауып, 6 мыңнан аса жылқы мен 10 мың қой әкетіпті”, – деген құжат бар…

– Әбілқайыр хан мен Абылай хан­ның арасы қандай болған деп ойлайсыз?

– Ойламаймын, білетінімді айта­мын. Абылай сұлтан, біріншіден, Әбіл­қайыр ханның інісі, (Абылай өзі солай дейді) екіншіден – күйеу бала­сы, үшіншіден – ұстазы, яғни, Әбіл­қа­йыр ханның жаңылыс басқан ізіне түс­пей, тартынып отырған. Мен біле­тін Абылай сұлтан күншіл, таққұмар, бақ­құмар, дүниеқоңыз болмаған. Өзгенің абырой-атағына таласпаған. Әбіл­қайыр ханды сыйлап өткен, мы­салы, Әбілқайыр ханның қазасына, бүкіл қазақпен бірге қатты қапалан­ған, тіпті Барақ батырды мерт қылуға дайын екенін өз аузынан айтқанын оқыңыз.

Қазақ тарихшыларына беймәлім болып келген мына жай да Әбіл­қа­йыр­дың қазаққа аға хан болып сай­лан­ғанын білдіретін құжаттар негізін­де дәлелденді. 1737 жылы шілде айында Қаз дауысты Қазыбек би бас­таған Хан кеңесі Кіші жүз бен Орта жүз­дің шекарасында, Елек өзені бо­йындағы, екі жүздің бірігуі түрінде өт­кен құрылтайына Абылай сұлтан да қатысқан. Әбілқайырды ортақ аға хан сайлағанда дауыс берген 25 жасар “Абылай-Мұхаммет сұлтан баһадүр” атымен хаттамаға түскен. Сол жолы Абылай сұлтанды башқұрттар хан­дық­қа шақырды, қазақтар бермек болды. Бірақ бұл шақыру Ресейдің ішкі шаруасына араласу болып та­былатындықтан, жас сұлтан хандық­тан бас тартты деуімізге болады.

– Кейіпкеріміздің мемлекет қай­раткері ретіндегі тұлғасынан бірер мысал келтірсеңіз.

– Келтірейік. Абылай 1740 жылғы 28 тамызда Әбілмәмбет ханның бас уәзірі ретінде Ор бекінісінде Ресей патшасы деңгейіндегі келіссөзге қа­ты­сып, рәсім үстінде Орынбор комис­сиясының бастығы генерал В.Урусов­пен тең дәрежелі әріптес ретінде қа­зақ қоғамының маңызды мәселелерін шешіп, екі жақты қауіпсіздікке кепілдік алды. Осы келіссөздің барысында Абылай өзін ханнан кейінгі екінші рес­ми тұлға ретінде ұстап, ішкі мәдениеті бай, ой-пікірін айқын және батыл жеткізе білетін, дипломатияның қал­та­рыс-бұлтарыстарын сергек тани­тын, әбден пісіп-жетілген мәмілегер тұлға ретінде Ресейдің биік шенді әкімдерін таңғалдырған. Ресми әңгі­ме, сөзжарыс, пікір алысу үстінде парт­нердің аңысын аңдып, дер кезін­де ескертпе жасап, қажет десе жауап беруден тартынбаған жас Абылайды олар келешекте бірден-бір әріптес ретінде мойындағаны сол жерде қа­ғазға түскен. Осы кездесудің қоры­тындысы бойынша патша сарайына 1740 жылғы 8 қыркүйекте жазған хатында генерал Урусов қазақтардың келіссөз мәдениетінің мұнша жоғары болатынына өзінің таңданысын жа­сыра алмаған.

– Жас Абылайдың жекпе-жекте Қалдан Сереннің ұлы Шарыш есім­ді қалмақ батырдың басын қағып алғаны рас па?

– Жазба деректерге қарағанда жоң­ғарлар 1739 жылы бір рет, 1740 жыл­дың соңы – 1741 жылдың басында екінші рет қазақ жеріне шабуыл жа­сайды. Сол жолы орыстардың жазуы бойынша, “Қалдын Серен әулетінің бір жақын ағайынын” мерт қылған Абылай сұлтан, қолға түсіп қалады. Ол адамның есімі құжатта аталмаған. Ал аңыздағы Шарыш батыр дегенді төрт ойраттың біреуі, қалмақша Цорс, қазақша Чорұс, орыстар Шорос деген тайпаның атауын қазақтар бұрмалап, Шарыш деп атап кеткен деп білемін. Яғни, Қалдан Сереннің руы осы Чо­рұс. Демек, ол жеке кісінің аты емес, этноним. Сөйтіп, “Қалдан Сереннің рулас ағайынын мерт қылыпты” деп тү­сінсек жарайды. Өйткені жоңғар ханында ондай ұл болмаған.

– “Абылай хан тарихы” кіта­бының құрылым жүйесін айты­ңызшы.

– Кітапта төрт монография және 1015 құжат бар. Қазақша, түсінік­тері­мен берілген. Есім көрсеткішінен бай­қайсыз, алпыстан аса қазақ батыры­ның аттары аталады. Бұл да – қызық дерек. Ойдан шығарылмаған, та­рих­та болған, ұрпақтары құрметтеуге ла­йық тұлғалар туралы мағлұмат. Абы­лай хан туралы ел жадында сақтал­ған әртүрлі әңгіме көп. Бері қойғанда екі ғасыр бойы халқымыз Абылайға байланысты көптеген аңыз-әфсаналар тудырды, әр кезеңде ақындар жыр-дастандар арнады. Қазақ халқы­ның басынан өткен қилы-қилы оқиға­лар мен құбылыстар туралы сөз бол­ғанда, ХVІІІ ғасырдағы ауыз әде­биетінің асқақ кейіпкері, халықтың шек­сіз сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген Абылайдың ғажайып кісілік тұлғасын көреміз. Ауыздан-ауызға же­тіп, уақыт көші ілгерілеген сайын, жаң­ғыра жаңарып келе жатқан халық мұ­расында Абылайдың адал ұл, ержү­рек батыр, көреген қолбасшы, ұлттың кемеңгер көсемі екендігі паш етіледі.

Бірақ бұл шығармалар тарихтағы Абылайдың өмірі мен қызметін жан-жақты әрі толық көрсететін іргелі ғы­лы­ми-зерттеудің орнын толтыра ал­майды, нақты дерек те бола алмай­ды. Рас, ХVІІІ ғасырдың қырқыншы жыл­дарының соңын ала тарих сахна­сынан көріне бастаған Абылай есімі­не қатысты орыс, қытай, моңғол мұра­ғаттарында сақталған құжаттар мен материалдар әр кезде тарихшылар үшін бағалы деректердің қайнар-көзі ретінде ғылыми айналысқа түскен. Оның ішінде бір еңбекте іске жараған деректің басқа зерттеулерге сол күйінде ғана көшіп отырғаны, кезекті зерттеушінің сол үзінді алынған құжаттың толық мәтініне қолы жете бермей, ғылыми таным өрісі тарыл­ғаны да ақиқат.

Кезінде орыс тіліне аударылған құжат мәтіндерінің Қазақстан тарихы бо­йынша арнайы мақсатпен дайын­далған ғылыми жинақтарға енгендері бар. Бірақ ол материалдар да қалың көпшіліктің танысып, пайдалануына бір­неше себеппен жете қоймады. Бі­рін­шіден, орыс тілінде сақталған бұл материалдар кеңес заманында, ба­сым насихат уағызының мүддесіне ла­йықталып, сұрыпталып, кейде едәуір ықшамдалып қана басылып шықты, оның өзінде “Қазақстанның Ресейге өз еркімен ғана қосылғаны” жөнінде қа­лыптасқан ұшқары ұстанымды де­реккөздері арқылы тиянақ­тау мүддесіне қарай бұрмаланды. Де­мек, ол деректердің танымдық құны қымбат болғанымен, әлі де объектив­тілік жағынан кемшін жатқаны түсінікті.

Қытай мұрағаттарындағы дерек­тер ақтарылып, қазақ тарихының қажетіне жаратыла бастағаны да қазір ғана. Ал бұл құжаттарды басқа қайнар көздермен салыстыра, ұш­тастыра пайдаланудың жөні мен ма­ңызы бір басқа.

Осы және басқа да кемшіндердің орнын толтыру мақсатында Абылай тарихына байланысты мұрағат де­рек­тері мен ХVІІІ ғасырдан сақталған басқа да құжаттық материалдарды салыстыра зерттеп, жинап, қазақ ті­лінде бір арнаға түсіру жұмысы біздің тарапымыздан арнайы қолға алын­ды. Бұл арада негізгі ұстаным – де­ректер сол заманның елеулі оқиғала­ры бойынша емес, құжаттардың шық­қан асыл тегі қандай екеніне қара­мас­тан, тек қана хронологиялық тәртіп­пен жүйелеу екенін байқайсыз. Осы­лайша уақыт жүлгесімен қуа таныс­тырып отырғанда, ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының сипатын, сол арқы­лы Абылай сынды тұлғаның бейнесін неғұрлым шындық тұрғысында ашып, оның тарихымыздағы орны туралы нақты ғылыми тұжырым жасауға болады деп ойлаймыз.

Суреттер, оқиғалар, жеңістер де, жеңілістер де қаз қалпында, құжат түрінде, Абылайдың айналасында өрбиді. Мен икемдеп, бұрып әкелген жоқпын. Таң атып, күн батқандай, жаз шығып, күз өтіп, қыс түскендей, өз қи­сы­нымен, өз ретімен келіп отырады.

– Билеушілер туралы сіздің: “Жа­ман патша болмайды” деген пікі­ріңіз бар еді. Осындай жағдай­да көз алдымызға Сталин, Гитлер се­кілді билеушілер елестейді. Яғни, Сталинді де ақтап алуға бола ма?

– “Жаман” дегенде, қатардағы қазақ хан болмайды, дегенім. Сол Ста­линіңіз жай грузин емес, Гитлеріңіз жай неміс емес дегенім ғой. Ұмыты­лыңқырап бара жатқан бір тәмсіл бар, “халқы қандай болса, патшасы да сондай” деген немесе, керісінше, “патшасы қандай болса, халқы да сондай” деген. Әр пенде – өз зама­нының перзенті. Иә, мен “пенделер” ту­ралы айтып отырмын. Байыптап қа­расаңыз, осы сөздерден, ең болмаса, шындықтың ұшығын көресіз.

– Қазақстанның өткен 30 жылына, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік жолына қандай баға берер едіңіз?

– Қазақстанның 1991 жылдан бергі отыз жылына, Тұңғыш Президентке беретін бағамды айтып қойдым-ау деймін. Ешқандай ғажайып жоқ. Бәрі табиғаттың құбылысындай, заңды, қисынды. Сол қисынымен өкінішті. Өкінгеннен де пайда жоқ. Осы оқиға биылғы қаңтарда болмаса да, кейін болар еді. Қайғысы мен қасіреті, әрине, басқаша да көрінуі мүмкін.

Енді, сол өтіп кеткен отыз жылы­мыз­ды бізге ешкім қайтарып бер­мейді. “Тәуелсіздік” деген сөзді тек қана бас әріппен жазушы едім. Шә­кірттерімді де солай үйреттім. Олар: “Неге бас әріппен жазуым керек, жалқы есім емес қой”, – деп дауласа­тын. Жоқ, сен үшін, мен үшін, қазақ үшін Тәуелсіздік – біреу ғана. Басқа ұлттар үшін жалпы есім, қатардағы сөз шығар. Біз үшін арман болған ба­қы­тымыз. “Ұлымыз құл болмай, қы­зымыз күң болмай өссін”. Міне, Тә­уелсіздікті мен осылай түсі­немін. Оның ар жағындағы тұрмыс, байлық-кедейлік, демократия, ұлт­ара­лық қа­тынас, т.с.с. түсініктер ұсақ-түйектер, екінші кезекте.

– “Қаңтар қасіреті” тек саяси басқарудың ғана қателігі емес, мәдени, рухани жағдайымызды да көрсетіп берген секілді. Біздің халықтың архивке, тарихты сақтап қорғауға деген ынтасыздығы – болмыстан ба, ол бағыттағы тәрбиенің жоқтығынан ба?

– Ұлы даланың иесі – қазақ екенін тү­сінбегендік. Советтік, коммунистік идеология сарынындағы жалған ин­тер­национализм, өтірік достықты қағаз­дың бетіне шимайлап жазып қой­дық та, өзімізді өзіміз алдап келдік. Мә­селенің мәнісіне бармадық. Білім жетпеді. Оны тергеп, тексеріп, себеп­тер мен салдарларды салыстыра ба­ға­лап отыратын қоғамдық ғылым­дар­ды аяққа бастық. “Әуелі – эконо­мика, содан соң ғана саясат” деген сөз­дің өзі қате түсінік. Біз оқығанда, орысшасы: “По­литика – есть искусство управления го­судар­ством”. Осында бәрі айтыл­ған.

Алғашқы жылдары “Тәуелсіздігі­міз­дің қалт-құлт еткен қайығын шай­қамайық, бәрі орнына келеді” дедік. Уақыт өте берді. Қазақты сыйлама­дық. Ұлттың тілін, салтын, ғұрыпта­рын сыйламадық. Біле тұра, қазақты басқа тептік. Өкініштісі, қаншама жігіт­терді құрбандыққа шалып жі­бердік.

– Тарихты зерттеу, орыс отар­шы­­лығы, қазақтың Тәуелсіздігі туралы Ресейдің Қазақстандағы елшісі А.Бо­родавкин таяуда: “Ре­сейліктер үшін моңғол шапқын­шы­лығы мен 300 жыл бодандық ретінде қабылданады. Әрине, әр­кім өзінің тарихи көзқара­сын ұс­тануға құқығы бар. Бастысы та­рихи оқиғаларды саралағанда объек­тивтілік болғаны дұрыс, та­­рих­ты бұрмалап, оны саяси мақ­сатта қол­данып, елдер ара­сына сына қағуға қолданбау керек. Бұл сонымен қатар өте нәзік мә­селелер болып санала­тын 1916 жылғы Түркістан көтерілісі, 1920-1930 жылдары болған аштық, сталиндік репрессияға да қатыс­ты. Тарихты тарихшыларға қалдырған дұ­рыс”, – деді. Яғни, та­рихқа тиіспейік. Әйтпесе, араздасып қалуымыз мүм­кін, тарихта бо­лып өткен жағдайлар жөнінде пікірлеріміз әртүрлі, тіпті кереғар болуы мүмкін, деген емеуірін танытты. Сіздің пікіріңіз қалай?

– Ғылыми түсінік туралы айтқанда, бұл пікірдің қатесі жоқ сияқты. Бірақ мен елшінің, басқа емес, мемлекеттік тұлға ретінде елшінің: “Тарихты тарихшыларға қалдырған дұрыс”, – деген сөздерді түсінетін Ресей аза­мат­тарына, ресми қызмет адамда­рына бағыттап айтқанын тілеймін. Қазақ – тәубешіл халық. Жүз жыл бұрынғы, мың жыл бұрынғы жерімізді жоқтамаймыз. Ұлы даланың өзімізге бұйырған осы пұшпағы да жетеді деп тәубе қыламыз. Бірақ бізден басқа­лар жер сұрамасын. Екіншіден, тәр­бие түрінде пайдалану үшін нақты де­ректер керек. Келешекке сабақ болуы үшін керек. Солтүстіктегі көршіле­ріміздің “Солтүстік Қазақстан – орыстың жері”, “біз сыйлыққа берген­біз…” деген сияқты былтырғы санды­рақтары естіле бастаған кезде бірне­ше автордың басын қосып, атауын “Ел менікі, Жер менікі!” деп қойып кітап жаздық. Кітапта қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының, 1901-1908 жылдардағы Петропавл уезінің тұрғындары, яғни, қазіргі ұрпақтар­дың аталары тіркелген. Әрі сол жер­лердің ежелгі атаулары – топонимдер бар. Бұл тарихи деректер керек бо­лады. “Сақтықта қорлық жоқ!” деге­німіз ғой. Сол кітапты жарыққа шыға­руға қол ұшын беретін адам керек.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!

Әңгімелескен

Есбол НҰРАХМЕТ,

“Qazaqstan tarihy” порталының тілшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp