«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДА КАДР ТАПШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымызға екі күндік жұмыс сапарымен денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келді. Алғашқы күні ол ауылды жердегі медициналық мекемелердің қызметімен танысу мақсатында Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Қарағоға” шекаралық бекетінде болды. Онда министр пандемия кезінде карантиндік талаптардың сақталуы маңызды екенін атап өтті.

Алдымен Ажар Ғиниятқызы Қызылжар ауданындағы Знаменское ауылының дәрігерлік амбулаториясына ат басын бұрды. Бүгіндері онда науқастарға жалпы тәжірибедегі 2 дәрігер, 5 орта буын 2 кіші буын маманы қызмет етеді. Денсаулық сақтау мекемесі төрт төсек орынға шақталған, күніне ақ халаттылар 17 тұрғынды қабылдай алады. Елді мекенде 3360 азамат тұрады, оның 455-і диспансерлік есепте екенін атап өткен жөн. Министр медицина саласы қызметкерлерімен тілдесіп, олардың еңбек жағдайлары туралы сұрастырды.

Облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 530 нысан жұмыс істеп тұр. Бұл елдегі алғашқы көмек көрсететін барлық ұйымның 10 пайызын құрайды. Олардың 4-уі облыс орталығында орналасса, 526-сы өңір ауылдарында шоғырланған. Өкінішке қарай, осы әлеуметтік маңыздағы ғимараттардың 74,8 пайызының тозығы жеткен.

– Облыс басшылығы ауылдағы медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жақсартуға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлуі қажет. Әрине, елді мекендердегі денсаулық сақтау мекемелері де қаладағыдай баршаға қолжетімді болуы маңызды, – деген Ажар Ғиниятқызы, ауылдағы ағайынға кәсіби тексерулер тізбесін кеңейту, скринингтердің қолжетімділігін арттыру, ауылдық медицина қызметтеріне бірқатар тарифтерді арттыру бойынша жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, бұл шаралар, сақтандырылмаған халықты қоса алғанда, ауыл тұрғындарын кәсіби тексерулермен қамтуды ұлғайтуға, нәтижесінде созылмалы аурулардың және асқынған жағдайлардың өсуін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ министр жылжымалы медициналық кешендердің жұмысымен де танысты. Қазіргі күні өңірде мұндай он қосын бар. Былтыр ақ халатты абзал жандар облыстағы 270-тен астам ауылға барып, 36 мыңға жуық солтүстікқазақстандықтың денсаулығын тексерді.

Кейін Ажар Ғиниятқызы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай ауылының медициналық пунктінде болды. Орталық 150 жергілікті тұрғынға қызмет көрсетеді. Министр күндізгі стационарда жатқан азаматтардың хал-жағдайын сұрастырып, олардың ұсыныстарын тыңдады. Бұған қоса елордалық мейман аудандағы “Қарағоға” шекаралық бекетінде де болды. Пандемия басталғалы онда мамандар каратиндік талаптарды сақтай отырып, жұмыс істеп келеді.

– Солтүстік Қазақстан облысы Ресейдің бірқатар өңірлерімен шектеседі. Сондықтан індетті шеттен әкелудің қаупі жоғары. Мамандарымыз мұқият болып, барлық карантиндік талаптарды сақтай отыра қызмет етуі керек, – деді денсаулық сақтау министрі.

Министр Мағжан Жұмабаев аудандық аураханасының жұмысымен де танысты. 2014 жылы салынған ғимарат бір ауысымда 250 келушіні қабылдай алады. Алты бөлімшеден тұратын емдеу мекемесі 95 төсек орынға шақталған. Ұжымда 520 қызметкер, оның ішінде 39 дәрігер бар. Одан соң Ажар Ғиниятқызы дәрігерлермен және жергілікті аудан орталығының тұрғындарымен кездесті.

– Ауылдағы адамдарға медициналық көмек алу қолжетімді болуы керек. Аудандық ауруханаларда травматология және перинатология орталықтарын ашу да – өзекті мәселе, – деді елордалық мейман.

Келесі күні министр Петропавлдағы денсаулық сақтау мекемелерін аралады. Алғашқы аялдаған нысан – №3 қалалық емхана. Емдеу мекемесі облыста алғашқылардың бірі болып цифрландыру жүйесіне қосылған.

– Емханамызға 72 мыңға жуық қала тұрғыны тіркелген. Күніне дәрігерлеріміз 500 азаматты қабылдай алады. Биыл үш айдың ішінде амбулаторлық көмекке 735 адам жүгінді. Ұжымда 538 білікті маман қызмет атқаруда. Мұнда бір күнде вакциналаудан орта есеппен 100 петропавлдық өтеді, – деді №3 қалалық емхананың бас дәрігері Асхат Өтебаев.

Ажар Ғиният емхананы аралап, мамандардан денсаулық сақтау мекемесінің негізгі мәселелері туралы сұрап білді. Бүгіндері медициналық орталықта кадр тапшылығы байқалады. 14 маман жетіспейді, оның 5-уі учаскелік дәрігерлер екен.

Денсаулық сақтау министрі облыс орталығындағы “№7” әлеуметтік дәріханасының жұмысымен де танысты. Фармацевт мамандардың айтуынша, дәрі жетіспеушілігі Петропавлда тіркелмеген. Шетелден және еліміздің өзге облыстарынан дәрі-дәрмек уақтылы жеткізіледі.

Кейін Ажар Ғиниятқызы өңірімізде дәрі-дәрмекті сақтайтын “Аманат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоймасында болды. Жергілікті филиалда 3 емдеу препаратының 3 жарым мыңға жуық түрі бар.

– Қоймамызға күн сайын дәрі-дәрмек жеткізіледі. Қызметкерлеріміз оларды сұрыптап, өзге бөлімдерге апарады. Суықта сақталатындары арнайы тоңазытқыш камераларына қойылады. Жалпы ұжымда 46 адам еңбек етеді. Біздің қордан дәрілер аудандардағы дәріханаларға жөнелтіледі, – деген “Аманат” кәсіпорны облыстық филиалының директоры Надежда Шелема төтенше жағдай режімі кезінде де дәрі-дәрмек уақтылы елді мекендерге жіберілгенін алға тартты.

Облыстық көпсалалы ауруханасы 800 төсек орынға шақталған. Министр алғашқы медициналық көмек көрсететін бөлімшеге бас сұғып, ауыр халде жатқан науқастардың палаталарын аралады. Сондай-ақ былтыр денсаулық сақтау мекемесінде ашылған ангиография бөліміне барды.

– Өткен жылы нейрохирургиялық қондырғыны сатып алдық. Бүгіндері оның көмегімен 511 адамға ота жасалды. Әрине, жаңа медициналық құрылғылардың арқасында өңір тұрғындары өзге қалаларға бармай-ақ, қажетті ем-дом қабылдай алады, – деді облыстық көпсалалы аураханасы ангиография бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Руцкий.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов өңірге реаниматолог-дәрігерлер аса қажет болып отырғанын алға тартты.

– Бүгіндері облыста 42 реаниматолог-дәрігер бар. Әлі де 36 маман жетіспей отыр. Біз өңірімізден арнайы делегация құрып, еліміздің барлық медициналық орындарына барып келдік. Нәтижесінде биыл жоғары оқу орындарын бітірген 131 түлекті аймағымызға әкеліп, жұмысқа орналастыру туралы келісімшарт жасастық. Оның 12-сі реаниматолог, – деді Нұрлан Айманов.

Министр Ажар Ғиниятқызы бұл мәселе өзге облыстарда да тіркелгенін алға тартты. Оның сөзінше, ел бойынша 3900-ге жуық дәрігер маман жетіспейді.

– 2020 жылы облысқа 40-тан астам жас маман келді. Былтыр 50-ге тарта дәрігер қызметке орналасты. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табады. Әрине, өзге аймақтардан келетін медицина саласының өкілдеріне жергілікті билік жағдай жасауы шарт. Ең біріншіден, оларды тұрғын үймен қамтып, көтермеақылар берілуі керек. Жалпы осы жылы 5 мыңнан астам студент оқуын аяқтайды. Мұны әкімдік назарда ұстауы керек, – деген Ажар Ғиниятқызы барлық сұрақтардың оңтайлы шешілуін Денсаулық сақтау министрлігі назарда ұстайтынын мәлім етті.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp