«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңашылдыққа жандары құштар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда 489 оқушы оқиды. Өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берумен айналысатын 59 ұстаздың 10-ы – жас маман. Білім ордасы жұмыс істеп келе жатқан ширек ғасыр уақыт ішінде 25 түлегіміз “Алтын белгіге”, 32 түлегіміз “Ерекше аттестатқа” ие болып, бүгінде олар еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүр. Оқушыларымыз пән олимпиадаларының, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен ғылыми жобалардың жеңімпазы, жүлдегері атанды. Жаңашылдыққа жаны құштар, кәсіби шеберлігі жоғары мұғалімдеріміздің іс-тәжірибелері кеңінен насихатталады. Тарих пәнінің мұғалімі А.Некібаева республикалық “Үздік педагог-2018” байқауының жеңімпазы болса, биология пәнінің мұғалімі К.Балабекова “Үздік педагог-2020” сайысында облыс әкімінің арнайы сыйақысын жеңіп алып, Мағжан Жұмабаев төсбелгісімен марапатталды.

Мектебіміз 2015 жылғы 23 ақпаннан бастап халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шәймерденовтің есімімен аталады. 1994 жылы алғашқы кірпіші қаланған ұлттық білім ошағының құрылысы тоқтап қалғанда атамыздың сол кездегі патриоттық жанашырлығын, сіңірген зор еңбегін еш ұмытпаймыз. Премьер-министр С.Терещенкаға дейін барып, қаржы бөлдірткен. Сөйтіп, осы гимназияның бой көтеруіне, теріскей өңірде ана тіліміздің төрге озуына қозғау салған. Ұстаздар мен оқушылар аяулы жерлесімізді қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қаламы қарымды қаламгер ретінде мақтан тұтады.

Білім ордасы жанынан “Сафуантану” кабинеті жұмыс істейді “Сафуантану” қолданбалы курсы оқу жоспарына енгізілген. Оның негізгі мақсат-міндеті – С.Шәймерденовтің өмірі және шығармашылығымен оқушылардың тереңірек танысуына ықпал жасау, мүмкіндік тудыру, көркем шығармаға сыни тұрғыдан қарауға үйрету, тұлғалық қалыптасуына бағыт-бағдар беру, ұлттық əдебиетімізде қайталанбайтын қолтаңбасын, көркемсөз шеберлігін зерделеу. Жазушының шығармаларын талдап-оқуда заманауи әдіс-тәсілдер қолданылады.

2015 жылдан бастап қалалық жалпы білім беретін қазақ мектептерінің, лицейлердің, гимназиялардың арасында “Көркем сөздің зергері” атты шығармашылық-танымдық іс-шарасын екі кезеңде ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бірінші аталымда үміткерлер қаламгердің прозалық немесе драматургиялық шығармаларынан үзіндіні мәнерлеп жатқа оқиды. Екінші аталым “Сафуан әлеміне саяхат”, “Шығарма арқауы – шынайылық”, “Саян. Сағым. Сағыныш” деп аталады.

“Жастар армандай білу керек, ұлы армандардан ұлы істер туады” деген жазушы көзқарасы әлі өзекті. Әр оқу жылының қорытындысы аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жоғары көрсеткіштерге жеткен сайыскерлерге Сафуан Шәймерденов атындағы қордың президенті Сайын Шәймерден грамоталар мен ақшалай сыйлықтар, сертификаттар тапсырады. Жеңімпаздар қатарында Еркебұлан Сейдуәлиев, Ақшарhат Бозжігіт, Ақерке Орынбекова, Махаббат Мәкішева, тағы басқалары бар. Дилназ Сабырованың “Сафуан шығармаларындағы өгей шеше бейнесі”, Сәлім Нұрайдың “Сафуан әңгімелерін талдау арқылы функционалдық сауаттылықты арттыру” зерттеу жұмыстары жоғары бағаланды. 10-сынып оқушысы Арайлым Сағындықова зерттеу жұмысына “Сафуан Шәймерденов шығармаларындағы отбасы құндылықтары” деген күрделі тақырыпты таңдап алған. Жас зерттеуші “Бір таба нан”, “Көршінің кесірі”, “Жұлынбаған жауқазын” әңгімелерін талдай отырып, қазіргі қазақ қоғамында отбасы құндылықтарының құлдырауға ұшырап бара жатқанына нақты дәлелдер келтіреді.

Мектебіміздің материалдық-техникалық базасы жаңашыл оқу технологияларымен жабдықталған. Кабинеттерге мультимедиялық құрал-жадықтар қойылған. Оқу процесінде инновациялық әдістер мен тәсілдер кеңінен қолданылып келеді. Шығармашылық, пәндік сайыстар мен интернет-жобалар оң нәтижелерін беріп отыр. Гимназия 2014 жылғы және 2019 жылғы “Үздік білім беру ошағы” сайысында жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Ғылыми танымдық және көркем әдебиеттің мол қоры жинақталған кітапхана, спорттық, шығармашылық бағыттағы үйірмелер, педагогикалық, психологиялық қызмет көрсету кабинеттері жұмыс істейді. Халықаралық “Жас ғалым” ғылыми жоба байқауына, “Ғылым әлемін ашамыз” атты халықаралық ғылыми сайысына, Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен халықаралық олимпиадаға, “Халықаралық экология инженерия және педагогика ғылымдары академиясы” қоғамдық қоры ұйымдастыратын “Ұлы дала ұрпақтары” атты республикалық ғылыми жобалар, “Зерде” ғылыми шығармашылық сайысына оқушыларымыз белсене қатысып, жақсы көрсеткіштерге жетіп жүр.

Айнаш ӨТЕГЕНОВА,

С. Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp