«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРКЕН ЖАЙҒАН ӨНДІРІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері және журналистермен бірге Петропавлдағы кәсіпорындардың жұмысымен танысқаны жайлы газетіміздің өткен санында хабарлағанбыз. Бұл мақалада сол шараға толығырақ тоқталмақпыз. Баспасөз турының қатысушылары қалада салынып жатқан экономикалық және әлеуметтік маңыздағы нысандардың жұмысымен танысты.

Баспасөз туры қатысушылары екі автобусқа жайғасып, өндіріс орындарына жеткенше, облыс әкімі Құмар Ақсақалов атқарылып жатқан істер жайлы әңгімеледі. Қонақтар алдымен “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қағаз шығаратын зауытының құрылыс алаңына аялдады. Өңірімізге ғана емес, ел көлемінде танылған компания биыл тың істі қолға алуды жоспарлап отыр.

– Бес жыл бұрын бос тұрған ғимаратты байқап, оны сатып алуға ұсыныс жасадық. Облыс басшылығының қолдауымен бұл жерде жаңа зауыт ашуға бел будық. Бір жарым жылдың ішінде нысанды қалыпқа келтірдік. Ендігі мақсатымыз – тұрмыста қолданылатын қағаз шығару. Полиэтилен қапшықтар экологиямызға кері әсерін тигізіп, қоршаған ортаны ластайтыны бәрімізге мәлім. Бүгіндері Еуропада оның орнын қағаз қапшықтар басуда. Дүкендерде де пайдаланады. Қазақстанда бұл затты жасауды қолға аламыз, – деді “Радуга” ЖШС-ның бас директоры Дмитрий Шарапаев.

Зауытқа қағаз шығаруға арналған қажетті техника жеткізіліпті. Мамандар оны орнатуға кірісіп кеткен. Дмитрий Шарапаевтың сөзінше, кәсіпорын биыл қыркүйек айында ашылады. Негізгі шикізат – макулатура. Ол Қазақстанның түкпір-түкпірінен жеткізіледі, бұдан бөлек, кейбір өнім түрлерін шығаруға сабан пайдаланылады. Баспасөз туры барысында қоғам белсенділері елімізде А4 форматындағы кеңселік қағаздың жеткіліксіздігін алға тартты.

– Бұл жайттан хабардармыз. Кейін зауытымызда сабаннан картон мен А4 форматындағы қағаз шығаруды қолға алмақпыз. Өкінішке қарай, облыста соңғысының аздығы айқын сезіледі. Бүгінгі күні бұл өнім өңірімізге Ресейден жеткізіледі. Сондықтан оны шығару маңызды болып отыр. Алғашында айына А4 қағазының 30 мың бумасын әзірлейміз. Нәтижесінде импорттың 25 пайызын жабамыз деген ой бар, – деген Дмитрий Шарапаев жылына 5 мың тоннаға жуық дайын өнім шығару жоспарланып отырғанын алға тартты.

Қағаз шығару зауытының құны 2,2 млрд. теңгені құрап отырғанын атап өткен жөн. “Қарапайым заттар эконо­микасы” бағдарламасы аясында жү­зеге асырылып отырған жоба “Даму” қоры арқылы субсидияланады. Жаңа өндіріс ошағы ашылған кезде 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Об­лыс әкімі Құмар Ақсақаловтың ай­туынша, “Радуга” серіктестігі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып отыр.

– Пандемия салдарынан жаңа зауыттың уақытында ашылатынына сенген жоқпыз. Алайда биыл каран­тиндік талаптар жеңілдетіп, қажетті техника дер кезінде жетті. 16 контей­нерге тиелген қондырғылар орнаты­лып жатыр. Енді күзде қағаз шығара­тын өндіріс ошағы есігін айқара аша­ды деп сенеміз, – деді Құмар Ірге­байұлы.

“Радуга” серіктестігінің басшылығы көкөністерге арналған жылыжай ке­шенін салуды жоспарлап отырға­нын да жеткізді. Жоба құны – 7 млрд. теңге. Компания тиісті қаражатты “Солтүстік” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан алмақшы. Нәти­жесінде кәсіпорын облыс тұрғын­да­ры­ның 30 пайызын қажетті көкөніспен қамтамасыз етпек.

– Қараша айынан жаз уақытына дейін көкөністер еліміздің оңтүстік аймақтарынан жеткізіледі. Бағасы да қымбаттайды. Ал біздің жылыжы­жай­дың іске қосылуымен өнім құны бір қалыпта болады. Сауда орындарын­да баға негізсіз көтерілмейді. Жалпы біздің кешен 3,7 гектар аумақты қам­тиды. Онда автоматтандырылған жы­лыту және суару жүйесі орнатылады. Жоспарлаған қондырғылардың тең жартысын сатып алдық. Бұл жерде тек өңір тұрғындары жұмыс істейтін болады. Қазірдің өзінде қарамағы­мыз­дағы колледжде жылыжайда еңбек ететін мамандар даярлықтан өтіп жатыр. Студенттеріміз диплом алы­сымен, бізде жұмыс істейді. Ша­мамен 60 шақты жаңа жұмыс орны ашылады, – деді серіктестік бас­шысы.

Пресс-тур қатысушылары М.Қозы­баев Солтүстік Қазақстан универси­тетінің жаңадан салынып жатқан оқу-зертханалық корпусына барды. Зама­науи ғимаратта 70 зертхана болады. Мұнда аграрлық және техникалық бағытта оқып жүрген студенттер тә­жірибелік сабақтарын өткізбек. Жоға­ры оқу орнының ректоры Ерлан Шу­ла­новтың айтуынша, алдағы оқу жы­лында университет кей мамандықтар бойынша 2 дипломдық жүйеге көше­ді. Білім ошағының түлектері Аризона университетімен әріптестік байла­ныс­тың арқасында шетелдік дип­ломға ие болады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов осы маңда оқу кампу­сы­ның құрылысын бастау жоспары бар екенін жеткізді.

– Университеттің жанында жеке тұрғын үй секторы бар. Алдағы уа­қытта ондағы ескі үйлерді сүріп, ор­нына университеттің кампусын тұр­ғызуды ойластырып жатырмыз. Әри­не, ол бір жылдың ішінде істелетін жұ­мыс емес, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңірдегі озық жобалардың бірі – “Петропавл электртехникалық зауы­ты”. Биыл ашылған өндіріс ошағының жұмысымен “Alageum Group” компа­ниясының бас директоры Серғазы Күнтуаров таныстырды.

– 2022 жылдың соңына дейін 4 мың трансформатор шығаруды жоспар­лап отырмыз. Әзірге зауытымызда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтыл­ған. Дені – Алматы, Шымкент, Кен­таудағы филиалдардан келген қыз­мет­керлер. Сондай-ақ “Серпін” бағ­дарламасының түлектері де екі қолға бір күрек тауып отыр. Келер жылдан бастап, зауытымыздың қуатын артты­рып, трансформатордың 13 мың да­на­сын құрастырмақ ойымыз бар. Ал жұмысшылар санын 350-ге дейін жет­кізбекпіз. Өніміміздің 90 пайыздан ас­тамын экспортқа шығарамыз. Қалға­нын жергілікті нарықта саудалаймыз, – деді Серғазы Нұртазаұлы.

“Петропавл электртехникалық за­уы­ты” жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына да ерекше мән беріп отыр. Отбасында 4-6 баласы барлар­ға көтерме ақы қарастырылған. Биыл кәсіпорын басшылығын қаладағы ескі ғимаратты жаңартып, ондағы пәтерлерге 40 отбасы қоныстанды. Бұл мақсатқа зауыт 650 млн. теңге қаржы жұмсаған. Бұдан бөлек, қазіргі уа­қыт­та Петропавлда компания қызметкер­леріне арналған 104 пәтерлік көп­қабатты үй тұрғызылып жатыр.

Пресс-тур соңында облыс әкімі Құ­мар Ақсақалов өңірде бос тұрған 300 мың шаршы метр өндірістік ғимарат болғанын, бүгіндері соның тең жарты­сына инвесторлар табылып, жаңадан өндіріс ашуға мүмкіндік жасалғанын айтты. Өңір басшысы машинажасау кәсіпорындарының биылғы жоспар­ла­рымен де бөлісті. Мәселен, “Мұ­най­маш” зауыты жыл соңына дейін 5,5 млрд. теңге, “ЗИКСТО” – 20 млрд. тең­ге, Киров атындағы зауыт – 11 млрд. теңгенің тауарын шығармақ. “Class” концернінің филиалы былтыр 92 комбайн құрастырса, осы жылы 150 комбайн мен 30 егіс кешенін жа­сау­ды жоспарлап отырғанын атап өтті.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp