«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бір үй — бір есепшот

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде 1 шілдеге дейін көппәтерлі тұрғын үйлер басқарудың жаңа жүйесіне көшуі тиіс. Бұл реформаға сәйкес “бір үй – бір бірлестік – бір есепшот” қағидаты бойынша меншік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестіктер құрылып, қаражаттың түсуі мен жұмсалуының ашықтығы қамтамасыз етілмек. Жаңашылдық жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Оған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов, Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Аслан Ілиясов және пәтер иелері кооперативі қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков қатысты.

– Көппәтерлі тұрғын үй секторы – маңызды сала. Заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген сәттен бастап, біз Петропавлда меншік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестіктер – басқарудың жаңа нысандарын құру бойынша жұмысты қолға алдық. Пәтер иелері кооперативінен басты артықшылығы – нақты бір үйге бір шот ашылады. Яғни, тұрғындар жинаған қаражат тек олардың ортақ мүлкіне ғана жұмсалады, – дейді Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Аслан Ілиясов.

Бүгінгі күні қала аумағында 1070 көппәтерлі тұрғын үй бар, олардың 794-і қазірдің өзінде басқарудың жаңа формасына көшкен. 123 көппәтерлі үй меншік иелерінің бірлестігіне, 671-і – жай серіктестіктерге біріккен. 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалған үйлер басқарудың жаңа формаларының бірін таңдауы керек.

Басқарудың жаңа тәртібіне көшпеген көппәтерлі үйлер күрделі жөндеу жүргізу үшін 2020-2025 жылдарға арналған “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасына қатыса алмайды. “Тұрғын үй қатынастары туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Петропавл қаласының әкімдігі кондоминиум нысанының ортақ мүлкін басқару және күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстардың ең аз мөлшерін бекітті, Петропавл қаласы бойынша биылға әр шаршы метрге 34 теңге болмақ, – деді Аслан Ілиясов.

Облыс бойынша 1837 көппәтерлі тұрғын үй бар, соның 685-і аудандарда орналасқан. Облыс бойынша 84 пайызы басқарудың жаңа жүйесіне көшуі тиіс. Қалған 292 көппәтерлі тұрғын үй кіші габаритті, 4 пәтерлі, апаттық деп танылған үйлер немесе коммуналдық меншікте болғандықтан оларда құрылмайды.

– Реформаны жүзеге асыру басталғаннан бері облыста басқарудың 1269 жаңа нысаны құрылды немесе 82 пайызы көшті. Соның ішінде Петропавлда – 123, Мамлютка ауданында – 15, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 1 және Тайынша ауданында – 2 көппәтерлі үй меншік иелерінің бірлестігін және 1128-і жай серіктестікті таңдады. Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа түрлеріне толық көшіру бойынша жол картасы бекітілді. Сонымен бірге аудандар және қала әкімдіктері кондоминиум нысандарын басқарудың құрылған жаңа нысандарын “Easy project” жүйесіне енгізу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp