«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Мен келем тау ішінде түнделетіп…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ даласында небір дүлдүл ән­дер, ұмытылмас әуендер өмірге ке­ліп, кейбірінің тарихы сол күйі ашылмай қалғаны рас. Әуезді ән немесе сырлы шумақтар жайдан жай туында­майды ғой, әрбірінің өзіндік азды-көпті тарихы болады. Сәкен Се­йфул­линнің “Тау ішінде” деген ға­жап әнінің тарихы осы күнге дейін әртүрлі жора­малдармен айтылып ке­леді. Тіпті бұл ән Сәкен ақталғаннан кейін ғана бел­гілі әншілердің орын­дауында шыр­қала бастаған. Алғаш рет әнші Ләззат Сүйіндікованың орын­дауында радио­дан беріліпті. Тынысы кең, кербез шумақтарға өрілген әуен тыңдарман қауымды бірден бау­рап, шыңыра­уына жетелей түскені ел арасында осы күнге дейін сыр болып айтылып келеді.

Ән қалай өмірге келді? Бұл турасын­да Қазақстанның Еңбек Ері, ком­позитор, өнер зерттеушісі Ілия Жа­қановтың жазғаны бар. Сәкен ақталғаннан кейін бұл ән жөнінде жұрттар неше түрлі аңыз-әңгіме тарата бастап­ты. “Бір жолы әдеттегідей Қарпық ағайдың үйінде қонақта болдым. Рымжан апай жаны қалмай өбектеп, Қарпыққа “Тау ішінде” әнінің мән-жайын айтқызып, өзі қосарлана сөй­леп, Жаңаарқада тұратын әйгілі әнші Игілік Омаров орындап жаздырған бір аудиокасетаны тыңдатты. Игіліктің жан-жүректі тебірентетін лирикалық үні бір ғажайып махаббат жыры боп қиялымызды көкке өрлетті. Осы әсерде отырып, Қарпық ағай:

– Блокнотың бар ма? – деді жайлап қана.

– Бар, – дедім сәл аңырып.

– Мен өзің көрген Әзімхан ақсақал­дың “Тау ішінде” әні жөнінде айтқан хи­каясын қаз-қалпында айтып берейін. Жаз… Бұл осы күнге дейін айтылмаған шын ақиқат сөз, басқа уәждің қа­жеті жоқ. Иә, бұл менің сөзім емес, Сә­кен ағаның қияметтік досы, рулас ағайыны, бала кезінен бірге өскен Әзімхан ақсақалдың сөзі. Бұл сөзді Сәкен ағаның тойы қарсаңында келген сапарында Мәжит атамның үйінде емін-еркін отырып айтып еді. Содан бері бұл әңгімені қызғыштай қорып, жан біткенге айтқам жоқ. Көңіл түкпірінде жата берді. Оны өзіңе ғана ай­туым – талай әнді тірілтіп, бағын ашып жүрсің. Көңіл дітімді түсініп отыр­ған шығарсың, “Тау ішінде” әнін ама­нат еттім өзіңе”, – деп жазады Ілия Жақанов өз еңбегінде.

Ән 1919 жылы туған екен. Бұл – Сәкеннің Омбы түрмесінен қашып шы­ғып, Жаңаарқаға келген кезі. Замана найзағайы ойнап, құбылып тұрған қа­терлі күндер. Бір күні Сәкен өзімен байланысып жүрген жандардан Әзім­хан досының үйленетінін естиді. “Ба­рам! Тойы бола ма, құдалығы бола ма, бәріне барам! Тірі жүріп, көр ішін­де түнегенім жетер енді! Шығам, мына жарық дүниеге! Өлсем де елдің ішін­де өлейін. Айтыңдар Әзімханға, бір жақсы ат дайындап қойсын!” – депті.

Сөйтіп, Сәкен тойдан екі күн бұрын қасында екі-үш адамы бар ауылға ат басын тірейді. Ертеңінде Әзімханнан жақсы ат сұрап мініп, Ескене тауына қарай тартады. Бұл кез тұмса дала­ның жұпар иісі аңқып, сағым ойнаған дала бойдағы шабытты қозғап, гүл­дері құлпырған жер-дүние әлем-жә­лем күйге еніп тұрған шағы болса ке­рек. Сөйтіп, жүрегін шер толқытқан ақын туған даласының көркем көріні­сімен көз суара, бесін ауа ақбоз атты сы­лаң қақтыра қайтып оралады. Қы­мыз ішіп, аздап демін алғаннан кейін қағаз-қалам сұратып, әлде бірдеңені сытырлата жаза бастапты. Соған қа­рағанда жан-жүрегінен шыққан әуен­ге өлең шумақтарын жазып жатса ке­рек. “Талантқа тау мен тас тосқауыл бола алмайды” демекші, Сәкенге бұл се­руен үлкен шабыт бергені анық. Ән де, өлең де қалыпқа құйғандай әдемі шығуы оның сегіз қырлы, бір сырлы жан екенін айғақтамай ма?

Ертеңінде думанды той болып, әндер айтылып, жырлар оқылады. Жастарға қызыға қарап отырған Сә­кен толқып кетіп, көзіне еріксізден жас алады. Бір кезде дуылдасқан жұрт Сәкеннен ән сұрайды. Қыран құстай қомданған ақын:

Мен келем тау ішінде түнделетіп,

Аймақты күңірентіп өлеңдетіп.

Астымда ақбоз атым сылаң қағып,

Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп, – деп домбырасын қағып-қағып жібереді.

Ақбоз ат – менің тұлпарым,

Шалқыған көңіл сұңқарым.

Көкірек кере жұттым мен,

Ауаның жазғы жұпарын.

Ах-ау, сүмбіл шаш, тәтті сөзің, қара көзің,

Білгейсің келгенімді жалғыз өзің, – деп іңкәр жүректерді шымырлата, са­ла­лы саусақтары перне бойын был­қылдата басып, жорғалай жөнеліпті.

Ән салдым есіп майда, жаяулатып,

Ырғалтып, шырқап, толғап, баяулатып.

Толқындай мың құбылған әнімді естіп,

Тыңдарсың кірпік қақпай, ояу жа­тып, – деген жері қандай әдемі! “Япыр-ай, Сәкен ағаның мына сөзін естіген қызда не арман бар?!” деген­дер де болыпты тыңдарман қауым ара­сында. Сәкен мақпал түнде то­лықсыған алтын айға толғана көз тігіп:

Ұйқыға әнімді естіп берілмессің,

Маужырап төсегіңде керілмессің.

Ақырын үйден шығып, уәделі,

Жеріңе келуге сен ерінбессің, – деп шалқытып, баяулатып, сорғалатып ба­рып тоқтағанда, әнге сусаған қауым демі үзіліп барып қайта жалғанғандай күй кешіпті.

Ән айтылып болған соң Сәкен: “Бұл әннің жайын білгілерің келсе, бүгін таңертең мен жүрген соқпақпен жүріп, Ескененің бір қойнауы Найза­қалған сай дейтін жерге барып көрің­дер”, – дейді. Сосын төс қалтасынан бүктелген қағазды алып, жаңа әлгінде Арқа әндерін, әсіресе “Бір келіншек” әнін сызылта шырқаған жас жігітке береді. Сол күннен бастап Сәкеннің “Тау ішінде” әні қолдан-қолға өтіп, ауыздан-ауызға тарап кетеді.

Көңілі мұңды, жүрегі шерлі ақын ақбоз атқа мініп, тау ішін кербез кезіп бара жатқанда көңіл көгершіні қа­лықтап, ғажап ән туғанын өзі де сез­бей қалған-ау, сірә!

Әзімхан мен Сәкен бір ауылда өс­кен дос екен. Жаз жайлауы – Ескене, қыс қыстауы – Қарашілік. Сәкен Ніл­діде оқып жүріп, каникулда ауылға кел­генде алдынан шығып қарсы алатын да, шығарып салатын да Әзімхан. Сәкеннің біраз сырын білетін жан досы “Тау ішінде” әнінің кімге арнал­ғанынан бейхабар. Жүрегінен терең орын алған сол бір ғашығы жайлы да білмейді. Бұл ән кімге арналған сон­да? Ол жағы қазірге дейін жұмбақ. Сә­кен жүрегіндегі құпия. Ел арасында бұл әнді өзінің туғандарына қарай икемдеп, Сәкен кезінде осындай бір қызға ғашық болған еді, соған арнал­ған ән деген сыңайдағы әңгімелер, алыпқашпа сөздер көп болған сыңайлы. Бірақ нақты қолмен ұстап, көзбен көрсететіндей ешкім болмаған екен. Сәкен зұлым заманның құрығына ілі­ніп кетпегенде, бұл әннің сырлы та­рихын бәлкім өз аузынан еститін бе едік, кім біледі?

Сөйтіп, сұлулық әлемінің ғажайып сырын бар жанымен тебірене жырла­ған, жыр сұңқары Сәкен “Тау ішінде” әніндегі бар құпияны ана дүниеге өзі­мен бірге ала кетіпті… Біздегі қалғаны әннің шыққан жері – Ескене тауы, Най­зақалған сайы! Досының үйлену тойында өзінің орындауында тұсауы ке­сілгені. 1919 жылдан бері бір ғасырды артқа салса да, әлі күнге сандық түбіндегі қазынадай жарқырауда. Жүрек қылын тербетер, көңіл қалауынан қайнап шыққан әуен талайдың көкір­егіне шер болып қатқан сағынышын басуда десек еш артық­тығы жоқ.

Ерғали ЗИЯБЕК,

Мамлют аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp