«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЛАЙЫҚТЫ ҚАРСЫЛАС, ӘДЕМІ ЖЕҢІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстандық атақты кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Жапонияда өткен бокс кешінде қарсыласы Риота Муратаны жеңді. Қос қарсылас алғашқы раундтарда тең дәрежеде бокстасқанымен, төртінші раундтан бастап отандасымыз соққыларын үдетіп, басымдықты өз қолына алды. 9-ші раундта GGG соққыны жиілеткені соншалық, Муратаның шабуыл жасауға мүмкіндігі болмады. Тіпті раунд ортасында тәлтіректеп құлап та қалды, осы сәтте бапкері шаршы алаңға ақ орамал тастады. Ақ орамал – жеңілісті мойындау деген сөз.

Жекпе-жектен кейін Головкин Муратаға, жанкүйерлерге, Қазақстаннан арнайы барған фанаттарға, бокс кешін ұйымдастырушыларға алғысын айтты. Лайықты қарсылық көрсете білген Муратаға өзі рингке киіп шығатын шапанын сыйлады. Әдетте, былғары қолғап шеберлерінің бір-біріне сый жасауы өте сирек кездеседі. Керісінше, кәсіпқой бокста қарсыластар бір-біріне атылып, көзбен де, сөзбен де түйреп жатады. Бұл жолы бәрі басқаша болды. Тіпті салмақ өлшеу рәсімінде Мурата мен Головкин бір-біріне құрмет көрсетіп, бас изеп, қол алысты.

Кездесу алдында жапониялық боксшы журналистерге берген сұхбатында жеңісіне өте сенімді болған еді. Ол Головкиннің мықты кезі артта қалғанын айтқан. Бокс сарапшылары да бір күн бұрын 40 жасқа толған Головкинді жеңіледі деп болжам жасаған. Ал рингте бәрі керісінше болды.

Геннадий Головкин осы жеңісінен соң IBF, IBO нұсқасы бойынша чемпиондық белдігін қорғап қалды. Бұған дейін Мурата иеленіп келген WBA Super атағы да Головкинге берілді. Бірақ отандасымыз атақты алғанымен, чемпиондық белдікті Муратаға қайтарып берді. “Бұл белдік сенде өмір бойы қалуы керек”, – деді ол.

Осы жеңісінен кейін Геннадий Головкин BoxRec рейтингінде салмақ дәрежесіне қарамастан (pound-for-pound) барлық боксшылар арасында бірінші орынға жайғасты. Тіпті атақты мексикалық қарсыласы Сауль “Канело” Альварестен де асып түсті.

Отандасымыз бұл жекпе-жек үшін кепілді түрде 5 млн. доллар алғанын айта кеткен жөн. Бұған ақылы телетрансляциядан түсетін қаржының 70 пайызы қосылады. Ал Мурата 500 мың доллар және трансляциядан түскен ақшаның 30 пайызын иеленеді.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp