«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ – ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН БОЛУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысының қоғамдық кеңесі халыққа жақын болудың жолдарын қарастыруда. Осы мақсатпен шалғайдағы Уәлиханов ауданына ат басын бұрған қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменов қоғам белсенділерімен кездесіп, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесі мен міндеттері 2015 жылдың қараша айында қабылданған Қазақстан Республикасының “Қоғамдық кеңестер туралы” Заңында айқындалғанын, ал 2020 жылы Парламенттің қос палатасы оған уақыт талабына сай бірқатар маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізгенін айтқан Жарасбай Қабдоллаұлы кездесуге қатысушыларға облыстық қоғамдық кеңестің алдында тұрған міндеттер, бүгінге дейін тындырылған істер жайында қысқаша ақпарат берді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында: “Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет”, – деген болатын. Міндет айқын. Ендігі жерде мәселе сөзден іске көшуде болып отыр. Қоғамдық кеңес – бұл төрде отырып төрелік айтатын, ауызбен орып, әулиелік құратын құрылым болмауы керек. Керісінше, қоғамдық кеңестің әр мүшесі алмақтың да салмағы бар екенін сезініп, ақ тер-көк тер болып жұмысқа жегілуі керек. Сонда ғана қоғамдық кеңес жұмыс істейтін ұйымға айналады, – деді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы. – Осы ретте өзіміз не тындырып жатырмыз дегенге келсек, біздің облыста да қоғамдық кеңестердің жаңа құрамы жасақталды. Жұртшылық бұл жұмыстардың конкурстық негізде жүргізілгенінен хабардар. Облыстық қоғамдық кеңестің құрамында 21 мүше болса, олардың дені – жаңадан сайланғандар. Салалар бойынша 4 комиссия құрылып, олардың жетекшілері сайланды. Нақты айтсақ, ауыл шаруашылығы, өңдеу, экология мәселелері жөніндегі комиссияны ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрағасы Бекет Нұғыманов, құқық қорғау қызметі, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс және азаматтардың өтініштерімен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссияны белгілі заңгер, облыстық мәслихаттың депутаты Евгений Кинцель, әлеуметтік сала, мемлекеттік емес ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеу және жастар саясаты жөніндегі комиссияны М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы Павел Афанасьев, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, құрылыс, бюджет, салық және қаржы мәселелері жөніндегі комиссияны белгілі кәсіпкер, “Радуга” ЖШС-ның атқарушы директоры Петр Шарапаев басқаратын болды.

Алғашқы отырыстардың бірінде облыстық қоғамдық кеңестің 2022 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, бекітілген болатын. Қазір қоғамдық кеңес осы жоспарға сай жұмыс істеуде. Сөйтіп, наурыз айындағы отырыста 6 мәселе қаралған. Ал сәуір айында облыстық денсаулық сақтау саласының жай-күйі талқыланбақ. Бұл орайда Уәлиханов ауданында кезегін күтіп тұрған мәселелер аз емес екен. Мүгедектер қоғамының өкілі Нұрмұқан Смағұлов ауданда дәрігерлер жетіспейтінін айтса, Қайрат ауылдық оругінің тұрғыны Мәулет Айтмағанбетов жерлестерінің ұялы байланыс телефонының сапасына ренішті екенін жеткізді. Кездесу барысында басқа да бірқатар өзекті мәселелер көтерілді.

Қоғам белсенділерімен кездесу Ақжар ауданында да өзара сенім, қатысушылардың белсенділігі жағдайында өтті. Тұрғындар Президенттің халыққа Жолдауына қатысты сұрақтар қойды.

“Біздің мақсатымыз – елімізді түбегейлі жаңғырту арқылы Жаңа Қазақстанды құру. Шыны керек, бұл оңай шешіле қоятын міндет емес. Ол үшін әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы “Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы” Жолдауында атап көрсеткендей, бұл мақсатқа халықтың қолдауымен ғана қол жеткізуге болады. Бұдан бөлек, Президент ол үшін әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуы, мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру, маңызды шешімдерді жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылдау қажеттігін атап көрсетті. Мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асуы тиіс”. Сөз алған ардагерлер де, жастар да облыстық қоғамдық кеңес төрағасының осы ойларына қосылатындарын мәлімдеді.

Мұнда да шешімін күтіп тұрған мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Жұмыс күші артық, халқы біршама тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден көшіп келіп жатқан тұрғындардың бәрі бірдей көңілдерінен шығатындай тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етілмегені айтылды. Қоғамдық кеңестің төрағасы жиналғандарды бұл мәселенің үстіміздегі айдың екінші жартсына белгіленген отырыстың күн тәртібіне енгізілгенінен хабардар етті.

Мұнда да қоғамдық кеңестердің өздерін мемлекет пен халық арасындағы диалог алаңы ретінде көрсетуінің, тұрғындардың мұң-мұқтажына әркез сергек қарап, солардың мүдделерін қорғауының, шешілмеген мәселелер болса, биліктің назарын соларға аударып, оң шешілуіне ықпал етуінің маңыздылығы әңгіме өзегіне айналды.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp