«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕНАТОРДЫҢ ӨҢІРГЕ САПАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болып, өңірлік филиалдың кезектен тыс конференциясына қатысты. Алқалы басқосуда партияның алда тұрған мақсат-міндеттерін түсіндіріп, “Петерфельд-Агро” серіктестігінде, Қызылжар Абай орта мектебінде атқарылып жатқан игі шаралармен танысты.

Қызылжар ауданында орналас­қан “Петерфельд-Агро” ЖШС-ның мал өсірумен және егіншілікпен айналы­сады. 5 мың сиыр сауылады, табын­дардың жартысына жуығы – асыл­тұқымды. Тағы 600 басқа арналған заманауи сүт кешенін ашу жоспар­ланып отыр. 4 мың гектар жерге жемшөп дақылдары егіледі. Әли Әбдікәрімұлы шаруашылық дұрыс бағытта дамып келе жатқанын атап өтті.

– Солтүстік Қазақстан облысында астық өндірісімен қатар мал шаруа­шылығы да дамып, тауарлы-сүт фермаларының көптеп тұрғызылуы қолдауға тұрарлық іс. Оған мемле­кет тарапынан беріліп жатқан же­ңілдіктер өз алдына, инвесторлар­дың қаржылық демеуі де өте маңыз­ды, – деді “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясының жетекшісі серіктестік жұмысшыла­рымен кездесуде.

Серіктестік басшысы Асқар Мә­диевтің айтуынша, өз қаражатына 19 үй салған. Мамандар жетіспейтін­дік­тен, оларды ауылдық жерге тарту мақсатымен әлеуметтік мәселе­лерді жүйелі түрде шешу қолға алынған. Биыл 10 баспана пай­далануға беріліп, орталықтанды­рылған жылыту жүйесіне қосылған. Аулалары асфальтталған. 36 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Артем Косоуров Мамлют ауданы­нан осында жұмыс іздеп келген. Қа­зір бас инженер болып еңбек етеді. Еңбекақысы – 350 мың теңге. Бас­пана беріліпті. Балалары мектепке және балабақшаға барады. Зайыбы да жұмысқа орналасқан.

Парламент Сенатының депутаты Петерфельд ауылындағы Қызыл­жар Абай мектебіне де соқты. 1969 жылы салынған білім ошағы осыдан 3-4 жыл бұрын сенімгерлік басқаруға беріліп, күрделі жөндеуден өткен. Бұл мақсатқа 300 миллион теңге жұм­салған. Заманауи үлгіде қалпы­на келтірілген білім ошағына озық үлгідегі жабдықтар алынған.

– Мектебіміз сенімгерлік басқару­ға берілгеннен кейін іші-сырты ғана өзгеріп қоймай, материалдық-тех­никалық базасы әлдеқайда жаңар­ды, білім сапасы жақсарды. Оқу­шылардың ғылыми үрдіске қызығу­шылығы жоғары. Назарбаев зият­керлік мектебімен, Оқушылар са­райымен тығыз байланыстамыз, – деді мектеп директоры Әділбек Ыс­мағұлов. Бұл білім ошағында қазір 270 бала білім алады.

Облыста “Ауыл” партиясының 15 өкілі түрлі деңгейдегі мәслихат де­путаттары болып сайланып, жемісті еңбек етіп жүргенін айта кеткен жөн. Олардың үшеуі – облыстық, 12-сі аудандық мәслихат мандатын жеңіп алған. Партия атынан 3 адам ауыл әкімі болып сайланған.

Зағифа АХМЕТОВА.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp