«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАНАУИ МЕКТЕП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданына қарасты Пе­терфельд ауылында кейбір қала­лар­дың өзінде жоқ озық үлгідегі мек­теп бар екенін естіп, тыныс-тірші­лігімен танысу үшін солай тарттым. Сенімгерлік басқаруға берілген оқу ордасы Қызылжар Абай мектебі деп аталады. Кіреберістегі қабырғада ұлы ақынның “Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек” деген нақылы көп жайтты аңғартып тұрғандай.

Мектеп директоры Әділбек Исма­ғұловтың сөзінше, оқу ордасы 1969 жылы салынған екен. 2020 жылға дейін бір де бір рет күрделі жөндеу жүргізілмегендіктен жылу жүйесі, су құбырлары, шатыры әбден тозған. Қазіргі өзгерістер сол жылы сенім­гер­лік басқаруға берілгеннен кейін жасалған. Есік-терезесінен бастап, түгел жаңартылған. Аумағы 450 шаршы метр болатын спорт залы са­лынып, барлық қажетті құралдармен жабдықталыпты. Көктемде қардың суы көлкіп жататын аула тегістеліп, онда футбол алаңы салыныпты. Со­нымен қатар ойын алаңы, балалар мен ата-аналар үшін демалыс орны да қарастырылған. Яғни, баласын алуға келген ата-ана мектеп аума­ғында демалып, кең жолақты ғалам­тор желісіне қосыла алады.

– Біз Назарбаев зияткерлік мек­тептерімен тығыз байланыстамыз. Олар анда-санда біздің мектепке келіп, қажетті курстар өткізіп тұрады. Барлық мұғалімдер жаңартылған білім беру жүйесі бойынша арнайы курстан өтті. Білім ордасының үш жылдық даму жоспарын жасадық. Сол бойынша жұмыс істеп жатыр­мыз, – дейді білім ордасының бас­шысы Әділбек Нұрланұлы.

Екі қабатты білім ордасы өте жи­нақы, көрер көзге тартымды екен. Директордың жол бастауымен ка­бинеттерді араладық. Соңғы үлгідегі жабдықтар қойылыпты. Химия, фи­зика, биология кабинеттері мен зерт­ханалар кірсең, шыққысыз. Ро­бо­то­техника кабинеті де бар. Мұн­дай жағдай ауыл түгілі қаланың кейбір мектептерінде жасалмаған. Күрделі жөндеу кезінде әрбір ка­би­нетті ұтымды пайдалануға баса мән берілген екен. Бос тұрған жер жоқ. Екінші қабаттағы дәліздің соңы – кі­тапхана. Онда оқушылар сабақ ара­сында кітап оқитын арнайы орын­дықтар қойылыпты. Осындай озық материалдық база оқушылардың бі­лім алуына, алға ұмтылуына мүмкін­шілік беретіні анық.

– Бізде сегіз интерактивті тақта бар. Бұлардың өзге ауыл мектеп­терінен айырмашылығы – қабырғаға ілінбейді, дөңгелектері бар, қай жер­ге қою керек болса, сонда апаруға болады. Бастауыш сыныптарға ар­налған зертханалық кабинеттер оқу­шыларды жан-жақтылыққа бейім­дейді. Лингафон кабинеті 28 “Бі­лімбук” құрылғыларымен жабдық­талған. Бұл компьютер пайдалана ал­майтын төменгі сынып оқушыла­ры үшін қолайлы, кәдімгі смартфон сияқты экранды басып, жұмыс істей береді. Ал информатика кабине­тінде 20-ға тарта компьютер қойыл­ған, – дейді мектеп директоры каби­неттерді таныстыра келе. Мектеп Петропавлдағы Оқушылар сарайы­мен мемарандумға қол қойыпты. Енді робот жасау үшін оқушылар сон­дағы барлық жабдықтарды да қол­дана алады.

Білім ордасы сенімгерлік бас­қа­руға берілгенімен мектептің бұрын­ғы мұғалімдері өз қызметтерінде қал­ған. Кей ұстаздарға қосымша үстем­ақы төлеу мүмкіншіліктері де қарас­тырылған екен. Білікті маманның жұ­мысы қашан да жоғары бағаланады. Мектепте домбыра, вокал, хореог­ра­фия, спорт, робототехника үйір­ме­лері ашылған. Сонымен қатар “Аналар мектебі”, “Әкелер кеңесі” де құрылған. Абай оқулары тұрақты түрде өтеді.

– Қазіргі таңда қазақ тілді логопед, психолог және технология пәнінен са­бақ беретін мұғалім іздеп жатыр­мыз. Мектептің жобалық қуаты 240 оқушыға шақталғанымен қазір 270 бала екі ауысым бойынша білім алады. 56 орынға арналған асхана бар. Барлығы тегін тамақтанады. Мектепті жаңадан жабдықтаған жылы оқушылар саны 220-дай ғана еді. Одан бері 50 оқушыға көбейді. Қазақ сыныбында оқитындар саны жылдан жылға артып келе жатқаны көңіл қуантады. Биылғы оқу жылын­да 1-сыныптың табалдырығын 31 оқушы аттаса, 10 түлек 11-сыныпты та­мамдайды, – дейді Әділбек Ис­мағұлов.

Білім ошағын сенімгерлік басқа­руға алған “Bilim media group” ком­паниясының мақсаты – республика бойынша Абай мектептерінің желісін құру. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. “Қызыл­жар Абай орта мектебі” қоғамдық қорының басқарушы директоры Бе­рік Ракушевпен телефон арқылы тілдестік. Оның айтуына қарағанда, мектептің күрделі жөндеуі, спорт залы және материалдық-техникалық базасына, яғни, оқу ордасының осындай дәрежеге жетуіне 300 мил­лион теңге жұмсалыпты.

– Балалар мен жасөспірімдерді қа­зірден бастап Абайдың шығарма­шылығымен тәрбиелеу мақсатын ұстанып отырмыз. Әрбір қазақстан­дық Абайдың толық адам концеп­сиясымен сусындайтын болса, онда біздің мақсатымыздың орындал­ғаны. Білім мен тәрбие қатар жүрген­де ғана нәтиже шығады. Сондықтан тәрбиеге де көп көңіл аударуымыз керек. Болашақта Абай мектептерін Мамлют және Тайынша ауданда­рында да ашсақ деген ой бар. Білім бас­қармасымен осы жағын ақыл­дасып жатырмыз. Жалпы Қазақ­стан­ның барлық аймақтарын қамтығы­мыз келеді. Оны уақыт көрсетеді, – дейді Берік Ұзақбайұлы.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp