«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҒЫНЫҢ ҚАРАҒАЙЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ университетінде оқып жүргенімде жазушы Сәбит Мұқанов тамағын қырнай сөйлейтін мәнерінде кенет студент біздерді жазғыра жөнелсін:

– Ақын, жазушының бірінен соң бірі бұрқырап шығып жатқан жері – ҚазПИ. Әй, осы ҚазГУ – сендердің ортаңнан ондай ешкім көрінбеуі қалай?!

Жарықтықтың екі қолын жая жарқырай күлгені әлі көз алдымда. Сәбеңнің сол сынын әдейі күтіп жүргендей, көп ұзамай алдымен университеттің филология факультетінен жас ақын Зейнолла Қабдолов суырылып шықты. Сонсоң онымен курстас жастардың арасында кекселеу көрінетін отызға тақап қалған ұзынтұра студент Сафуан Шәймерденов проза көгінде жалт етті. “Патриот” деген сөздің мағынасы кең. Отаныңның, туған өлкеңнің, тіпті оқыған оқу орныңның жоқтаушысы болатының табиғи нәрсе. Өз ұшқан ұямыздан қанат қаққан әр талантқа кәдімгідей қуанып, әр басқан қадамын қадағалап жүруге бір жағынан Сәбеңнің жаңағы қайрауы да себепші болды.

Әлбетте, жас қаламның шалыс басқан, мүдіріс кеткен жерлеріне кеңшілік жасала береді. Ал мына екеуі ондай жеңілдікті қажетсінбеді. Әр сөйлемін мінсіз мүсіндейтін Зейнолла, мағыналы ойын дөп түсіретін Сафуан бірден беделді қаламгерлер қатарына қосылды.

Бұл мақала қазір жер басып жүрсе 100 жасқа толатын жазушы Сафуан Шәймерденовке арналғандықтан, ағамыздың туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл (Преснов) ауданының Амангелді ауылы екенін еске сала кеткеніміз артықтық етпес. Армия қатарынан босанған соң аудандық комсомол комитетінің хатшысы болды. Бірақ ауыл жақта, кейін Алматыда жұртқа алғаш атының жаттала бастауы газет қызметінде қалам қайратын көрсете бастағанына байланысты. 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін ойдағыдай бітірген соң республикалық газеттің тілшісі, “Әдебиет және искусство” журналының бөлім меңгерушісі болып істеді.

Меніңше, “Болашаққа жол” романымен бірден беделді жазушылардың қатарына қосылуының себебі, жазу-сызуға ерте төселіп ысылғандығының, журналист қаламының ерте ұшталуының да әсері болса керек. Және университет қабырғасында-ақ жүректі, қайсар жігіт саналды. Кей мұғалім дәріс оқып отырып, сөйлемін дұрыс құрмаса, ол олай емес, бұлайды именбей айтып салатын.

Сафуан Шәймерденовтің елден ерек мінезі, бөлек дене бітіміне дейін ақын Ғафу Қайырбековтің “Сол жыл менің есімде” атты өлеңінде айтарлықтай дәл бейнеленген.

Аттадық әлденеше он жылыңды,

Сол жолда ой қалыңдап, бой бүгілді.

Алпыста романдарын арқалаған,

Сафуан Шәймерденов сол бүгінгі.

Бәрінің әрі інісі, әрі ағайы,

Басылмас арыстандай әлі айғайы.

Иілмес дауыңа да, дауылыңа да,

Сорайған солтүстіктің қарағайы.

Сәкеңнің “Болашаққа жол” (“Инеш”) атты романын Өскемен жақта жүріп оқыдым. Кісі танитыны, адамдардың арақатынасын жазуға жүйріктігі, сол кездің саяси-әлеуметтік ахуалына қанықтығы, социалистік реализм принциптерінен түсінігі кексе жазушылардан еш кем еместігі, ысылған қаламгерлігі көзге ұрып тұрды.

Роман сюжеті мичуриншілер мен антимичуриншілер (генетиктер) арасындағы ғылыми тартысқа құрылған. Біріншілері жеңіп жағымды, екіншілері жеңіліп жағымсыз көрінеді. Міне, осындай жасандылығына қарамастан, шығарманың жастарға берері әлі де мол. Образдық жүйесінің тоқылуы, әсіресе шыншылдығы баурайды. Сафуан кейіпкерлерін мінездеуде бірыңғай ақ, қара бояулардан бойын аулақ салған. Мұның бас кейіпкер Инешке тікелей қатысы бар. Инеш – күрделі характер. Зада деген студент қыз орысшалап оны “мещанка” дейді. Инеш қоғамдық жұмысқа салғырт. Оның үстіне “биологиядағы космополит” Белгіғұловты жақтайды. Қай сөзін де содан бастайды. Оның ақылымен Мичуринді жоққа шығаруға әрекеттенеді. Ал қусирақтау Белгіғұлов зайыбының көзіне шөп салып, Инештің намысын аяғына таптап, Мәскеу жаққа докторлық қорғауға іссапарға рұқсат алып зытып береді. Инеш қай жағынан да опық жейді. Университет бітіргендерді жұмысқа орналастыратын комиссияға, оның ішінде министрдің орынбасарына дейін жеккөрінішті көрініп, аурулы-сырқаулы шешесін күтуге мұрсат ала алмай әрі сүйгені Мәуленнен “қош бол” деген сөз де естімей, алыстағы ауылға мұғалімдікке аттанады…

Бірақ Инештің басына қара бұлт үйірілгені бұл қыздың қасиетсіздігінен деуге аузың бармайды. Ол сүрініп-қабынып жүргенінің өзінде де оқырманға бөлекше әсер қалдырады. Өйткені жаратылысы асыл. Айналасындағылардан, тіпті ақылды досы, үздік оқитын, зерттеуі Мәскеуге ұнап, жүлдегер атанған, комсомол жұмысына белсене қатысатын, өзі де, сөзі де орнықты, кісілігі де жеткілікті Гүлшаттан иығы бәрі­бір асыңқы. Егер Сафуан “Инештің” жалғасын жазса, мичуриншіл Бозжановтың мойны астынан келіп, есесіне генетик Бәліғұловтың, антимичуриндік идеяны қолдаушы Инештің мерейі үстем шыққанын жазуға мәжбүр болар еді. 1964 жылы шындық жеңді. Тұқым қуу мен өзгерткіштердің заңдарын ашатын генетика ілімі қайта өрледі. Алайда мәселе онда да емес. Инеш бейнесінің сүйкімді наздылығы (женственность), табиғилығы, бетің бар, жүзің бар демей, айтып тастайтын шыншылдығы, еркінділігі романның барша кейіпкерінен басым жатыр. Ондай характер адамдарды бір қалыпқа құйғандай етіп тәрбиелеуге құштар кеңес заманының шартына сай келе ала ма?!

Жас жазушының сұңғылалығы Мәулен образының сомдалуынан да аңғарылады. Кешегі майдангер, болашақ философ Мәулен – не қиындықтан сескенбейтін ержүрек жігіт. Альпинистік жорықта басын тәуекелге байлап, курстасы Мұздапаровты құзға құлағалы тұрған жерден аман алып шығады. Әттегені, ержігіт Мәулен күтпеген жерден осалдық көрсетеді. Оның бар адамды бір қалыпқа құйғысы келетін идеология шеңберінен босануға өресі жетіңкіремейді. Гүлшаттай бол деп Инештің намысына тиіп, одан табан астында ауыр сөз естиді.

“ – Мен өз тереземді ол кешкен өмірге бермейтінімді сен ұғын. Мәулен қызып кетті.

– Сенің терезең тозған терезе.

– Жоқ, мәдениет терезесі. Өрең әлі жеткен жоқ оған. Мәдениетсізсің!”.

Бұл жерде мен ұзын диалогтың соңғы бөлігін ғана келтіріп отырмын. Жігіт пен қыздың қандай адам екендіктері сол сөз жарыстыруда белгілі болып қалады. Мәуленнің айтып отырғаны бір жағы дұрыс та секілді. Гүлшат сияқты әрі білімді, әрі төзімді, жан-­жақты маман болған артықтық етпес еді, әрине. Мәулен сүйгеніне өзінше жақсылық тілейді. Бірақ тап-таурын соқпақпен жүргісі келмейтін, өз қалағанынан басқаға бұрылмайтын Инешке ондай жақсылығының құны бес тиын. Инешті Гүлшатқа айналдырғың келе ме? – деп қыз қатты ренжиді. Мәуленнің жетесіздігін мәдениетсіздігіне балайды. Шынында да, Инештің айтып тұрғаны дұрыс. Біреудің көзі жақсы, екіншісінің сөзі жақсы. Ал шын ғашық жан-жағына қарап сұқтанбай таңдағанына біржола берілуі тиіс. Мәуленнің осыны түсінгісі жоқ.

Роман шыншылдық қасиетті көкке көтеріп уағыздайды. Ал шындықты айтудан тайсалмайтын кейіпкер бұл романда тек Инеш қана.

Меніңше, “Болашаққа жол” романы орысшаға аударылғанда “Инеш” аталғаны, кейін қазақшасы да сол атпен жарияланғаны кездейсоқ емес. Инештей кейіпкердің “Болашаққа жолы” өзгеше. Басқаларға ұқсамайды. Инеш стандарт сұрқайылықтан бас тартады. Біркелкі ойлауды машық еткен қоғамда Инеш секілді әрнені өз пікірімен өлшеп пішетін адам сөзсіз сәтсіздікке ұшырамақ. Ал қыздың тағдырына келсек, астарындағы идея біреу: шындықты айту қай қоғамда да опа бермейді…

Инештей кейіпкеріне ғана емес, Сафуан Шәймерденовтің өз азаматтық келбетіне де ұжымдық “мақұлизм” (“одобрямс”) жат болатын. Жұрт жаппай мақтап жатқан шығарманы, оның авторы баспаның бас редакторы, анаусы ЦК-да шенеунік екенін елеместен, Сафуан бірін, сүреңсіз тілі үшін, екіншісін, оқылмайтындығы үшін іреп-сойып мақала бастыртып жүретіні есімде. Инеш характерінің қайтпас қайсарлығын Сафуан өзінен алған секілді көрінеді де тұрады маған.

Сафуанның өзінің көзі жеткен шындықтан қалай да айнымайтыны “Жыл құсы” повесінен де сезіледі. Бұл шығармасы социалистік реализм талаптарына қиғаш келді. Адамға “давай-давай трудись” дегеннен басқа берері жоқ кеңестік тәртіптің тас бауыр мінезін әшкереледі. Сонысы үшін қатты сынға ұшырады. Повестің бас кейіпкері Битабар – алдымен ұлттық характер. Революциядан бұрынғы, одан кейінгі заманда да қазақы тумысымен ерекшеленеді. Аңғал-саңғал жүргенімен, ар-намысын аяққа таптатпайтын адам. Балуан Шолақтай мәрттікті сүйеді. Адамға жат пиғылдан, Бертшек секілді байдың бергенін қайтып алуға дейін баратын дүниеқоңыздықтан, кеңестік басшы Левенштерн сияқты жұмысын істетіп, істетіп алып, аварияға түсіп ұзақ уақыт төсек тартып жатқанда көңілін сұрап бір рет бас сұқпаған қара жүрек қатыгездерден жиренеді. Битабар образының идеялық сөлі – қандай қоғамда өмір сүрсе де, не қиындыққа кезіксе де, адамгершілігін сақтап қалатын қымбат қасиетінде.

Ғафу ақын Сафекеңнің дау-дауылдарында иілмейтін, басын аспандатып ұстайтын мінезіне сүйсінгенде, меніңше, жазушы ағаның сыншылық өнерін мадақ тұтқан болуы керек. Тағы бір інісі, жазушы әріптесі Марал Ысқақбай әнебір жылдары Сафекеңмен сұхбат жүргізеді. Сонда сорайған солтүстіктің қарағайының жаңағы айтылған даукестігінің сыры ашылады. “Кісі жасы ұлғайған соң оқуды азайтады екен” дегеніне қарамастан, Сафуан Шәймерденов әдеби процестің барысына мейлінше қанық екені байқалады. Қазіргі кей қаламгердің “сын жоқты” езе беретіні, жалпы бұл жанрдың барысын қадағаламайды. Өз жұтаңдығын, сынға жаны ашымайтындығын сездіріп қояды. Ал Сафекең аға, орта буын, жас сыншылардың бәрін дерлік оқып отыратыны олардың еңбектерін тәптіштеп талдайтындығынан айқын көрінеді.

Шындықты тайсалмай көзге шұқып айтатын турашыл принцип Сафуан Шәймерденовтің жазушылық кредосына, иланым, сеніміне, сертіне айналғаны даусыз.

Мен тіпті былай деп те айтар едім. Оның сол серті 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ызғарлы күндері, өзі айтпақшы, “халқымыз ұлт ретінде құриын” деп тұрған сағаттарда сынға түсті. Сафуан Шәймерденовтің Қазақстан Жазушылар одағының 1987 жылғы мамыр айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Г.В.Колбиннің қатысуымен өткен пленумындағы пікір­сайыста сөйлеген сөзін мен нағыз Бетбұрыс “манифесіндей” қабылдадым. Жазушының сол сөзі төрт томдық жинағында “В глаза говорю правду” деп аталыпты. Қазір қайта оқығаныңда да манифест стиліне яки күллі қоғамға қаратып жария етілетін үндеуге ұқсайды. Онда әдебиетке идеологиялық басшылық жолы, Желтоқсан оқиғасының сипаты ресми билік нұсқауына мүлде қарама-қарсы, жаңаша рухта талданды.

– Әдебиет ісін, – деді Сафуан Шәймерденов, – қаулы-қарармен жолға қоя алмайсың. Оның айқын мысалы – ВКП(б) Орталық Комитетінің 1946 жылғы атышулы қаулылары. Осы қаулының қаһарынан Анна Ахматова мен Михаил Зощенко тәрізді ұлы жазушылар зардап шекті. Іске алғысыз жылмағай, жылымшы шығармалар, тартыссыздық дейтін теориясымақ дәл осы қаулыдан соң әдебиет егінінде арамшөптей қаптап кетті. Немесе біздің республикамызда әдебиет туралы қабылданған қаулылар салдарынан біз, қазақ, мәңгүртке айналып, өз тарихымыздан, фольклорымыздан, халықтық эпосымыздан бас тарттық. Біз Әуезовтің өзін феодалдық ескі-құсқыға іш тартасың, советтік “бақытты” өмірді бағаламайсың деп қудаладық. Әйтеуір, тұз-дәмі таусылмаған екен, Мәскеуге қашып барып жан сағалады…

Сафекеңнің бұл пікірі әлі жете бағаланған жоқ. Біз тұрсын, Мәскеудің небір жүйріктері кезінде шындықты дәл осылай мәймөңкелетпей, көзге шұқып айта алмады. Сафекеңнің Желтоқсан оқиғасы хақындағы пікірі де сонылығымен ерекшеленді. Жай ғана студенттік демонстрация кенет жастар көтерілісіне айналды. Ол үшін кінәлі – мәмлеге келуге жоқ тоңмойын биліктің өзі. Айттым – бітті, піштім – кесілді деп міз бақпай, сазарып отырып алады. Әншейінде ділмар Колбин ұлықтың аузына құм құйылды. Әділ сөзге қарсы мандытып ештеңе айта алмады.

Пленумнан қайтып бара жатып мен ішкі монологқа берілейін. Тағы да көз алдыма Инеш бейнесі тұра қалды. Бір кезде “Болашаққа жол” тартқанда бекіген сертінде Сафекең тұрды. Мұхаң тағдыр жазып бұл сөзін естігендей болса, ағынан жарыла сүйсінер ме еді:

– Пәлі, Сафуан, сен аспан айналып жерге түссе де бетінен қайтпайтын эпос батыры дәл өзің болдың!

Және Сафекеңнің айтқыштығы қандай…. Оның сөзін кімге ұқсатсам екен? – деп көңіл сарайын аралаймын. Неге екенін, сонда есіме алдымен түскені – Бұқар жырау. Аюдай ақырып тұрған Абылай ханның өзіне, оның саясаты ел мүддесінен қиғаштап бара жатқан жағдайда, жасқанбай қарсы келіп жыр нөсерін төгетін. Ақыры Бұқарекең Абылайды дегеніне көндіріп тынатын. Ал марксшіл-лениншілміз, алдыңғы қатарлы теориямен жасақталғанбыз деп бөсетін кеңестік данышпандар Абылай, Бұқар жырау биігінен де табыла алмай сорлады ғой…

Жазушы, драматург, сыншы, аудармашы, қоғам қайраткері Сафуан Шәймерденовтің елі алдындағы өлшеусіз еңбегі халқы, мемлекеті тарапынан биік бағаланды. Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 1992 жылы Халық жазушысы атағына ие болды.

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,

сыншы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp