Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет көліктік бақылау инспекциясының мамандары үшін “ЕС-164/1” түзету мекемесіне экскурсия ұйымдастырды.
“Түзету терапиясы” деп аталған маңызды іс-шара коронавирус індетіне байланысты тоқтап қалған болатын. Енді қайта жанданды. Таңдаудың көліктік бақылау инспекциясына түсуі негізсіз емес. Былтыр бұл ұйымда сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін екі қызметкер сотталды. Екеуі де пара алғаны үшін әрқайсысы 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бірінші тоқсанда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, көз қысты, бармақ басты әрекетке жол беретін 25 факт анықталды.
– Біздің қызмет жазалауды емес, қылмыстарды болдырмауды, алдын алуды басты мақсат етеді. Жасалған қылмыстардың ақыры қандай қайғылы жағдайларға ұрындыратынын көріп, қалыптасқан теріс үрдісті тоқтатады деген сенім мол, – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.
Темір тордың арғы жағындағы тіршілікпен танысқандар қамаудағылардың жатын орындарын аралап көрді. Тар дәліздерден өтіп, серуендеуге арналған камерада таза ауамен тыныстап, күніне бір ақ рет осы мүмкіндікке ие болатын сотталғандардың жай-күйін бастарынан кешіргендей болды.
Экскурсия барысында тергеу изоляторының бастығы Рүстем Сағденов бүгінгі таңда 500 адамға шақталған мекеменің тек жартысына сотталғандардың орналастырылғанын, жеңіл ақша тапқысы келіп, ала жіпті аттағандарға орындар жеткілікті екенін атап өтті.
Сөз соңында Нұрлан Серікұлы сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін жасағаны үшін айыпталған шенеуніктер атқарып отырған қызметтері мен дәрежесіне қарамастан, заңның талабы бойынша қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы.