«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дау мұраты – бітім

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан демократиялық, зайыр­лы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде орныққандықтан, ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықта­ры. Әркімнің оны сот арқылы қорғауы­на құқығы бар. Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де ны­сандары арқылы жүзеге асырылады, өзіне азаматтар мен ұйымдардың құ­қықтарын, бостандықтары мен заң­ды мүдделерін қорғауды, Республи­ка­ның Коституциясының, заңдары­ның, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттары­ның орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. Бұл орайда жаңа заңдар қабылдануының маңызы өте зор және де уақыт ілгерілеген сайын тиімді нормалармен толықтырылып, жетілдірілуі қалыпты құбылыс са­на­лады. Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев “Азаматтарымыз жа­рия-құқықтық дауларда билік орган­дарының шешімдері мен әрекетте­ріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қа­лып жатады. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатын­да дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет. Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақ­тар жинау бастамасын көтеруге құқылы”, – деп атап көрсеткен болатын.

Сот шешімдерінің сапасын артты­руда бірқатар маңызды шараларды айналымға енгізу қажеттігі пайда болды. 2021 жылдың 1 шілдесінен бас­тап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодек­сінің қолданысқа енгізілуі көптеген түйткілді мәселелерді шешіп берді. Мемлекет пен азамат арасындағы жеке-құқықтық даулар жаңа әкімші­лік соттың қарауына өтіп, мемлекет­тік, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заң­ды тұлғалар осы кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары бо­лып табылады. Дәлелдемелерді жи­нақтау міндеті мемлекеттік органға жүктелді. Жеке азаматтарға мемле­кеттік органдардың соңғы шешімі қа­былданғанға дейін өз уәждері тың­далатынына процедуралық кепілде­ме берілді. Өйткені қарсы тараптың орасан әкімшілік ресурсқа, монопо­лия­лық билікке ие екенін ескермеуге болмайды. Бұл қадам “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымда­ма­сымен үндес келеді.

Сот өз бастамасы бойынша істегі қарама-қайшылықтар мен дүдәмәл тұс­тарды айқындау үшін қосымша ақпараттар сұратуға құқылы. Мұның өзі дау-жанжалды барынша объективті түрде зерделеуге мүмкіндік береді. 120-шы бапта осы санаттағы іс­тер бойынша татуластыру рәсімде­рін жүргізу тәртібі белгіленген. Судья тараптарды татуластыру үшін тиісті шаралар қабылдайды, әкімшілік процес­тің бүкіл сатысында дауды шешуге жәрдемдеседі. Заңнама талапта­рына сай татуласу, медиация неме­се дауды партисипативтік тәртіппен реттеу туралы келісім жазбаша түр­де жасалып, оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды. 2016 жылы 1 қаңтардан күшіне енген Аза­маттық процестік кодексте “партисипа­тивтік” деген ұғым бар. Бұл рәсім бойынша екі тарап адвокаттарының дауды шешуге жәрдемдесуімен келіссөздер жүргізу судьяның қатысуынсыз өткізіледі. Дауласушы тарап­тар мұндай келісімдерді ерікті түрде орындауға тиіс. Орындалмаған жағдайда келісім жасаған адамның өтініші бойынша атқару парағы негізін­де мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Былтыр “Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң қабылданып, биыл 1 қаң­тардан бастап жұмыс істей бастады. Сөйтіп, бұған дейін тәжірибеде қол­данылып келген бірқатар маңызды құжаттардың сипаты өзгерді. Бұл жаңашылдық заң үстемдігін қамтама­сыз етіп, азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғауға, дау-жанжалдарды татуластыру тәртібі­мен шешуге бағытталған. Азаматтық процестегі елеулі жаңалықтардың бірі – сотқа дейінгі хаттама инсти­тутының пайда болуы. Судья-бі­тім­гер талап қойылғаннан кейін 5 күн жұ­мыс күні ішінде туындаған құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нор­ма­ларының жиынтығын тексеріп, көр­сетілген мерзімде талап қоюды қа­былдау не қабылдаудан бас тарту мә­селесін шешеді. Ал татуластыру рә­сімдерін жүргізу кезінде талап қоюды қабылдау келіп түскен кезден есеп­тегенде 10 жұмыс күні ішінде орын­да­лады. Сотқа дейінгі хаттама жасал­ған жағдайда талап қоюды қа­былдау келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асыры­лады. Егер тараптар талап қоюды қа­былдау сатысында ымыраға келе ал­маса, істі қарау басқа судьяға жүк­теледі. Бір атап өтерлігі, тараптар хат­тамада көрсетілген дәлелдемелерге ғана сілтеме жасауға құқылы.

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында Жоғарғы сот кеңесінің конституциялық өкілеттігін қамтамасыз ету судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауына кепіл­дік беретінін айтты. Біздің жұмысы­мы­здың басты бағыты – сот жүйесіне деген сенімді нығайту, сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Был­тыр азаматтық соттар қарауына 13374 іс түсіп, 9495-і бойынша іс жүр­гізу аяқталды. 3806 іс кері қайтарылды. 5629 іске қатысты шешім шықты. Барлық істің 1341-не немесе 15,9 пайызына татуластыру рәсімі қолда­нылды.

“Сотқа дейін, сотта татуласу” қа­натқақты жобасы қолға алынғалы мә­мілеге келу арқылы аяқталған істер­дің көбейгені байқалады. 6 іс парти­сипативтік тәртіппен жабылды. 23 іске сотқа дейінгі хаттама жасалып, 9-ы татуласумен аяқталды. Оның уа­қыт пен қаржы үнемдеу, дауды бей­біт түрде шешу, адамгершілік қарым-қатынасты сақтау, сот жүктемесін азайту сияқты көптеген артықшы­лық­тары бар. Соттарда қаралатын даулардың санын азайтып, шешудің баламалы тәсілдерін табуда ықпалы зор. Басты принциптері – еріктілік, та­раптардың тең құқылығы, тәуелсіз­дігі, келісімшарттардың құпиялылы­ғы, заң талаптарына сай келуі. Осы кезге дейін татуласу рәсімдері тек кей­бір санаттағы азаматтық және қыл­мыстық істер бойынша жүзеге асырылып келсе, бүгінде 2019 жыл­ғы 27 желтоқсандағы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне қылмыстық, қылмыс­тық-процессуалдық заңнаманы же­тілдіру және жеке адам құқықтары­ның қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы” заңы негізінде ме­диация тәртібімен татуласу мүмкін­дігі әкімшілік құқық бұзушылыққа да тиесілі. Яғни, оны отбасы-тұрмыстық қатынастар, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу жайт­тары бойынша да қолдануға болады. Мәселен, әкімшілік құқық бұзушы­лықтарды алғаш рет жасаған адам­дар жәбірленушілермен, арыз беру­шімен медиация тәртібімен татуласса, келтірген зиянды өтесе, әкімші­лік жауаптылықтан босатылуы мүм­кін. Қазіргі уақытта 20 кәсіби медиа­тор жұмыс істейді. Олар 134 дауды шешті. Аппеляциялық сот татулас­тыру рәсімдерін қолдана отырып, 17 істі аяқтады. Бірінші сатыдағы соттар мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды адамдарға қатысты жария-құқықтық даулар бойынша 187 жеке ұйғарым шығарды.

Сот төрелігін іске асыру судьялар жұмысы тиімділігінің негізгі көрсет­кіші саналады. Былтыр бірінші саты­дағы соттардың 97 шешімінің күші жойылып, 87-не өзгерістер енгізілді. Аппеляциялық тәртіппен 1720 іске шағым жасалды, оның үлесі 30,6 па­йызға жуық. Істер мен шешімдердің жалпы саны кемігенмен, даулы, күр­делі істер көрсеткіші басым. Адам өмі­рінде отбасының рөлі мен орны үлкен, оны еліміздің амандығы мен өркендеуінің кепілі десе де болады. Жоғарғы Сот отбасы институтын ны­ғайту мәселелері бойынша кешенді шаралар қабылдауға бірқатар ұсы­ныстар енгізді. Солардың бірі – отбасылық соттар құру жөніндегі қанат­қақты жоба. Кодекске енгізілген өзгер­тулер мен толықтырулардың бірқатары отбасы-тұрмыстық қатынастарды жетілдіруге арналған. Шаңырақтың шырқын бұзған құқық бұзу­шыға ескерту, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу секілді баламалы жазалар қолданылады. Өкінішке қарай, жастардың ажырасуы әлеуметтік ке­селге айналып отыр.

Азаматтық сот ісін жүргізетін судьяларға қойылатын басты талаптар – заңдылықты мүлтіксіз сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңға және сотқа деген құрметті қалып­тастыру. 7 ауданда фронт-кеңсе ашы­лып, жалпы саны 14-ке жетті. Олар­дағы мамандардан жан-жақты кеңес алуға болады. Татуластыру рәсімде­рін дамыту мақсатында облыстық сот “Медиацияны дамыту орталығы” қоғамдық бірлестігімен, “Содружество” медиация және құқық орталығы­мен, халықаралық “Медиация орта­лығының” облыстық “PRA IMC” филиалымен меморандумға қол қойды. Жасыратыны жоқ, медиаторлар жұмысын жүйелі түрде насихаттау жағы әлі де кемшін. Сондықтан жұрт­шылық татуластыру институттарының мүмкіндіктері туралы жете біле бермейді.

Айдар СМАҒҰЛОВ,

облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp