«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Сұлуқияның саңлағы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сафуан ағамыздың шығармашылығымен сол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап етене таныспын.

Қандай да бір көркем шығарманың алтын қазығы – тақырып. Жазушылықтың бірінші белгісі де тақырып таба білушілікте болса керек. Дарыны жоқ адам қызыл қырғынның өзінен де көңіл аударарлық оқиға көре алмауы мүмкін. Ал дарын иесі болмашы да елеусіз, күйбеңі көп күнделікті тірлік қарекетінің өзінен де түйін тауып, үлкен ойларды меңзеп, оқырманын тамсандыратын туынды бере алады.

Жазушы Сафуан Шәймерденовті шығармашылық бастау жолында тақырып көп толғандырмаған. Сафекең “Сырласу” атты сұхбатында: “Осы күнге жазғандарыма көз жүгіртсем, көп ретте тақырыптың өзі маған келіпті. Содан кейін алдыма түк мақсат қоймай, білмекке құмарлық жетегінде ел аралап жүріп кездестірген тақырыптар бар. Ал ананы жазайын, мынаны жазайын деп алдыма мақсат қойып, елге шығып жазған шығармам мүлде жоқ”.

Туған жерін көркем шығармасына арқау етпеген ақын, жазушы кем де кем-ақ шығар-ау! Өмір сапарының бастауы Қазақстанның солтүстігінің шалғай бір түкпіріндегі алақандай ғана шағын ауылы жайында Сафекең де тебірене, толғана талай сырлар шерткен еді.

“Солтүстікте бір қанаты Сібірдің қалың орманына сүңгіп, ал құбыла жағы керілген ақ селеулі кең жазыққа айналып кететін бір аудан бар. Ол Преснов. Қайта оралмас балалық шағымды өткізген, ыстық өлке бұл маған. Міне, мен сол ауылыма асығып келемін. Себебі осы бір ыстық ұядан ұшқаныма, еңбекқор, сауықшыл ортадан кеткеніме көп жыл болды”, – деп туған ауылы Амангелдісін “Менің ауылым” деген әңгімесінде сағына суреттеген еді.

Сафуанның туған жеріне сүйіспеншілігі, перзенттік парызы “Қарғаш” повесінде айқын көрініс тапқан. Қырқыншы жылдардағы қазақ ауылы өмірінен жазылған “Қарғаш” повесінің кейіпкерлері – туған ауылымыздың көз көрген адамдары, таныс бейнелер.

Шығарманың бас кейіпкерлерінің бірі Сапар – жазушының өзі. Сапар ғашық болатын Қарғаштың түптұлғасы (прототипі) – Қаратай Төлегенқызы.

Повесть кейіпкерлерінің бірі Сұлуқия бастауыш мектебінің тәжірибелі мұғалимасы, Зағыфыран Әйтенованың прототипі – Зағыпыран Әйтімова соғыс алдындағы жылдарда, соғыстан кейінгі жылдары Майбалық, Амангелді, Баян, Орталық ауылдарында ұстаздық қызмет атқарған, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеген, баласы Марат – үлкен ғалым, геология ғылымдарының докторы, профессор.

Сафуан Шәймерденов еңбек жолын “Қарғаш” повесінде баяндалғандай, Сұлуқия бастауыш мектебінде мұғалімдіктен бастаған.

“Сөйтіп, мен өзім оқып шыққан бастауыш мектебіме мұғалім болып келдім. Бірақ бала саны бұрынғыдан азайып кеткен. Аз жылға болса да, өнім-өсімді тоқтатқан соғыстың зардабы. Баяғыша төрт класс бар. Ал мұғалім саны екеу-ақ. Бірі – мен, екіншісі – көп жыл бойы бастауыш мектепте сабақ беріп, тәжірибелі мұғалима атанған аласа бойлы, бүйрек бет Зағыфыран Әйтенова. Екінші емес-ау, бірінші – сол. Өзі аласа болғанымен, Сұлуқия бастауыш мектебінің дырдай меңгерушісі. Ал мен болсам, педагогика деп атанған өнер мұхитында оң мен солымды әлі айқын танып болмаған, есіл-дертім Алматы, жоғары оқу орны болып жүрген көк қанатпын. Аудандық оқу бөлімінде де қайқы тұмсық, шалғы мұрт:

– Сұлуқияға біз сені неге жіберіп отырмыз? – деп маған шұқшия төне келіп, – Ана тәжірибелі мұғалімнен үйренсін, тәлім алсын деп жіберіп отырмыз, – деп шегініп кеткен. Міне, сөйтіп, үйренейін, тәлім алайын деп келдім өз ауылыма”.

Жазушының Мемлекеттік сыйлыққа ие болған “Ағалардың алақанында” талай-талай образдардың шоғыры бар.

Әсіресе, “Құйтырқысы жоқ бірқақпайларында” Сафекең бір кездері М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сияқты абзал ағаларының жан жылуын, қамқорлығын, олар жайында естіген, көрген-білгендерін әңгімелей отырып, философиялық түйіндер жасайды.

Сафуан Шәймерденовтің шығармаларына тән ерекшеліктер – оның көркемдік шеберліктің сырын ұғу, кейіпкерлердің іс-әрекеті мен психологиялық құбылыстарын нанымды суреттеу, сюжеттің ширақ дамып, жанды оқиғалармен толысуы, ана тілінің лексикалық байлығын молынан пайдалану деп айтар едік.

1992 жылы Сафуан Шәймерденовтің 70 жасқа келген мерейтойы республика көлемінде аталып өтті. Туған ауылы Амангелдіде өткен тойына Сафуан ағамыз туған елін, жерін көрсету мақсатында аса қадір тұтатын талантты жазушы інілері Қабдеш Жұмаділов пен Төлен Әбдіковті ертіп келіпті. Ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын Сафуан ағамыз өзіне кімнің жазғандары ұнаса, соларды таңдап алған.

Жазушы ағамыздың туған жерін алғаш көрген Қабдеш Жұмаділов: “Бұл – менің Қызылжар өлкесіне бірінші рет келуім. Алған әсерді сұрама: сұлулықтан есім кетті ғой. Қарағайлы қапталдар, ақ қайыңды алқаптар… жасыл-сары түстер кезектесіп, бір әдемі өрнек құрайды. Бұл – классиктер туған өлке ғой”, – депті.

Сол классиктер елінде туып өскен Сафуан ағамыздың тұлғасынан да бір тектілік, сүйекке біткен серілік пен ірілік байқалып тұратын. Қашан көрсең, сол сырбаз да, салқын, салмақты қалпы. Сындардай сұңғақ бойы қандай! Иілмей-бүгілмей, тіп-тік болып жүретін еді…

Жазушының “Сұлуқия” деп суреттегені – өзінің кіндік қаны тамған мекені, солтүстік шығысында – Шырпылы, шығысында – Суаткөл, оңтүстік батысында – Ілия көлдері алқалаған – Ілия ауылы. Ұжымдастыру науқаны кезінде ауыл аты Амангелді болып өзгерді. Сафекеңнің өмірбаяндық деректерінде Амангелді ауылы деп жазылады. Жазушының туған ауылының Ілия аталуы жайында ел арасында екіұдай пікір бар. Біреулер көлде балық аулап жүріп, суға кетіп өлген орыс балықшысы Илья есімімен байланыстырса, енді біреулері Ілия қыздың есімімен байланыстырады. Осы түйткілді сұрақты 1997 жылы Сафуан ағамыз 75 жасқа толу мерейтойына орай ауылға келгенде әңгіме арасында қозғап едім.

– Бұл өзі кезінде ойға келмеген, шынында да, ойланарлық сұрақ екен. Жер-су аттары жайдан-жай қойыла салмайды ғой. Тарихи оқиғаларға, елге, туған жерге ерекше еңбегі сіңген адамдардың есімімен немесе жер бедеріне, ыңғайына қарай қойылады. Көлдің атын балықшы Ильяның есімімен байланыстыру қисынға келмейді. Себебі Илья балықшыға дейін де Ілия аталған көл ғой.

Ал көлдің Ілия қыздың есімімен аталуы әбден мүмкін. Қазақта Ықия, Ұрқия, Ілия есімді қыздардың аттары бар. Әуелде ауыл Ілия ауылы, “Ілия” колхозы деп аталды. Туған жерге әр келген сайын балалық шағымның тірі куәсіндей осы Ілия көліне бір сүңгіп шықпай, туған елге деген сағыныш-мауқым басылмайды. Суына шомылып, қоғасын тартып, көл жағасында ақ тақырда асық ойнаған шақтар еске түседі”, – деген еді ол.

Сафуан ағамыз ауылға келгенде ежелгі әдеті бойынша Отынағаш, Тәуке қыстауындағы ата-баба басына мінәжат етіп, ат басын Көбен қоңырына тірейтін.

Көбен қоңыры – жағалай көмкере қайың, терегі аралас өскен Сафекеңнің кіндік қаны тамған ұядай құтты мекені.

– Ғабиден, Есенғали! (жазушы Ғабиден Құлахметов, қазақтың қара өлеңінің “қасқалдағы” Есенғали Раушанов). Мына балшық үйдің жұрнағын көріп тұрсыңдар ма? Мен осы балшық үйде дүниеге келіппін. Туған үйімнің орнына бір аунайыншы деп, Сафуан ағамыз үстіндегі пенжәгін шешіп лақтырып тастап, балаша домалап, аунап жатыр. Туған жердің құдіреті-ай десейші! Дананы да бала қылып жіберетін!

Кіндік қаны тамған жерде балаша аунап домалап жатқан Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты қазақ көркемсөзінің майталманы сол сәтте туған мекеніне қайта айналып келмесін сезді ме екен?!

Бұл – жазушы ағамыздың туған еліне соңғы сапары еді.

… Дүниені бозамық сәулеге бөктіріп Сұлуқиядан тік асып, ай қалықтап барады. Сансыз жұлдыздар жымыңдайды, бір ауық үйіріліп аққан су сылдыры естілгендей.

Жазушы рухы қасиетті туған жері – Сұлуқиясын желеп-жебеп жүргендей.

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp