«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Отан қорғау – абыройлы міндет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл 7 мамырда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуына 30 жыл толады. Әскеріміздің жауынгерлік әзірлігін жоғары деңгейде ұстап тұру – мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы басты міндеттердің бірі. Бұл елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асырудың, Қазақстан азаматтарының бейбіт өмірі мен жасампаз еңбегінің басты шарттарының бірі болып табылады. Президент – Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне жауынгерлік әзірлігі мен қарым-қабілетін барынша арттыру, міндеттерді жоғары сапалы етіп орындау, кәсіби дағдыларын ұдайы жетілдіру талаптарын қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында маңызды проблемалардың ішінде жас азаматтардың әскери борышын өтеуден жалтаратынына айрықша назар аударды. Біздің басты міндетіміз – жастарды әскери борышын қалтқысыз орындауға ынталандыру. Осыған орай әскери қызметшілер мен ардагерлер жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің түрлі жолдарын қарастырады. Петропавл қаласы мен аудандық білім ордаларында “Ерлік сабақтары”, “Ұрпақтар сабақтастығы” тақырыбындағы кездесулер жүйелі түрде өткізіледі. Қорғаныс министрлігі жас жігіттерді әскери қызмет өткеруге ынталандыруға бағытталған ұсыныстар пакетін әзірледі. Олар – мерзімді әскери қызметті атқару кезеңінде кредиттік каникул беру, әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген кезде бір жолғы ақшалай сыйақы төлеу, сондай-ақ білім алу және коммуналдық қызметтер үшін жеңілдіктер қарастыру. Ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін нақты шешім қабылданады.

“Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы” Жолдауында қоғамды дүр сілкіндірген қаңтар оқиғаларына нақты саяси баға берілді. Бейбітшілік, тұрақтылық пен келісімнің қаншалықты маңызды екені кеңінен тарқатылып айтылды. Ел басына қиын жағдай туған сәтте барлық әскери қызметшілер әскери борышын үлкен абыроймен орындады. Отанын, егеменді мемлекетімізді жанқиярлықпен қорғаудың, антқа адал болудың жоғары үлгісін көрсетті. 2022 жылы 5 қаңтарда подполковник Сандыбек Хаировтың басқаруындағы әскери қызметшілер Алматы қаласы әкімдігін басып алмақ болған қарулы бандиттердің шабуылдарын тойтара білді. Подполковник жеке құрамды қауіпсіз жерге шығарып, өзі ерлікпен қаза тапты. Қоғамымызға іріткі салушылардың өршелене ұмтылуларына қарамастан, соңғы демі таусылғанша шайқасты. Өзінің әскери және конституциялық міндетін қалтқысыз орындады. Сандыбек Хаировтың теңдессіз ерлігі жоғары мемлекеттік награда – II дәрежелі “Айбын” орденімен атап өтілді. Өскелең ұрпақ оны нағыз офицер, елінің патриоты ретінде құрметтері даусыз.

Президент Жолдауында: “Осы күндерде халқымыз кез келген қауіп-қатерді жеңе алатын біртұтас ел екенін танытты. Отаншылдық рухының арқасында қасиетті Тәуелсіздігімізді сақтап қалдық”, – дей келіп, татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Осыған орай ұлттық қауіпсіздікті қорғауда нық тұру, жауынгерлік әзірлікті жетілдіру, әскерлердің жауынгерлік қабілетін нығайту, құрамалардың кәсіби шеберлігін арттыру кезек күттірмес мемлекеттік міндеттер болып табылады. Сонда ғана белгіленген бағдарламалар толық орындалып, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Қорғаныс істері жөніндегі департамент пен бөлімдер “Біртұтас ұлт – біртұтас әскер” акциясы аясында жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасын жүзеге асыру жоспары бойынша “Ауған соғысы мәңгілік жадымызда”, “Ізгі істер марафоны” сияқты келелі іс-шаралар ұйымдастырды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен Қарулы Күштер ардагерлеріне көмектер көрсетілді. Чернобыль атом станциясында болған апатты жоюға қатысқан Акатжан Арықов, Ерік Бижанов “Жер – біздің үйіміз” тақырыбында жастармен әңгіме жүргізіп, еркін ой-пікірлер алмасты.

“Жас сарбаз” республикалық балалар-жасөспірім әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы жан-жақты қолдауға ие. “Қарулы Күштердің ардагерлері” республикалық қоғамдық бірлестігі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің орталығына айналды. Қарулы Күштердің беделін арттыруда елеулі үлес қосқаны үшін облыстан 6 ардагер Қорғаныс министрі және Бас штаб бастығының Алғыс хаттарымен марапатталды. Жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері аз қамтылған, көпбалалы 15 отбасының балаларына көмек көрсетеді.

Отан қорғаушы күніне арналған ашық сабақтар өткізу дәстүрі қалыптасқан. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының достық үйінде өткен ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысында әскери-патриоттық тәрбие мәселесі арнайы талқыланды. “Ұрпақтар сабақтастығы” акциясына отставкадағы полковник Виктор Кривошеев шақырылып, елді, жерді қорғайтын ертеңгі ел азаматтары жайында тағылымды сыр шертті. Ауғанстан және локальдық ұрыстар бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерік Тәттібаев десанттық-шабуылдаушы әскерлеріне қарасты Жаркент гарнизонында орналасқан №74261 әскери бөліміне Отан алдындағы парызын орындауға аттанып бара жатқан сарбаздарды жігерлендіріп, рух берді. Әуе-десанттық әскерлер қатарында мерзімді қызметін атқарған ауған соғысының ардагері өзінің әскери өмірі мен жауынгерлік жолы туралы айтып берді. Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы подполковник Владимир Титович мерзімді әскери қызметке шақырылушыларға Петропавл қаласында құрылған 314 атқыштар дивизиясының ерлік жорықтары туралы ойларымен бөлісті. “Жастар және уақыт” зияткерлік клубының, “Дәуір. Оқиғалар. Тағдырлар” атты эрудиттер турнирінің жастарға берер өнегесі мол. “Білім – инновация” лицейінде “Отансүйгіштік құндылықтарға тәрбиелеу” тақырыбында әскери-патриоттық сабақ өткізілді. Осы бағыттағы басқа да іс-шаралар “Біртұтас ұлт – біртұтас әскер” ұғымын қалыптастыруға зор септігін тигізері анық.

Президенттің Жарлығы негізінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет – көктемде және күзде жүргізіледі. Мерзімді әскери қызметке шақыруға 18 жастан 27 жасқа дейінгі, денсаулығы жарамды, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға құқығы жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары жатады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қазіргі уақытта әскери қызметке шақырудан денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған, жиырма жеті жасқа толғаннан кейін заңды негіздерде мерзімді әскери қызметке шақырылмаған, әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде туыстарының бірі (әкесі, анасы, аға-інілері немесе апа-сіңлілері) қаза тапқан, қайтыс болған немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған, басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет еткен, ғылыми дәрежесі бар азаматтар, тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері босатылады. Әскерге шақырылушылардың күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары білім алу үшін жоғары оқу орындарына түсуге құқығы бар. “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Заңның 35-бабына сәйкес оқу кезеңінде күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын әскерге шақырылушыға оқу туралы ұсынылған анықтама негізінде аудандық немесе қалалық шақыру комиссиясының шешімімен оқу орнында оқуын аяқтағанға дейін білімін жалғастыру үшін кейінге қалдыру ұсынылады. Білім беруді жалғастыру үшін шақыруды кейінге қалдыруды ресімдеу әскерге шақырылушы медициналық куәландырудан өтпей-ақ “электрондық үкіметтің” веб-порталы арқылы жүргізе алады. Денсаулық жағдайы туралы деректер оларды шақыру учаскелеріне тіркеу кезінде медициналық куәландыру нәтижелерінің негізінде шақыру комиссияларының хаттамалар кітабына енгізіледі. “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Заңның 36-бабының 6-тармағына сәйкес соттылығы бар азаматтар бейбіт уақытта әскери қызметке шақыруға жатпайды.

Әскерге шақырудан және әскери қызмет өткеруден жалтарған азаматтар үшін әкімшілік және қылмыстық жазалау қатаң тәртіпте қолданылады. Мәселен, “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Кодекске орай азаматтардың әскери есепке алу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл, медициналық куәландырудан не зерттеп-қараудан жалтарған жағдайда 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Қылмыстық кодекстің 387-бабы бойынша әскери қызметке шақырудан жалтару осы қызметтен босату үшін заңды негіздер болмаған кезде 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеледі.

Алдау арқылы жасалған әрекеттер үшін 3000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 441-бабына сәйкес бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кеткені үшін 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Тұтастай алғанда, жастар әрқашан әскери қызметке қызығушылық танытады. Бірақ соңғы жылдары 12 айға мерзімді әскери қызметке шақырылатын жастар санының азаю үрдісі байқалады. Осы себепті әскери қызметшілер мен Қарулы Күштер ардагерлері мектептер мен колледждерге барып, “Ерлік сабақтарын”, “Ұрпақтар сабақтастығы” атты тақырыптарда кездесулер өткізеді. Басты мақсат – қазақстандық армияда қызмет ету абыройлы борыш екенін кеңінен насихаттау, түсіндіру.

Ержан ХАМИТОВ,

облыстық қорғаныс істері департаменті бастығының тәрбие, әлеуметтік-құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp