«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Халықаралық стандарттарға сай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындығы Солтүстік Қазақстан университеті мен 136 жылдық тарихы бар Аризона қоғамдық ғылыми-зерттеу университеті (АҚШ) арасындағы әріптестік ынтымақтастықтың басты мақсаты халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламаларын әзірлеу, екі тараптың ғылыми әлеуетін тиімді пайдалану болып табылады. Жақында Аризона университеті ректорының орынбасары Лизл Фолкс Қазақстанға жұмыс сапарымен келіп, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановпен кездесіп, жоғары оқу орнына қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады. Ералы Тоғжанов Білім және ғылым министрлігіне осы жылдың қыркүйегінен бастап Аризона университетінің филиалына студенттерді қабылдауға тапсырма берілгенін жеткізді.

– Біз Қазақстанның және М.Қо­зыбаев атындағы университеттің ерекшеліктерімен жақсы таныспыз. Ең алдымен, серіктестеріміздің мә­дениетіне үлкен мән береміз, дәс­түрлі құндылықтарын құрметтейміз. Осы орайда барлық шарт-талаптар оқу жұмысы аясында жүзеге аса­тынын айтқан жөн. Аризона универ­ситетінің басшылығы тек білім сала­сына ғана жауапты. Келіссөздер кезінде осылай келістік. Универси­тетте тәрбие мәселесі жақсы жолға қойылған, оқу-тәрбие бөлімі ректор­дың жеке бақылауында болады. Сондықтан оқу-тәрбие жұмысына араласып, оған өзгерістер енгізудің қажеті жоқ. Біз әлемнің 11 елімен тығыз байланыстамыз. Олардың қатарында Перу, Индонезия, тағы басқа елдер бар. Демек, тәжірибеміз мол деген сөз. Қазақстан – Орта Азия аймағындағы бірінші әріптесі­міз, үйренеріміз де көп болмақ. Алда М.Қозыбаев университетін халық­ара­лық деңгейге көтеру, заманауи зертханалар ашу, академиялық бағ­дарламалар жасау секілді маңызды міндеттер тұр. Осылайша білім ордасын әлемге танытқымыз келеді. Аризона университетіне қазіргі жағдайға жету үшін ондаған жылдар сарп етілді, көп күш жұмсалды, – деді өз сөзінде Лизл ханым.

Қос тараптық ынтымақтастықтың арқасында қазақстандық студент­терге қос диплом алу мүмкіндігі қа­растырылған. Сонымен қатар ака­демиялық ұтқырлық бағдарлама­лары әзірленіп, студенттер жоғары оқу орындарының базасында ғы­лыми зерттеулер мен халықаралық жобалалармен айналыса алады.

Үкімет қабылдаған қаулы бойын­ша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Аризона университетіне сенімгерлік басқа­руға сатып алу құқығынсыз 10 жыл­дан аспайтын мерзімге беріледі. Университеттің жоғары басқару ор­ганы – директорлар кеңесі болып табылады, оны сенімгерлік басқару келісімі бойынша білім беру сала­сындағы уәкілетті орган бекітеді. Директорлар кеңесінің құрамына Білім және ғылым министрлігінің, Аризона университетінің өкілдері, М.Қозыбаев университетінің атқару­шы органының басшысы, Назар­баев университеті және облыс әкім­дігінің өкілдері кіреді. Директорлар кеңесі мүшелерінің құрылымы, құзыреті, құрылу тәртібі, өкілеттік мерзімі, олардың шешім қабылдау тәртібі М.Қозыбаев университетінің жарғысымен белгіленеді.

Аризона университетінің талапта­рына сәйкес жүзеге асырылатын білім беруді қоспағанда, филиалдың қызметі Қазақстан Республика­сының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. М.Қозыбаев универ­ситеті білім беру қызметін Аризона университетінің білім беру бағдар­ламалары негізінде орындайды, оларды аккредиттеу Қазақстан Рес­публикасының аумағында таны­лады.

М.Қозыбаев университетінің білім беру қызметі келесі білім беру деңгейлері бойынша жүзеге асыры­ла­ды: жоғары білім, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру. Қосым­ша (дайындық бөлімі – Foundation) және формальды емес білім беру жүйесі жұмыс істейді. Білім беру қызметін жоспарлау мен ұйымдас­тыру үш тілде (қазақ, ағылшын және орыс) жүргізіледі. Білім беру үрдісі Аризона университетінің профес­сорлық-оқытушылық құрамын және шетелдік мамандарды тарта оты­рып, М.Қозыбаев университе­тінің профессорлық-оқытушылық құра­мы­ның жалпы штатының кемінде 30 мөлшерінде қамтылады. Шетелдік қызметкерлерді басшы лауазым­дарына және оқытушылық қызметке тарту үшін шетелдік жұмыс күшін тар­туға рұқсат алу шарты қажет емес. Білім беру қызметін ұйымдастыру, оқуға қабылдау және білім беру сапасын басқару тәртібі Аризона университетінің білім беру сапасы деңгейінде қарастырылып, М.Қозы­баев университетінің ішкі құжатта­ры­мен реттеледі. Білім беру қыз­метін лицензиялау және аккре­диттеу Аризона университетінің стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Барлық деңгейдегі оқуға қабылдау ережелері М.Қозыбаев универси­тетімен дербес анықталады. Ақылы негіздегі оқу құнын директорлар кеңесі белгілейді. Университет өз қаражаты немесе Қазақстан Рес­пуб­ликасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен білім алушыларға өзге де білім беру гранттарын, стипендиялар мен тө­лемдерді тағайындауға құқылы.

Міне, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енген Үкімет қаулысын­да осындай ұтымды тұстар көп. Аризона университеті ректорының орынбасары Лизл Фолк М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­верситетінің басшылығымен кезде­суде серіктестік мақсаттарының бұлжытпай орындалатынына сен­дірді. Ең бастысы, қазақстандық сту­денттердің халықаралық стандарт­тарға орай сапалы білім алуына, қажетті сұранысқа ие мамандар даярлануына, бизнес, инкубаторлар ашуға үлкен мүмкіндіктер туады.

Дәмел МЕКТЕПБАЕВА,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің инновациялар және интернационалдандыру мәселелері жөніндегі басқарма мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp