«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Рухани жаңғыру” — жаһандық мәнге ие жоба

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Рухани жаңғыру” бағдарламасының бес жылдығына арналған іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысып, жиналғандарға өңір басшысының құттықтау хатын оқып берді.

– Бұл бағдарлама қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш болып отыр. Ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелеуге де септігі мол. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де зерек тұлғаны тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылумен қатар ұлттың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан үздік сананы, озық дәстүрлерімізді, жан-жақты жетілген өнеге-тәжірибені, халықтық өнерімізді жаңғыртқан жөн. Тек рухы биік азаматтары бар елдің ғана іргесі мәңгілік болары хақ, – делінген облыс әкімінің құттықтауында.

2017 жылдың 12 сәуірінде Қазақстан Республикасынының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласы жарыққа шыққан болатын. Ал 26 сәуірде қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртар 6 бағыт айқындалды. Жиын барысында бес жыл ішінде осы бағыттар аясында өңірде атқарылған жұмыс қорытындыланып, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген 18 солтүстікқазақстандыққа облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Алғыс хаты табысталды.

“Қазақ әліпбиінің латын графика­сы­на көшуі”, “Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық”, “Туған жер”, “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы”, “Жаһандық қазақстан­дық мәдениет”, “100 жаңа есім”. Бұл атал­ғандардың барлығы да – “Рухани жаңғыру” бағдарламасының негізгі ба­ғыттары. Осы бағыттардың аясында елі­мізде 5 жылдан бері ұлттық мәде­ниетіміз бен дәстүрімізді, тіліміз бен өнерімізді дамытып, ауылдарға қолдау көрсету үшін көптеген ауқымды жоба­лар іске асырылып келеді. Мәселен, об­лыста “Туған жер” арнайы жобасы ая­сында меценаттардың қолдауымен 1700 іс-шара атқарылды. Осылайша өңі­ріміздің шалғай елді мекендерінде 76 әлеуметтік маңызы бар нысан бой кө­терсе, 680-і күрделі жөндеуден өткен. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясын­да 17,2 млрд. теңгеге 131 жоба іске асты.

– “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы­ның аясында жұмыстар биыл да жалға­сады. Осы жылы 21 білім беру ныса­нын­да жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы соңғы 4 жыл ішінде өңір мектеп­терінің 64 пайызы жөнделді. “Рухани жаңғыру” бағдарламасының тағы бір бағыты – “Киелі жерлер географиясы”. Бұл өңіріміздегі тарихи-мәдени нысан­дар­ды қалпына келтіруге және жөндеу­ге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда облыс­та 33 сакралды нысан бар. Соның 8-і республикалық маңызға ие, – деді Ғани Нығыметов.

Республикалық маңызға ие болған 8 сакралды нысандар қатарына “Абылай хан резиденциясы” музейлік кешені, Қа­расай мен Ағынтай батырлардың ме­мориалды кешендері, Ботай қонысы, Қожаберген батыр, Құлсары батыр ке­сенелері, Айғаным қонысы, алтын мен күмістен жалатылған “Қазақстан жұл­дызы” алтарі және Қызыл оба кесенесі кірген. Қазіргі таңда бұл киелі жерлерге мектеп оқушылары, өңірімізге келген қонақтар мен туристер барып еліміздің бай тарихымен тереңірек таныса ала­ды. Бұл бағыттағы жұмыстарды об­лыстық музей бірлестігі де іске асыра­ды. Онда өңірлік тарихты зерделеу, өлкетану жұмысын жандандыру, тарихи-мәдени мұраны насихаттау бо­йынша бірқатар ірі жобалар айқындал­ған.

Облыстық тарихи-өлкетану музейін­де “Рухани жаңғыру” бағдарламасы іс-шараларының облыстық тізіліміне ен­гізілген бес мұражайлық білім беру жо­басы жұмыс істейді. Олар әртүрлі жұ­мыс түрлерін қамтиды: тарихи экскур­сиялар, этюдтер мен квесттер; инте­рак­тивті дәрістер мен сабақтар; мұра­жай акциялары мен мерекелер; “дөңге­лек үстелдер”, әдеби және поэтикалық кештер. Былтыр Петропавлда “Ботай – Ұлы дала мәдениеті” атты халықара­лық суретшілер симпозиумы өтті.

– Симпозиумда еліміздің әр өңірінен келген дарынды суретшілер бас қосты. Оларға өңіріміздің сакралды орында­рына экскурсия өткізілді. Сондай-ақ Ботай мәдениеті таныстырылды. Кейін олар алған әсерлерін түрлі бояу мен техниканы қолдана отыра, қағаз бетіне түсірді. Бұл суреттер көрмеге қойылды. Жобаның басты мақсаты – Солтүстік Қазақстан облысның бай тарихын жас ұрпақ пен өзге ұлт өкілдеріне таныс­тыру. Жалпы облыстық музей бірлестігі “Рухани жаңғыру” бағдарламасы ая­сында бұдан да басқа ірі жобаларды іске асырды. Және болашаққа да жос­парлары көп, – дейді облыстық музей бірлестігінің директоры Гүлнар Мұқы­шева.

“Рухани жаңғыру” бағдарламасының “Жаһандық әлемдегі заманауи мәде­ниет” арнайы жобасы аясында Самар­қанд қаласында (Өзбекстан) және Ре­сей Федерациясының Қорған облысын­да “Ботай – Ұлы дала мәдениеті” көр­месін ұйымдастыру жоспарлануда.

Іс-шара концерттік кешпен аяқтал­ды. Жергілікті әртістер ән мен жырдан шашу шашып, жиналған қауымның кө­ңілін көтерді.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp