«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұрғындарды қабылдады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық мәслихаттың депутаттары Евгений Кинцель мен Сәуле Сұрағанова Мамлют ауданында болып, бір топ азаматты қабылдады. Өнер мектебі директорының міндетін атқарушы И.Балкина білім ошағын жаңарту мәселесі өткір тұрғанын, күрделі жөндеуге ықпал жасауларын өтінді. Халық қалаулылары мәселені білім, экономика, қаржы басқармалары басшылығына жеткізетіндерін, “Жол картасы” бағдарламасына енгізуге күш салатындарын айтты.

Қабылдауға келген ардагер ұстаз Г.Монтаеваның айтуынша, өзі еңбек ететін Бостандық орта мектебі ҰБТ көрсеткіштерінен республика бойынша үздіктер қатарына кіреді. Мұғалімдер ұжымы ұйымшыл, тәлімгерлік дәстүр қалыптасқан, озық педагогикалық тәжірибелер үзбей насихатталады. Мектеп жөнделген, аумақ абаттандырылған. Тек интернет қолжетімсіз. Ұялы телефон байланысы да нашар. Өкінішке қарай, қабылданған шаралар нәтижесіз. Бұрын ауылда интернет жүйесімен қамтамасыз ету тұрғындардың аздығымен түсіндірілсе, қазір жағдай мүлдем басқаша. “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы қоныс аударушылар көптеп қоныстануда. 8 баспана салынып, үйлерге су тартылған. Былайша айтқанда өмір сүруге барлық қолайлы мүмкіндіктер бар. Мәдениет үйі, кітапхана, сауда нүктелері, намазхана жұмыс істейді. Ұстазды толғандырған мәселе бақылауға алынып, тиісті құзырлы мекемелер алдына қойылатын болды.

Дубровное ауылдық округінің тұрғындары А.Койло мен М.Мурчич су резервуарын тұрғызу қажеттігін алға тартты. Өйткені су тарату мұнарасының қуаттылығы төмен, қажеттілікті өтей алмайды. Көптеген адамдар үйлеріне дейін су өткізіп алғандықтан, тіршілік көзін тұтыну күрт артқан. Судың бағасына қатысты да түйткілді жайттар баршылық. Мәселе “Есіл су” кәсіпорнының басшылығымен бірлесіп, егжей-тегжейлі талқыланатын болды.

Қайрат САДЫҚОВ,

облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp