«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ — БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында мем­ле­ке­тіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын және ұлттық мүд­демізді қорғауды көздейтін стратегиялық бағытымызды айқындап бер­ді. Жүзеге асырылуға тиіс бастамалар өте ауқымды, олар сын-қа­тер­лерді еңсере отырып, басты мұрат – Жаңа Қазақстанды құруға ба­ғыт­талған. Құндылықтарымызды түбегейлі жаңарту жоғары жауап­кершілікті, бір-бірімізге деген жанашырлықты талап етеді. Мемлекет бас­шысы өз сөзінде: “Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз”, – деді. Қазақтың қай жері болсын киелі, қастерлі. Қожаберген жырау, Се­гіз сері, Тоқсан би, Сәбит Мұқанов, Иван Шухов, биыл мерейтойлары жо­ға­ры деңгейде атап өтіліп жатқан Ғабит Мүсірепов пен Сафуан Шәй­мер­денов сияқты тұлғаларды дүниеге әкелген Жамбыл ауданы ежел­ден батырлар мен ақындар, жазушылар мен жыршылар қонысы саналған.

Ауданның табиғаты шұрайлы әрі әсем. Қайың мен терек аралас өседі. Су айдындары мол. Солтүстігінде Ре­сейдің Қорған облысымен, шығысын­да Мамлют және Есіл, оңтүстігінде Шал ақын және Тимирязев аудан­да­рымен, батысында Қостанай облысы­мен шектесіп, Батыс Сібір жазығының оңтүстігіндегі Есіл мен Обаған өзен­дерінің суайрығы болып есептелетін кең жазықты алып жатыр. Баурайы­нан бақ, байлауынан ат кетпеген құт­ты мекеннің тыныс-тіршілігі ауданның экономикалық әлеуетімен тығыз сабақтас екенін мына деректер анық аңғартады. Былтыр қолайсыз климат­тық жағдайларға қарамастан диқан­дар жақсы өнім жинады. Гектар берекелігі 11,3 центнерден айналып, жалпы астық көлемі 229,8 мың тонна­ны құрады. Нәтижесінде 58439,6 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді.

Тұрғындардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы мен егіншілік. Эконо­ми­калық белсенді халықтың үлесі – 45,6 пайыз. Өткен жылы 6,6 мың тонна ет, 38 мың тонна сүт, 11,4 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Өсім 3,2-10,7 пайыз аралығында. 1367 адам жұмысқа орналастырылды. “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау” қоры арқылы өз ісін ашуға 22 млн. 110 мың теңге мөлшерінде 8 несие бе­рілді. Мәселен, Р.Зарипов деген азамат “Алтын дән” дүкенін ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Демек, еңбек етемін деген адамға мүмкіндік мол деген сөз. Мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктер аз емес. Аяқ­тарынан тік тұрып кеткенше қаржы­лай да, басқа да қолдаулар үзбей көрсетіледі. “Бастау-бизнес” жобасы бойынша 43 адам курс оқып, 16-сы несие рәсімдеді, 84 грант берілді. Қо­ғамдық жұмыстарға 240 адам жібе­ріліп, әлеуметтік жұмыс орындарына 23-і орналасты. “Жастар тәжірибесі” бағдарламасына 18 адам қатысты. 171 отбасыға атаулы әлеуметтік кө­мек тағайындалды. Алда Мемлекет басшысының тапсырмаларына орай әлеуметтік саясатты жетілдіре оты­рып, тұрғындардың өмір сапасын одан әрі жақсарту, кедейлікті азайту міндеті тұр.

“Мысний”, “Ақжар”, “FTK-Агро” се­ріктестіктері астық өндірісін әртарап­тандыруға белсене кіріскен. “Атаме­кен Агро” ЖШС 750 басқа арналған асылтұқымды репродуктор ашты. 237 бас абердин-ангус тұқымды мал әкелінді. “Екпін-3002” ЖШС 2450 бас қойға шақталған ферма ұйымдас­тырып, 2598 бас Шопан ата түлігін сатып алды. “Алисарай ЖШС 600 сиыр сауылатын заманауи сүт ке­шенін тұрғызумен айналысуда. “Жам­был Агро Инвест” шаруашылығы бір мың бас ірі қара бордақыланатын алаңның құрылысын жалғастыруда. Онда сою және консерві цехы бо­лады. Ауданның өнеркәсіп секторын­да 3219,4 млн. теңгенің өнімі шыға­рылып, өнеркәсіптік сипаттағы қыз­мет түрлері көбейді. Шағын және орта бизнеспен айналысушылардың қата­ры артып келеді. “Бизнестің жол кар­тасы – 2025” бағдарламасы шең­бе­рінде гранттық қаржыландыру бағы­ты бойынша “В.Н.Солодушкин” жеке кәсіпкерлігі 1 млн. теңгеге ет сүрлей­тін жабдық сатып алды. “В.Т.Абдре­шова” ЖК-нің ірімшік өндіретін шағын цех ашу жөніндегі өтінімі мақұлдан­ды. “Династия Агро” ЖШС зығыр өңдеумен айналысады. Жылына 3 мың тонна азықтық және техникалық май шығаруға қауқарлы. Оның өнімі­не сұраныс жоғары. “Бастау бизнес” шағын несие беру бағдарламасы шең­берінде жылқы, бау-бақша шаруа­шылығы дамытылады. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы шеңберінде 293,4 млн. теңгенің 5 жобасы қолдау тапты.

Аудан экономикасына инвестиция тартуда да ілгерілеу бар. Бұл көрсет­кіш 10 млрд. теңгеге жетіп, өсу қарқы­ны 119,3 пайыз болды. Президент қаржы саласында өршіп тұрған жа­сан­ды сұранысты, оның ішінде сырт­тан келген сатып алушылардың бел­сенділігінен туындайтын сұранысты азайту міндетін қойды. Бұл орайда жергілікті жерлерде азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Осыған орай көктемгі егіске әзір­лік жұмыстары пысықталып, қажетті жанармай қоры мен ауыл шаруа­шы­лығы техникаларының дайындығына жұмыла кірісіп отырмыз.

Есептік кездесулерде ұялы байла­ныс пен интернетке қатысты сұрақтар жиі қойылады. Көбі сапасының тө­мендігіне шағымданып жатады. 2021 жылы Казанка, Баян, Жаңажол, Жам­был, Буденное, Троицкое елді мекен­дері кең жолақты интернет жүйесімен қамтамасыз етілді. Бұл бағыттағы жұмыстар бәсеңдемейді. Үлкен проблеманың бірі – ауызсу. Аудан орталығындағы су тарату желісіне 1300 үй, 69 ұйым мен кәсіпорын қо­сылған. Преснов топтық су құбырын қайта жаңғырту шеңберінде Троиц­кое, Орталық, Архангелька, Сенжар­каға су жеткізілді. Кладбинка мен Железноеге су құбырлары тартылды. Благовещенкаға су мұнарасы орна­тылды. Преснов топтық су құбыры­нан Ұзынкөл мен Айымжанға су бұру құрылысына қаржы бөлінді. Жобаның құны – 225 млн. теңге. Атқарылып жатқан шараларға қарамастан тір­шілік көзі тапшы ауылдар баршылық. Мәселен, Жаңажол ауылы. Қарақа­мыс ауылына су тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, энергетика және тұрғын үй шаруа­шылығы басқармасының қарауына жіберілді. Осыған ұқсас жағдай Казанкада да орын алған. Бар мәселе қаржыға тіреліп тұр.

Ауылдықтарды жол мәселесі де қатты мазалайды. Әсіресе, қыстың көзі қырауда, жауын-шашынды күн­дері қатынау қиын. Аудан аумағын­дағы 612 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автожол­дар­дың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағылары 85 пайызға жуық. “Нұрлы жол” бағдарламасын жүзеге асыру аясында республикалық бюд­жеттен қарастырылған қаражатқа біраз шаруа тындырылды. Петровка – Жаңажол – Бауман станциясы ав­томобиль жолының учаскесін орташа жөндеу екі жылға есептелген. Майба­лық ауылына кіреберіс 12 шақырым жол қалпына келтірілді. Ведомство­лық сараптаманың оң қорытындысы негізінде бірнеше жоба әзірленді. Биылғы жол жөндеу жоспары да ауқымды.

Білім беру ұйымдарының жағдайы да назарымызда. Бүгінде 29 мектеп болса, 86,2 пайызы – шағын жинақ­талғандар санатында. Оқушы саны­ның азаюына байланысты Калиновка мен Чапаевта бастауыш мектептер жабылды. Ауданда барлығы 686 педагог қызмет етеді. 25 жас маман­ның келгеніне қарамастан матема­тика, ағылшын тілі, орыс тілі мен әде­биеті пәндерінің мұғалімдері, әлеу­меттік педагогтар жетіспейді. Тығы­рық­тан шығудың жолдары тынбай іздестіріліп, балаларды оқытудың тең мүмкіндіктері жан-жақты қарасты­рылған. 6 мектеп жанында интернат жұмыс істейді. 27 елді мекеннен 8 білім ошағына 100-ден астам оқу­шыны жеткізу ұйымдастырылған. Прес­нов мектебі жанындағы интер­нат ғимараты апаттық жағдайда екені ескеріліп, “уақытша отбасы” қанат­қақты жобасы енгізілді. 32 бала отба­сыларға орналастырылды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсыр­масымен Благовещенка мектеп-бөбек­жайында инклюзивті қолдау каби­неті ашылды. Білім сапасы жақсар­туды талап етеді. Былтыр орта мек­тепті 178 түлек бітірсе, 8-і “Алтын бел­гіге”, 5-еуі “Үздік аттестатқа” ие бол­ды. Алайда кей мектептердің жинаған ұпайы 55,1-59 аралығында ғана. 13 түлек 50-ден төмен нәтиже көрсетті.

Денсаулық сақтау мекемелері 28 дәрігермен, 1 провизормен, 132 орта буын медициналық қызметкермен, 1 фармацевтпен қамтамасыз етілгені­мен, Пресновка мен Архангелкада жалпы практика дәрігерлері тапшы. Материалдық-техникалық жағынан жабдықталуында іркіліс жоқ.

Баспанаға деген мұқтаждық бір­тіндеп шешіліп келеді. 7106 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. “Оңтүстіктен – Солтүстікке!” мемле­кет­тік бағдарламасы бойынша қоныс аударушылар үшін 11 жаңа үй сатып алынды. Қайта жаңартудан кейін Қайранкөл ауылында мәдени-дема­лыс орталығы бой көтерді. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 2020 жылы Пресновка ауылында дене шы­нықтыру-сауықтыру кешенінің құры­лысы басталған болатын. Жобаның құны – 284 млн. 222 мың теңге. Өкі­нішке қарай, мердігердің жауапсыз­дығынан “Тойыр” ЖШС-мен жасалған шарт біржақты тәртіпте бұзылды. Қазір сметалық құжаттамаға түзету­лер енгізіліп, жаңа мердігер табу конкурстық рәсімдері аяқталғаннан кейін құрылыс жұмыстары жалға­сатын болады.

Абаттандыру және санитарлық тазалау мәселелері басты назары­мызда. Өйткені есеп беру кезде­су­лер­де жолданатын сұрақтардың көп­шілігі осы салаға қатысты қойылады. Сол себепті “Өңірлерді дамыту” бағ­дарламасы бойынша елді мекендерді абаттандыруға жергілікті қазынадан 43 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде сая­бақтар, балалар алаңдары салы­нады. 22 елді мекенде көше жарық­тандырылмақ.

Руханияттың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке-бірлігіміздің бастауы санала­тын ауыл ырысының ортаймауына, тіршілік базарының тарқамауына, қыж-қыж қайнаған еңбектің ордасына айналуына әркез мүдделіміз.

Марат ЕСКЕНДІРОВ,

Жамбыл ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp