«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Асау тасқын “ауыздық” бере ме?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көктем сайын солтүстікқазақстандық құтқарушылар су тасқынымен арпалысқа түседі. Асау толқынды “ауыздықтау” оңай шаруа емес. Облыстағы қауіпті аймақта орналасқан елді мекендер құтқарушылардың қырағы назарына алынған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов құтқарушылардың биылғы тасқынға даярлығы мен апаттың алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатқаны жайында арнайы сұхбат берді.

– Көктем сайын үрей туғызып, әбігерге салатын жағ­дайдың бірі – су тасқыны. Об­лыста қазіргі жағдай қалай?

– Жағдай тұрақты. Қар жылдам еріп жатыр, өзен көлдердегі мұз да жұқарып, қызыл су жүре бастады. Сер­геев су қоймасы 75 пайызға тол­ды. Әлі де 160 миллион текше метр­ден астам су сыяды.

– Тасқынның алдын алу жұмыс­тарына қанша адам жұмылды­рылды?

– 475 адамнан тұратын 8 топ құ­рылды. Жұмысқа 134 бірлік техника тартылды. 3 сәуірде өзендер мен көл­дердің деңгейіне тәулік бойы мони­торинг жүргізу, мұзды жару және шұң­қыр қазу, бөгеттерді нығайту және еріген суларды сору бойынша жұ­мыстар жүргізу үшін облыстың үш ау­данына топ мүшелері жіберілді. Олар қазір Айыртау, Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудан­дар­­да жұмыс істеп жатыр.

– Облыстың қандай аудандарын­да тасқын қаупі жоғары? Қанша ауыл қауіпті аймақта?

– Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы, Ти­мирязев, Шал ақын аудандары ерекше бақылауда. Олар ең қауіпті ай­маққа жатады. Елді мекендерге ке­летін болсақ, 85-ін су басуы мүмкін. Бұл – 1872 үйде тұратын 6068 адам. Тек өзендер ғана емес, еріген қар суы мен көлдерден де қатер болуы мүмкін.

– Су тасқынының алдын алу – басты міндет. “Сақтансаң, сақтар­мын” дегендей, түсіндіру жұмыс­тары қалай жүріп жатыр?

– Иә, 200-ге жуық елді мекенде біз су тасқынына дайындық айлықта­рын, 260-тан астам рейд және 160 кездесу өткіздік, жалпы айтқанда, 35 мыңнан астам адаммен сөйлесіп, қауіп туралы айттық, сақтандырдық. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көшелерді, арықтар мен жол жиектерін қар мен мұздан та­зарттық. Өкінішке қарай, кейбір адам­дар бұған салғырт қарайды, аулаларындағы қарды шығармайды, арықтарды тазаламайды. Басқалардың келіп істегенін күтіп отырады.

– Елді мекендерден қарды шы­ғару, өзендер мен көлдердегі мұз­ды жару тасқын қаупін азайтатыны белгілі. Биыл осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Құтқарушылар тағы не істеп жатыр?

– Елді мекендерден 600 мың текше метрден астам қар шығарылды. Сондай-ақ су өткізу құбырларын, каналдар мен арықтарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Мұз кептелісін бол­дырмау үшін өңірдегі Сілеті, Ша­рық, Жембарақ, Ақан-Бұрлық, Бабық-Бұрлық, Қарасу өзендері мен Имантау көлдерінде мұз жарылды.

Биыл жағдай тұрақты әрі бақылауда ұстап отырмыз. Мұрағаттағы жазбалар мен деректерге сүйенсек, 2017 жылғы тасқын өткен ғасырдың қыр­қыншы жылдарындағы жағдайға өте ұқсас болды. Көп ауылдарды су басып, адамдарды әбігерге салған еді. 2017 жылы облыста 380 үй мен 5 мың саяжай учаскесі су астында қалды. Апаттың салдарынан 10 үй қи­рап, жарамсыз күйге түсті. Есіл өзе­ніндегі су деңгейінің көтерілуінен автожолдардың 17 учаскесін басып қалды, 11 су өткізу құрылғысы қи­рады. Облыстың 20 елді мекенінен 3 мыңға жуық адам және 2 мыңнан ас­там үй жануарлары эвакуацияланды. 50 елді мекенде электрмен жаб­дықтау бойынша шектеулер болды. Ғабит Мүсірепов, Қызылжар аудан­дары және Петропавл қаласында су тасқынының қаупіне байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипат­тағы төтенше жағдай жариялауға тура келген болатын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp